Азия чемпионатында негізгі үміт желаяқ аруларға артылады

05.07.2017

Бек Төлеуов  
28
Азия чемпионатында негізгі  үміт желаяқ аруларға артылады

Ертең Үндістанның Бхубанешвар қаласында Азия чемпионаты басталады. Құрлық біріншілігіне Қазақстаннан 31 спортшы аттанды. Олардың ішінде ең көбі  қыздар.

Азия чемпионаты 6-9 шілде аралығында өтеді.  Бхубанешварға 18 нәзік жанды атлеттер барған еді. Оның 12-сі желаяқтар. Аруларымыз 100, 200, 400, 800, 1500 метрге жүгіреді. Сондай-ақ 100 және 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру мен екі эстафета бойынша өнер көрсетеді. Алты спортшы биіктікке секіру, балға лақтыру, найза лақтыру, жетісайыстан сынға түседі.

Үндістанда 100 және 200 метрге жүгіруден қатысатын Виктория  Зябкина (Алматы) мен Ольга Сафроноваға (Павлодар облысы) үлкен сенім артылып отыр. Екі спортшы бірнеше жылдан бері құрлықтағы үздік атлеттердің қатарында жүр. Ольга 2014 жылы Азия ойындарында чемпион атанған болатын. Ал Зябкина сәуір айында Азия Гран-приінің үш кезеңінде де жеңіске жетті. Сондай-ақ бұл екеуі Рима Кашафутдинова (Қарағанды облысы) және Светлана Голендовамен (Жамбыл облысы) бірге 100 метрге командалық эстафетада жүгіреді. Бұлардан бөлек спринтерлердің қатарында екі алматылық желаяқ Юлия Рахманова мен Анастасия Тулапина бар.

Бхубанешварға 100 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден еліміздің ғана емес, сары құрлықтың көшбасшы атлеті саналатын Анастася Виноградова мен Әйгерім Шыназбекованың екеуі де келді. Настя мен Әйгерім арасындағы бәсекелестік биылдың өзінде бірнеше додада өте тартысты өтті. Енді сол бәсекелестік Азия чемпионатында да жалғасады деп күтеміз.

400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден Мерджен Ишангулиева мен Аделина Ахметова қатысады. Шығыс Қазақстанның тумасы Элина Михина 400 метрге жүгірсек, 800, 1500 метрде ел намысын қостанайлық Татьяна Нерознак қорғайды. Құрлық біріншілігінің жарыс бағдарламасына 4х400 бойынша командалық эстафета енгілген. Бұл қашықтық бойынша жүгіретін төрттіктің қатарына Ишангулиева, Михина, Нерознак Ахметова кірді.

Секіру-лақтыру секілді техникалық сайыстардан сынға түсетіндердің ішінде 18 жастағы қарағандылық Мария Овчинниковаға үлкен үміт артылып отыр. Ол үш қарғып секіруден қатысады. Мариямен бірге бұл сайыста тәжірибелі атлет, 2008, 2012 . 2016 жылғы Олимпиада ойындарына қатысқан  Ирина Эктова өнер көрсетеді.

Сондай-ақ биіктікке секіруші Надежда Дубовицкая, найза лақтырушы Варвара Назарова, жетісайысшы Надежда Кирнос, балға лақтырушы Диана Нүсіпбекова жеке рекордтарын жаңартып, ел қоржына жүлде салуы мүмкін. Аталған спортшылардың дені жастар. Көбісі 19-21 жас аралығында. Тек Кирнос ғана 23 жасқа толған.


Тізімге қайта оралу