XXVIII Ғ.Қосанов Мемориалы» халықаралық жарысы

Есептегіш

11

Күн
Алматы

Ашхабад-2017: Жеңіл атлеттер жалпы командалық есепте бірінші орында тұр

19.09.2017

Бек Төлеуов  
217
Ашхабад-2017: Жеңіл атлеттер жалпы командалық есепте бірінші орында тұр

Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі Азия ойындарының алғашқы жарыс күні қазақстандық жеңіл атлеттер үшін сәтті басталды.

18 қыркүйек күні Қазақстан атлеттері 3 алтын, бір қола медаль жеңіп алды. Чемпион атанғандардың қатарында Ольга Рыпакова (ұзындыққа секіру), Иван Иванов (ядро серпу), Сергей Григорьев (сырықпен секіру) бар.

Алматы облысының тумасы 25 жастағы Иван Иванов ядро серпуден ешкімге деас бермеді. Иванның Ашхабадтағы ең жоғары көрсеткіші 19,60 метр болды. Бұл нәтижесінің арқасында ол Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды сыйлады. Жерлесіміз 2017 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Теджиндер Синхты басып озды. Үндістандық атлет Ашхабадта 19,26 метрден әрі асыра алмады.  Үшінші орын Оңтүстік Кореядан келген Джун Ильвуға (19,24 м) бұйырды.

Сырықпен секіруден 2017 жылғы Универсиада ойындарының күміс жүлдегері Сергей Григорьев чемпион атанды. Ол бірінші мүмкіндігінде-ақ 5,40 метрге секіріп, қарсыластарын қапы қалдырып кетті. Күміс жүлдеге Таиландтан келген Порранот Пурахон ие болды. Ол өзінің отандасы Патсапонг Амсам-Ангтан қосымша көрсеткіштер бойынша басым түсті. Әйтпесе екеуі де 5,20 метрге секірген еді.

Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова Ашхабадтағы Азия ойындарына ұзындыққа секіруден және үш қарғып секіруден қатысатынын мәлімдеген болатын. Рыпакова жарыстың алғашқы күнінде ұзындыққа секіруден бақ сынап, жеңіске жетті. Өскемендік атлет Ашхабадта 6,43 метрге секірді. Екінші орынға Вьетнамнан келген Тхи Тху Тхао Бу тұрақтады. Бұл спортшы бұған дейін 6,68 метрге секіріп, Азияның осы маусымдағы ең үздік нәтижесін тіркеген. Осы жолы вьетнамдық спортшы 6,36 метрмен шектелді. Үздік үштікті Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нина Варакиль қорытындылады. Үндістан спортшысының көрсеткіші – 6,04.

Ал қола жүлдеге 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгірген Анастасия Виноградова қол жеткізді. 400 метрге жүгірген Михаил Литвин мен Элина Михина финалға жолдама алды.

Осылайша, қазақстандық жеңіл атлеттер жарыстың алғашқы күнінде жалпы командалық есепте бірінші орынға шықты. Үндістан құрамасы да 4 медаль жеңіп алған болатын. Бірақ оларда біреуі ғана алтын. Қазақстан мен Үндістаннан бөлек, өзбекстандық Надия Дусанова (биіктікке секіру), Вьетнамнан келген Луи Лаи Ю (60 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру), Сауд Арабиясының спортшысы Алмувалад Ахмед Хабер (60 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру) және БАӘ өкілі Алия Мохаммед ( 3000 метрге жүгіру) алтын медальға болды.

Тізімге қайта оралу