Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

6

Күн
Дунгань, Қытай

Азия-2017 чемпионаты: Григорьев бастаған желаяқтар жүлдеден дәмелі

05.07.2017

Бек Төлеуов  
126
Азия-2017 чемпионаты: Григорьев бастаған желаяқтар жүлдеден дәмелі Суретте – Владислав Григорьев, Фото авторы – Ізтұрған Алдауов

Ертең Үндістанның Бхубанешвар қаласында Азия чемпионаты басталады. Құрлық біріншілігіне Қазақстаннан 31 спортшы аттанды.

Елімізден барған 31 спортшының 13-і ерлер. Оның ішінде төртеуі жекелей сында спритерлік жарыс пен тосқауылдар арқылы жүгіруден сайысқа түседі. Ал осы төртіктің құрамындағы екеуі сонымен қатар 4х400 метрге жүгіру бойынша командалық эстафетаға да қатысады.


Григорьев әлем чемпионатының нормативін орындаудан үмітті

Ерлер арасындағы 100 және 200 метрге жүгіруден Қазақстан намысын қарағандылық Владислав Григорьев қорғайды. 20 жастағы атлет қазіргі кезде ұлттық құрамада осы екі қашықтық бойынша көшбасшы. Ол биыл Қазақстан кубогында 100 метрді 10,26 секундта жүгіріп өтті. Бұл Владиславтың жеке рекорды. Бірақ Қазақстан чемпионаты мен Ғ.Қосанов мемориалында жас спортшы осы көрсеткішін қайталай алмады. Дегенмен Григорьев әлем чемпионатының нормативін орындаудан әлі де үмітті. Лондондағы чемпионатқа қатысу үшін 100 метрді 10,12 секундта жүгіру керек. Биылғы маусымдағы Азиядағы ең үздік нәтижені жапониялық Йошихиде Кирю көрсеткен. Оның уақыты – 10,04 секунд. Алайда күншығыс елінің спортшысының есімі алдын-ала ұсынылған хаттамада жоқ. Соған қарағанда қатыспайтын болса керек. Ең қысқа қашықтықтағы басты фаворит – Азия чемпионатының рекорының иесі катарлық Феми Огуноде (9,91 сек) болмақ.

Бхуванешвардағы Азия чемпионатының ерлер арасындағы 100 және 200 метрге жүгіру сайысының күнтізбесі:

100 метрге жүгіру (ерлер)

6 шілде, 18:45 іріктеу сайыстары

7 шілде, 18:25 жартылай финал

7 шілде, 21:40 финал

200 метрге жүгіру (ерлер)

8 шілде, 19:45 іріктеу сайыстары

9 шілде, 9:35 жартылай финал

9 шілде, 17:50 финал


Земс Азияның үздіктерімен сайысқа түседі

Григорьевтің ауылдасы Вячеслав Земс 110 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден қатысады. Ғұсман Қосанов мемориалында Земс 14,09 секундта жүгірген. Бұл оның осы маусымдағы ең үздік көрсеткіші. Алматыда Вячеслав тек ирандық Саяру Миладуға  (14,03 с) ғана есе жіберді. Аталған спортшы Үндістанға да келді. Жалпы, осы дисциплинада жанкүйерлерді қызықты тартыс күтіп тұр.Турнирге құрлықтың бірнеше үздіктері қатысуға ниет білдірген. Атап өтсек, оңтүстіккореялық Ким Бен Джун ( биылғы маусымдағы үздік нәтижесі – 13,39 с), қытайлық  Лэй Ма (13,55 с),  жапониялық Шуни Такаяма (13,44 с) бас жүлдеден дәмелі. Біздің Земсте осылардан қалмауға тырысатыны анық. Дегенмен мықтылармен тайталасу қиынға түсу оңайға соқпайды.

110 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру (ерлер)

7 шілде,19:25 іріктеу сайыстары

8 шілде,10:20 жартылай финал

8 шілде,18:15 финал

Екеуіне үлкен сенім артылды

Ал 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден Қазақстаннан Дмитрий Коблов пен Игорь Кондратьев барды. Екеуі биыл ішкі жарыстарда бір-біріне лайықты бәсекелес болған еді. Осы жолы халықаралық аренада сайысқа түседі. Маусым айында Кондратьев Қазақстан чемпионатын жеңіп алды. Ол кезде Игорь Димадан 0,04 секундқа озып кетті (Кондратьев – 51,79 с, Коблов –51,83 с). Дегемен Ғұсман Қосанов мемориалында Коблов есесін қайтарды. Аталған қашықтықты ол 50,96 секундта жүгіріп, чемпион атанды. Ал Игорь мәреге тек 52,24 секундта жетті. Азия чемпионатында екеуіне де қиынға түсетіні анық. Биылғы маусымдағы үздік нәтижені Катардың атлеті Абдеррахман Самба (48,44 с) көрсеткен. Алайда Самбаның есімі әзірге хаттамада жоқ. Сондықтан басты фаворит ретінде жапониялық Юта Кониши мен қытайлық Ван Ян және Тайпейдің өкілі Чэнь Че саналады.

Дмитрий Коблов пен Игорь Кондратьев сондай-ақ Андрей Соколов пен Алексей Гусаровтармен бірге командалық 4х400 бойынша эстафетада жүгіреді. Қазақстандықтардың негізі бәсекелесі – Үндістан, Жапония, Вьетнам командалары.

400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру (ерлер)

7 шілде, 10:00 іріктеу сайыстары

7 шілде, 21:05 жартылай финал

8 шілде, 20:35 финал

4х 400 метр бойынша эстафета (ерлер)

9 шілде,10:15 іріктеу сайыстары

9 шілде, 20:40 финал

Тізімге қайта оралу