Азия чемпионаты. Қоржынымызда медальдің барлық түрі бар

08.07.2017

Әзиз ЖҰМАДІЛ  
181
Азия чемпионаты. Қоржынымызда медальдің барлық түрі бар Виктория Зябкина мен Ольга Сафронованың финалдық спринті

Үндістанның Бхубанешвар қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының екі күнінде барлығы 18 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Бейресми командалық есепте Үндістан құрамасы 6 алтын, 3 күміс, 6 қоламен көш бастаса, екінші орында (4,3,3) қытайлық атлеттер келеді. Үздік үштікті (3,0,1) парсы спортшылары қорытындыласа, Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс, бір қоламен әзірге төртінші орында.

Шілденің 7-сі күні Үндістанның Бхубанешвар қаласында өтіп жатқан 22-ші Азия чемпионатында қазақстандық атлеттер жеңіс тұғырына үш рет көтерілді. Желаяқтарымыз Виктория Зябкина мен Ольга Сафронова алтын мен күмісті өзара бөліссе, Иван Иванов ядро серпуде қола жүлдеге қол жеткізді.

Күні бойы жауған жаңбыр Азия чемпионатының қатысушыларына біраз қиындық тудырды. «Калинга» стадионына жиналған көрермендер суға малшынып, жарыс жолдары шалшыққа толды. Жалпы, жұма күні 11 финалдық старт өтіп, соның жетеуіне қазақстандық атлеттер қатысты.

Отандық жанкүйерлер басты үмітті қыздар арасындағы спринттік жарыс пен ерлер арасындағы ядро серпу бағдарламасына артқандықтары жасырын емес. Үмітіміз алдамады.

Жартылай финалдық жарыстарды нық сеніммен жүгіріп өткен Зябкина мен Сафронова финалда да алдарына жан салмады. 100 метрді 11,39 секундта қиып өткен Виктория алтынмен апталса, Ольга 11,45 секундтық көрсеткішпен күміспен күптелді. Үшінші орынды иемденген үнді қызы Дьюти Чанд (11,52 сек) бұл жолы да қазақстандық желаяқтардың шаңдарына ілесе алмады.

Алыптардың айқасы аталатын ядро серпу бағдарламасында басты тартыс парсы атлеті Әли Самари, үнді спортшысы Таджиндер Сингх және қазақ батыры Иван Ивановтың арасында өрбіді. «Сары құрлықтың» бас жүлдесін ядроны 19,80 метрге лақтырған Самаридің еншісіне бұйырса, екінші орынды өз еншісіне үнді атлеті (19,77 м) жазды. Ал Иванов қолындағы снарядын 19,41 метрге лақтырып, үздік үштікті түйіндеді.

Жаңбырлы кеште финалда жарысқан өзге спортшыларымыз мынадай көрсеткіштерге қол жеткізді. 1500 метрде Татьяна Нерознак 4.26,97 минуттық көрсеткішпен алтыншы орыннан көрінсе (бас жүлде үнді желаяғы Читра Пуның еншісінде – 3.45,14 мин), ерлер арасында Алексей Гусаров 3.45,85 минуттық көрсеткішпен мәре сызығын сегізінші болып қиды (бас жүлде тағы бір үндістандық Аджай Кумардың еншісінде – 3.45,85 мин).   

Биіктікке секіруде тағы үш спортшымен бірге 1,75 метрді бағындырған Надежда Дубовицкая алтыншы сатыны қанағат қылса, Азия чемпионы атағы 1,84 метрге секірген Өзбекстан аруы Надия Дусановаға бұйырды. Үш қарғып секіруде небәрі 15,87 метрді бағындырған Роман Валиев 8-ші орынды қанағат қылды. Ал бірінші орын 16,82 метрге қарғыған қытайлық Чжу Яминге бұйырды. Шарбалға лақтыру бағдарламасында Диана Нүсіпбекова 53.93 метрлік көрсеткішпен тоғызыншы сатыдан көрінсе, қытайлық На Луо 69,92 метрлік көрсеткішпен Азия чемпионы атанды.

Қазақстандықтар финалға қатыспаған бірнеше бағдарлама бар. Мәселен, үнді желаяғы Нирмала Шеоран 400 метрге жүгіруде мәре сызығын 52,01 секундта қиып өтіп, Азия чемпионы атанса, дәл осы бағдарламада ерлерден парсылық Мұхамед Анас 45,77 секундтық көрсеткішпен «Сары құрлық» жеңімпазы атанды. Онсайыста тай атлеті Суттисак Синконға (7 732 ұпай) жетер ешкім болмады. Ал 100 метрлік спринтте ерлер арасында Иран желаяғы Хассан Тафтиан 10,25 секундтық нәтижемен жеңіс тұғырының ең жоғарғы сатысына көтерілді.

Жұма күні өткен арулар арасындағы  жарыстың 400 метрлік бағдарламасындағы електік кезеңінде Мерджен Ишангулиева (58,68 сек), Аделина Ахметова (1.01,34 мин) және Дмитрий Коблов (50,99 сек) финалға жолдама алса, Игорь Кондратьев 53,61 секундтық көрсеткішпен жарысты ерте аяқтады. Бұл бағдарламадағы шешуші жарыстар бүгін, яғни 8 шілде күні өтеді.   

Тізімге қайта оралу