Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

8

Күн
Дунгань, Қытай

Азия чемпионаты: Қазақстан атлеттері үш күнде 6 медаль жеңіп алды

09.07.2017

213
Азия чемпионаты: Қазақстан атлеттері үш күнде 6 медаль жеңіп алды

Үндістанның Бхуанешвар қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының үшінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы екі алтын медаль жеңіп алды.

Алтынның біреуін әйелдер арасында үш қарғып секіруден 18 жастағы Мария Овчинникова еншіледі. Теміртаулық атлеттің ең үздік көрсеткіші – 13.72  метр. Күміс медальды тағы бір отандасымыз үш бірдей Олимпиада ойындарының қатысушысы Ирина Эктова жеңіп алды. Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы 13.62 метрге секірді.

Қазақстандық қос атлеттің алтын мен күмісті өзара бөлісуіне ешкім кедергі бола алмады.

Құрлық біріншілігінде жеңіске жеткен спортшыға Лондондағы әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік беріледі. Енді Мария 4-13 тамыз аралығында өтетін әлемдік додада өнер көрсетеді.

Сондай-ақ әйелдер арасында 4х100 бойынша командалық эстафетада жүгіруден Қазақстан құрамасы ешкімге дес бермеді. Құрамында Рима Кашафутдинова (Қарағанды), Виктория Зябкина (Алматы), Светлана Голендова (Тараз), Ольга Сафронова (Павлодар) бар төрттік мәреге 43.53 секундтта жетті. Екінші орын Қытай қыздарына бұйырды. Олардың уақыт көрсеткіштері – 44, 50 секунд. Үзік үштікті Үндістан құрамасы қорытындылады (44,57).

Ал екі бірдей бағдарламада жерлестерімізге сәл ғана сәттілік жетіспеді. Ерлер арасында 400 метрге жүгіруден шыменттік Дмитрий Коблов мәреге төртінші келді. Әйелдер арасында дәл осы қашықтықта өнер көрсеткен Мерджен Ишангулиева да жарысты төртінші орынмен аяқтады.

Азия чемпионатының үш күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан атлеттері 6 медаль жеңіп алды (3 алтын, 2 күміс, 1 қола).

Айта кетейік, бұған дейін Виктория Зябкина 100 метрге жүгіруден чемпион атанса, Ольга Сафронова күміс медаль қол жеткізген болатын. Қола медаль ядро серпуші Иван Ивановқа тиесілі.

Жалпы, командалық есепте Қазақстан төртінші орында тұр. Көшбасында Үндістан  (7, 4, 9), екінші орында Қытай (5, 6, 4) болса, үздік үштікте Иран  (4, 0, 1) бар.

Азия чемпионатына 43 мемлекеттен 800-ден астам атлет келген.

Тізімге қайта оралу