Altay Jumping Party – жанкүйерлерге қуаныш сыйлаған спорт кеші

07.06.2018

86
Altay Jumping Party – жанкүйерлерге қуаныш сыйлаған спорт кеші

Жеңіл атлетикадан әр түрлі деңгейдегі жарыстар көбейіп келеді. Бұл «Спорт падишасының» жанкүйерлерін қуантатыны анық. Жақында Өскемен қаласында сырықпен секіруден Altay Jumping Party шоу түріндегі сайыс өтті.

Шығыс Қазақстан облысының орталыгындағы Республика алаңында Беларусь, Қазақстан, Түркия мен Украинаның 7 спортшысы бақ сынады. Олардың арасында беларусь Владислав Чемармазович топ жарды. Чемпион 5.55 метрді бағындырып, 2018 жылғы Еуропа чемпионатының нормативін орындады. Екінші орын қазақстандық Сергей Григорьевке бұйырды (5.30 м). Үздік үштікті түркиялық Альдемир Илькай қорытындылады (5.20 м).

Сырықпен секіру жарысы шоу түрінде өтті. Жанкүйерлер спортшыларды белсенді түрде қолдап, оларға ден беріп отырды. Көңілді музыка ойнап, кәсби жүргізушілер шоудың көркін қыздырды.

 Бүгін жарыс өте қызықты өтті. Бізге осындай шоу түріндегі сайыстар керек-ақ. Өйткені, жеңіл атлетикаға қызығатын жанкүйерлер көп. Бірақ олардың көретін жарыстары аз. Сондықтан бүгінгі жарыс осы бір олқылықтың орнын азда болсын толтырды деп ойлаймын. Жанкүйерлер спортшыларды қызу қолдап, мотивация беріп отырды. Көрермендер біз үшін уайымдап, алаңдағандарын байқадым. Оның бәрі жақсы әсер сыйлайтыны анық. Қазақстанда сырықпен секіруді көпшілік біле бермейді. Меніңше, сырықпен секіру – жеңіл атлетикадағы ең тартысты дисциплинаның бірі, – дейді жас алматылық спортшы Иван Христенко.

Ұйымдастырушылар барлық қатысушылар естелік сыйлық пен медальдар тапсырды. Жеңімпазға 150 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Екінші орын 100 мың, үшінші орын 70 мың теңге алды.

Тізімге қайта оралу