Қосанов мемориалына шетелдің бірнеше танымал атлеті қатысады

23.06.2017

Бек Төлеуов  
102
 Қосанов мемориалына шетелдің бірнеше танымал атлеті қатысады 24 сәуір, Қытай. Тұғырда Азия Гран-приінің жүлдегерлері. Ольга Сафронова, Виктория Зябкина, Дыюти Чанд (солдан оңға қарай) – үш спортшысы да Қосанов мемориалына қатысады

Жеңіл атлетикадан дәстүрлі халықаралық  Ғұсман Қосанов мемориалы 24-25 маусым күні Алматыда өтеді. Осымен XXVII рет ұйымдастырылып отырған жарысқа Қазақстан құрамасының көшбасшылары және шетелдік танымал атлеттер қатысады.

Бәсекелестік жоғары болмақ

Қосанов мемориалына Қазақстан, Өзбекстан, Иран, Үндістан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Украина, Ауғанстан, Сирия, Малайзия, Кения және Бахрейн секілді 13 елдің спортшылары қатысады.  Халықаралық додада жеңіл атлетиканың 34 түрінен медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Көптеген сайыс түрінен қазақстандық атлеттерді сырттан келген спортшылар тарапынан жоғары бәсекелестік күтіп тұрғаны жасырын емес.

Бұған дейін 12-14 маусым күні өткен Қазақстанның ашық чемпионатында Малайзия мен Кения спортшылары Қосанов мемориалына дайындық ретінде қатысқан еді. Олар сол кезде сайыстың бес түрінен өздерінің бақтарын сынап көрді және барлығында жеңіске жетті. Әйелдер арасында ұзындыққа секіруде малайзиялық Надие Шахидатунға тең келер ешкім болмады. Ал үш қарғып секіруде оның отандасы Киртхана Рамасами үздік шықты.5000 метрге жүгіруде кениялық Каралоин Кипкирукинің көрсеткіші әлем чемпионатының нормативінен асып түсті. Ерлер арасында үш қарғып секіруден тағы бір малайзиялық Исмаил Хакими қарсыластарын қапы қалдырып кетсе, 5000 метрге жүгіруде кениялық 17 жастағы стайер Чадрак Коеч чемпион атанды.

Мемориалдың басты фавориттері

Осы жерде сырттан келген атлеттердің ішінде кімдерге назар аудару керек? деген заңды сұрақ туатыны анық. Мысалы, 200 метрге жүгіруде басты фаворит Бахрейн спортшысы Еид Ягуб Салем. Ол 2016 жылы осы қашықтықта Мемориалдың  рекордың тіркеген болатын – 20.43 сек.

Иран құрамасы сапында 100 метрге жүгіруден былтырғы жеңімпаз Реза Хаземи бар. Ирандық спринтер 2016 жылы бұл қашықтықты 10.27 секундта бағындырған еді.

Егер Алматыдағы жарыстың рекордсмендерін тізетін болсақ, үндістандық Шарма Алкита (ұзындыққа секіру), 2015 жылы болашақ Олимпиада чемпионы тәжікстандық Дильшод Назаровтың өзің ұтып кеткен өзбек Сухроб Ходжаев (балға лақтыру), бар. Әйелдерден Үндістанның үздік атлеттерінің бірі Дьюти Чанд қатысады. Ол 100 және 200 метрге жүгіреді.

Қазақстан құрамасы сапынан отандық танымал атлеттер өнер көрсетеді. Олардың қатарында үш дүркін бүкіләлемдік Универсиада ойындарының чемпионы Виктория Зябкина (100 және 200 метрге жүгіру, эстафета), 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Ольга Сафронова (100 және 200 метрге жүгіру, эстафета),  2017 жылы Азия Гран-приінің кезеңдерін ұтқан Әйгерім Шыназбекова (100 метрге кедергілер арқылы жүгіру) менЭлина Михина (400 метрге жүгіру), әр жылдары Азия чемпионы болған Роман Валиев пен Евгений Эктов (үш қарғып секіру), 2015 жылғы бүкіләлемдік Универсиада ойындарының чемпионы Никита Филиппов (сырықпен секіру) және т.б спортшылар бар.

Ғ.Қосанов мемориалының алғашқы жеңімпаздары 24 маусым күні кешкісін анықталады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі сағат 17:00-де басталады.

Тізімге қайта оралу