Жазғы Азия ойындары 2018

Есептегіш

15

Күн
Джакарта, Индонезия

Азия чемпионаты: Қазақстан атлеттері алғашқы жарыс күнінде 2 алтын жеңіп алды

02.02.2018

Бек Төлеуов  
212
Азия чемпионаты: Қазақстан атлеттері алғашқы жарыс күнінде 2 алтын жеңіп алды Ортада - Татьяна Нерознак.

Иран астанасы Тегеран қаласында өтіп жатқан VIII жабық кешендегі Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде Қазақтан жеңіл атлеттері 2 алтын және 1 қола медаль жеңіп алды.

1 ақпан күні таңертеңгі бағдарламада тек қыздар өнер көрсетті. 3000 метрге жүгіруден қостанайлық Татьяна Нерознак қарсыластарынан оқ бойы озып шықты. Ол 3 шақырымды 9 минут 33.65 секундта жүгіріп өтті. Сөйтіп, екінші орындағы қырғыз спортшысы Гүлшана Сатаровадан 14 секундқа озып кетті. Қола жүлде Вьетнамнан келген Тхи Оан Нгуенге бұйырды.

– Бұған дейін екі мәрте жабық кешендегі Азия чемпионатында 800 метрге жүгіріп, қола жүлде еншілегенмін. Осы жолы чемпион болу бақыты бұйырды. Әрине, алтынның әсері басқа, қуаныштымын. Осы жолы дайындығым өте жақсы болды. Енді 1500 метрде де жеңіске жетуді көздеймін. Сосын тамыз айында өтетін жазғы Азия ойындарына дайындаламын», – дейді Татьяна Нерознак.

Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтынды үш қарғып секіруден Ирина Эктова салды. Солтүстік Қазақстан облысының тумасының Тегерандағы ең үздік көрсеткіші – 13.79 метр. Эктова 2018 жылды жоғарғы қарқынмен бастады. Ол бұған дейін қаңтар айында Өскеменде өткен үш жарыста топ жарған болатын. Екінші орынға – 2017 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері үндістандық Шина Нелликал тұрақтады (13.37 м). Үздік үштікті 13.22 метрмен Тхи Тху Тхао (Вьетнам) түйіндеді. Ал тағы бір қазақстандық атлет Мария Овчинникова төртінші орынды қанағат тұтты –13.00 метр.

– Өзге елде Қазақстанның әнұранын шырқап, еліннің туын көкке көтергенде ерекше әсерде боласың. Бұл сәттегі эмоцияны айтып жеткізу қиын. Нәтижем аса жоғары да төмен де емес, орташа десем болды. Сондықтан бүгінгі көрсеткен өнеріме +4 деген баға қоямын. Енді ұзындыққа секіруден қатысамын. Шамам келгенше Қазақстан құрамасына тағы бір жүлде сыйласам деп үміттенемін», – дейді үш қарғып секіруден 2018 жылғы жабық кешендегі Азия чемпионатының жеңімпазы Ирина Эктова.

Биіктіккке секіруден Шығыс Қазақстан облысының спортшысы Надежда Дубовицкая қола жүлдеге қол жеткізді. Жерлесіміз Тегеранда 1.80 метрді бағындырды. Негізі жергілікті спортшы Сепидех Таваколидің де көрсеткіші Надеждамен бірдей болғанымен, ол қосымша көрсеткіштер арқасында күміс жүлдеге ие болды. Ал өзбекстандық Надия Дусанова 2018 жылғы жабық кешендегі Азия біріншілігінің чемпионы атанды (1.87 м).

Сондай-ақ 60 және 400 метрге жүгірген қыздарымыз финалға шықты. Ең қысқа қашықтықта Рима Кашафутдинова мен Виктория Зябкина өнер көрсетсе, 400 метрде Элина Михина мен Светлана Голендова бар. Ерлерден 400 метрге финалда Михаил Литвин жүгіреді. Ол бүгін іріктеу кезеңін 48.35 секундта жүгіріп өтті.

Тізімге қайта оралу