28.04.2018

Бек Төлеуов  
251
Болашағымыз кімдер?

Қай спорт түрінде болмасын жас спортшылар ерекше назар аударылады. Өйткені олар ертең ұлттық құраманың болашағы. «Спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетикада да біраз талантты жастар өсіп келеді. Токио Олимпиадасына дейін әл үш жыл бар. Осы уақыт аралығында Григорий Егоров, Ольга Шишигина, Дмитрий Карпов, Ольга Рыпакованың ізбасарлары өздерінің көрсеткіштерін жақсартып, шеберліктерін арттырады деп үмітеміз. Бүгін оқырман назарына жеңіл атлетикадағы таланатты жастардың бір шоғырын ұсынып көрсек.

Мария Овчинникова (19.10.1998)

Қарағандылық Мария Овчинникова 2015 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионатында үш қарғып секіруден сайысқа түсіп, жеңіске жеткен еді. Былтырғы жылы күміс медаль алды. Ал биылғы жылы Алматыда аяқталған Қазақстан кубогында жеңіл атлетиканың үш бағдарламасы бойынша қатысты. 4х100 бойынша командалық эстафетада Қарағанды құрамасының алтын алуына себепші болды. Ұзындыққа секіруде екінші, үш қарғып секіруде қола жүлдеге қол жеткізді. Ол Қазақстан кубогында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковамен сайысқа түсті.

Спортшы маусым айында Ғұсман Қосанов мемориалында 13,94 метрге секіріп, өзінің спорттық карьерасындағы әзірге ең үздік нәтижесін көрсетті. Осы көрсеткішінің арқасында ол 20 жасқа дейінгі атлеттер арасында бірінші орынды ешкімге берген жоқ.  Бұған дейін Овчинникованың жеке рекорды – 13,67 метр болатын.

Биылғы жылы жерлесіміздің рекордын тек Беларусь қызы Виолетта Скворцова ғана қайталады. Ол 21 шілде күні Италиядағы турнирлердің бірінде 13,94 метрге секірді

Овчинникова Үндістанның Бхубанешвар қаласында өткен Азия чемпионатында 13,72 метрге секіріп, чемпион атанды. Одан кейін Ашхабадтағы Азия ойындарында күміс медальға ие болды.

   Лаура Ахметова (2000)

Үш қарғып секіруші Лаура Ахметова мамыр айының соңында Таиланд астанасы Бангокта өткен жеңіл атлетика түрлерінен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Лаура оның алдында 2 мамырда Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында 12.72 метрге секірген еді. Бангокта ол көрсеткішінен төмен секірді. Дегенмен қазақстандық спортшы 12.41 метрмен күміс жүлдеге қол жеткізді.Қыркүйек айында  2000-2001 және 2002-2003 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында үш медальға ие болды. Ол ұзындыққа секіруден  (5,60 м) күміс, үш қарғып секіруден (12,56 м) алтын алды. Сондай-ақ Анастасия Трифонова, Умида Сабирова, Дарина Исмаилмен бірге 4х100 метр эстафеталық жүгірудің күмісін де еншіледі.

Вячеслав Земс (1998)

Ағайынды Земстердің кішісі Вячеслав биылғы жылы алғашқы жарысында-ақ жеңіске жетті. 2 мамыр күні Алматыда өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында спортшы 110 метрді кедергілер арқылы жүгіруден чемпион атанды. Вячеславтың уақыт көрсеткіші –13.76 секунд. Соның арақасында ол 2008 жылы маңғыстаулық Денис Семеновтің 2008 жылғы рекордын жаңартты.

Қосанов мемориалында қазақстандықтардың арасындағы ең үздігі болды (14,09 с). Кейіннен Вячеслав Үндістандағы Азия ойындары мен Тайпэйдегі дүниежүзілік универсиадаға қатысты. Бұл жарыстарда жоғары нәтиже көрсетпесе де, тәжірибе жинап қайтқаны анық.

Артур Гафнер (13.07.1998)

Шығыс Қазақстан облысының тумасы Артур Гафнер найза лақтырудан Алматыдағы Қазақстан кубогында қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Ол 14 мамырда 71.88 метрге лақтырды. Бірақ былтырғы өзінің жеке рекорды 72.77 метрге жеткен жоқ. Дегенмен осы бетінен қайтпаса, Артурдан үлкен үміт күтуге болады. Оның жасында Қазақстанда найзаны мұндай қашықтыққа ешкім лақтырмаған.

Надежда Дубовицкая (1998)

Орталық Азия елдерінің спортшыларының қатысуымен өткен Алматыдағы халықаралық жасөпірімдер арасындағы турнирде биіктікке секіру бойынша қазақстандық Надежда Дубовицкая жеңіске жеткен еді. Ол осы сайыста өзінің жеке рекордын жаңартты (185 см). Өткен жылы сары құрлықта бұл көрсеткіштен 8 спортшы ғана асқан. Оның үстіне Дубовицкая осылардың арасындағы ең кішісі. Надежда наурызда 19 жасқа ғана толды.

Әрине биылғы маусым ол үшін аса сәтті бола қоймады.Дегенмен спортшы, өте талантты, болашағынан үлкен үміт күттіреді.

Тізімге қайта оралу