XXVIII Ғ.Қосанов Мемориалы» халықаралық жарысы

Есептегіш

11

Күн
Алматы

Тегерандағы Азия чемпионатында кімдерге үміт арта аламыз?

07.01.2018

221
 Тегерандағы Азия чемпионатында кімдерге үміт арта аламыз?

Жеңіл атлетикадан жақын арада өтетін ең ірі халықаралық жарыс деп, жабық кешендегі Азия чемпионатын айтуға болады. Еліміздің жеңіл атлетика құрамасы қазіргі кезде осы додаға дайындалып жатыр.

Биыл Азия чемпионаты 1-3 ақпан аралығында Иран астанасы Тегеран қаласында өтеді.

Оған дейін ұлттық құрама мүшелері 8-21 қаңтар аралығында Өскемен қаласында жаттығады. Шығыс Қазақстан облысында спортшылар үш бірдей жарысқа қатысады. Алдымен 10-11 қаңтар күндері Қазақстан кубогына, 15-17 қаңтар аралығында Қазақстан чемпионатына және 20 қаңтарда Олимпиада чемпионы Рыпакованың жүлдесіне арналған халықаралық турнирге қатысады.

Азия чемпионатының бағдарламасы

Енді Азия чемпионатының жарыс бағдарламасына тоқталсақ. Иранда ерлер және әйелдер 13 сайыс түрінен сынға түседі. Яғни  60, 400, 800, 1500 және 3000 метрге жүгіру, 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру, 4х400 метрлік эстафета, секірудің барлық түрлері (ұзындыққа, биіктікке, үш қарғып және сырықпен секіру), ядро серпу, бессайыс (әйелдер), жетісайыстан (ерлер) медальдар сарапқа салынады.

Кімдерге үміт арта аламыз?

60 метрге жүгіру – ерлерден қарағандылық Владислав Григорьевтің, әйелдерден Виктория Зябкинаның бәсі жоғары. Әсіресе, Зябкинаға үлкен үміт артылады. Ол бұған дейін жабық кешендегі Азия чемпионаты мен Азия ойындарында жеңіске жетіп үлгерген. Тәжірибесі мол. Қысқы маусымдағы жарыстарға ұлттық құраманың тағы бір көшбасшысы Ольга Сафронова қатыса алмайды. Оның орнын Рима  Кашафутдинова басуы мүмкін.

Айта кетейік, бір сайыс түрінен әрбір мемлекеттен 2 спортшы ғана қатыса алады.

400 метрге жүгіру – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Михаил Литвин қазіргі кезде құраманың көшбасшысы. Ол Ашхабадта өткен Азия ойындарында жеке рекордын жаңартты – 46,51 секунд. Соның арқасында қола жүлдегер атанды.

Әйелдерден Элина Михина Түркіменстан астанасында чемпион атанған болатын. Сондықтан құрама бапкерлері бірінші кезекте Михинаға сенім артатын шығар. Ал екінші жолдамаға Светлана Голендова мен Юлия Рахманова үміткер.

 4х400 метрлік эстафета – әйелдер құрамасынан тек бас жүлде күтіледі. Қыздардан  құралатын төртіктің құрамында Зябкина, Михина, Голендова, Рахманова жүгіруі тиіс.

Ерлерден құрама толық жасақталып үлгерген жоқ. Негізінен Михаил Литвин, Игорь Кондратьев, Дмитрий Коблов, Андрей Соколов төрттігі негізгі кандидат деп айтуға болады.

Секіру сайысының серкелері

2017 жылы Ашхабадтағы Азия ойындарына Ольга Рыпакова үш қарғып және ұзындыққа секіруден қатысып, екі алтын жеңіп алып еді. Бірақ биылғы қысқы маусымдағы жарыстарға Олимпиада чемпионы қатыспайды. Дегенмен Тегеранда үш қарғып секіруден алтын Қазақстан спортшыларына бұйыруы тиіс. Әзірге екі орынға үш спортшы үміткер. Олар – Мария Овчинникова (Қарағанды облысы) және Ирина мен Екатерина Эктовалар (СҚО).

Ал ұзындыққа секіруден 19 жастағы Овчинникова өнер көрсетуі мүмкін. Қарағандылық спортшы өткен жылы маусым айында жеке рекордын жаңартқан болатын – 6,13 метр.

Ерлерден жүлде әкеледі деп сырықпен секіруші Никита Филипповті айтуға болады. Ол 2015 жылы Универсиада ойындарында чемпион атанған.

Ашхабадтағы Азия ойындарының чемпионы Сергей Григорьев қысқы маусымдағы жарыстарға қатыспайды.

Иванов – Түркіменстандағы нәтижесін қайталауы тиіс!

Ядро серпуден 2017 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, жабық кешендегі Азия ойындарының чемпионы Иван Иванов қысқы маусымға белсенді дайындық жүргізіп жатыр. Ол үш ай Португалияда жаттығып келді. Енді ол Тегераннан тек бас жүлдемен оралуы керек.

Тізімге қайта оралу