Ғұсман Қосанов мемориалы: Қазақстан атлеттері 16 алтын жеңіп алды

27.06.2017

Бек Төлеуов  
167
Ғұсман Қосанов мемориалы: Қазақстан атлеттері 16 алтын жеңіп алды Суретте - №505 Виктория Зябкина, №535 Ольга Сафронова. Фото авторы - Эдуард Гавриш.

24-25 маусым күні Алматыдағы Орталық стадионда Олимпиада ойындарына тұңғыш қатысқан және Олимпиада жүлдесiн тұңғыш жеңiп алған қазақ атлеті Ғұсман Қосановты еске түсіруге арналған дәстүрлі халықаралық мемориал өтті.

Алғаш рет Кения спортшылары өнер көрсетті

Биылғы мемориал осымен XXVII рет ұйымдастырылды. Бір қызығы, жылдағы дәстүрге сай бұл жолы да екі күн қатарынан ақ жаңбыр жауды. Мемориалға Азия, Еуропа, Африка құрлығының 12 мемлекеті келіп қатысты. Алатау бөктерінде жарыс қожайыны Қазақстаннан бөлек, Үндістан, Иран, Малайзия, Сирия, Бахрейн, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Кения спортшылары бақ сынады. Соңғысы Қосанов мемориалына алғаш рет келіп отыр.

Бір күнде үш рекорд жаңарды

Жарыстың алғашқы күнінде ерлер арасындағы ядро серпуде, әйелдер арасындағы балға лақтыру мен 4х100 бойынша командалық эстфетада жоғары нәтижелер тіркелді.

Ядро серпуден ерлер арасындағы рекордты 1996 жылы қазақстандық Сергей Рубцов орнатқан болатын. Ол сол кезде 19.91 метрге серпіген. Соңғы 20 жылда ешкім бұл межеге жете алмай келе жатқан еді. Осы жолы екі бірдей спортшы бұл көрсеткіштен асып түсті. Бірінші орын алған үндістандық Таджиндерпану Туру Сингхудың нәтижесі  20,01 метр болса, Алматы облысының тумасы Иван Иванов 19.94 метрге серпіді.

Балға лақтырудан 21 жастағы жерлесіміз Диана Нүсіпбекова мемориалдың 12 жылға созылған рекордын жаңартты. Алматы облысының тумасының ең үздік көрсеткіші – 58,08 метр болды. Бұған дейін бұл рекорд өзбекстандық Ольга Жоголеваға тиесілі еді. Ол 2005 жылы 57,02 метрге лақтырған еді.  Нүсіпбекова биыл екі бірдей өзбек қызын қапы қалдырып, жеңіске жетті.

Сондай-ақ 4х100 метрге жүгіру бойынша командалық эстафетадан Қазақстан құрамасы айқын басымдықпен әрі жарыстың жаңа рекордымен мәреге бірінші келді. Құрамында Рима Кашафутдинова (Қарағанды облысы), Виктория Зябкина (Алматы), Светлана Голендова (Жамбыл облысы), Ольга Сафронова (Павлодар) бар қыздар құрамасының көрсеткіші – 43.03 секунд. Бұл төртікттің нәтижесі Қазақстан чемпионатының рекордынан 0,11 секундқа ғана төмен. Егер жаңбыр жаумағанда бәлкім бұдан да жақсы өнер көрсетер ме еді?

Қазақстан спортшылары 16 алтынға қол жеткізді

Халықаралық додада жеңіл атлетиканың 34 түрінен медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Оның ішінде 30-ы жекелеген сайыс болса, 4-уі командалық эстафета.  

Мемориалда тіркелген көптеген нәтиже Азияның 2017 жылғы үздік көрсеткіштерінің қатарында. Биылғы жылы XXVII рет ұйымдастырылған Ғ.Қосанов мемориалының алтыны 7 мемлекеттің спортшысына бұйырды. Олар – Қазақстан, Үндістан, Иран, Өзбекстан, Кения, Қырғызстан, Бахрейн құрамалары. Сонымен қатар, Тәжікстан, Түркіменстан, Малайзия, Украина атлеттері жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Жалпы Қазақстан спортшылары 34 сайыстың 16-сында бас жүлдені ешкімге берген жоқ. Оның ішінде 9 алтынды қыздар еншілесе, жігіттерге жетеуі бұйырды. Екінші орында Үндістан спортшылары. Олардың қоржынында – 8 алтын бар (4+4). Үштікке Иран құрамасы жайғасты. Парсы елінен келген алтеттер 4 алтын жеңіп алды. Сондай-ақ Кения (1+1) мен Өзбекстан (1+1) 2 алтынға ие болды. Көрші Қырғызстан мен Бахрейнге бір алтыннан бұйырды.

Мемориалдың мықтысы – Виктория Зябкина

XXVII Қосанов мемориалының ең көп алтынын қазақстандық спринтер Виктория Зябкина жеңіп алды. Ол 100, 200 метрге жүгіруден алдына жан салмаса, сондай-ақ құрбыларымен бірге командалық эстафетадан да топ жарды.

– 100 метрде жеңіске жеткеннен кейін екінші күні ешқандай қысымсыз еркін түрде жүгіріп өттім. Әріптесім Ольга Сафронованың әлем чемпионатының нормативін орындағанын қатты қалаған едім.Ольгаға көмектесуді ойладым. Өкінішке қарай, сәл ғана секундтар жетпей қалды. Құдай қаласа, Азия чемпионатында жолдамаға қол жеткізеді деп сенім артамын. Азияның екі үздік спринтері міндетті түрде әлем чемпионатына баруы тиіс. Ал ауа-райының қолайсыздығына келсек, спортшының құлшынысы жоғары жаңбырда кедергі бола алмайды. Спортшы барлығына дайын болса, көздеген мақсатына қол жеткізеді, – дейді жарыстан кейін Виктория Зябкина.

Сондай-ақ қарағандылық Владислав Григорьев (100 және 200 метр) пен ирандық Мүслім Ниадуст (800 мен 1500 метр) екі алтыннан еншіледі.


Жігіттер жүлдені қалай бөлісті?

Ерлер құрамасы 100, 200 және 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру және 4х100, 4х400 эстафета бойынша алтынды ешкімге бермеді. Ал лақтыру сайыстарынан жерлестеріміз тек дискіден  жеңіске жетті.  Секіру сайыстарының ішінде Никита Филиппов ғана жанкүйерлерін қуанта алды. Ол сырықпен секіруден чемпион атанды.

Ирандық атлеттер 800 және 1500 метрге, 110 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден және биіктікке секіруден оза шапты. Алдағы Азия чемпионатын өткізетін Үндістан елі ұзындыққа секіру, үш қарғып секіру, 400 метрге жүгіру, ядро серпу сайыстарын ұтып алды. Өззбекстандық Сухроб Ходжаев сары құрлықтағы үздік балға лақтырушылардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал кениялық 17 жастағы Чадрак Коеч талантты спортшы екенін көрсетіп, 5000 метрге жүгіруден қарсыластарын қапы қалдырып кетті.  

Қыздардың қарқыны қуантты

Қыздар арасындағы 17 сайыстың тоғызында Қазақстан спортшылары топ жарды.Виктория Зябкина 100, 200 метрде жеңісе жетсе, Анастасия Виногродова 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден алтын алды. Сондай-ақ жерлестеріміз екі эстафетадан да  (4х100, 4х400) үздік шықты.

Ал қалған 4 алтынды үш қарғып секіру, диск және балға лақтыру, сырықпен секіру сайыстарынан еншіледік.

Үндістан атлеттері орта қашықтықтағы 400, 800 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру мен ядро серпуде бас жүлдені ешкімге бермеді. 1500 метрге жүгіруден көрші қырғыз елінен келген Гүлшаной Сатановаға тең келер ешкім болмады. 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруші бахрейндік Аминат Юсуф өз еліне жалғыз алтынды сыйлады. 5000 метрдің бас жүлдесін кениялық  Каролин Кипкируи жеңіп алды.

Айта кетейік, Ғұсман Сыйтықұлы Қосанов 1935 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Изатулла ауылында дүниеге келген. Олимпиада ойындарына тұңғыш қатысқан және Олимпиада жүлдесiн тұңғыш жеңiп алған қазақ атлеті.

Ол 1960 жылы Рим олимпиадасында күміс медальға болды. Италия астанасында 4х100 эстафеталық жарыста КСРО құрама командасы сапында Л. Бартенев, Ю. Коновалов, Э. Озолиндермен бірге мәреге екінші келді. Қосанов сондай-ақ 1960 жылғы Олимпиада ойындарында 100 метрлік қашықтықта да жарыс алаңына шыққан болатын. Жекелей сында 10,7 секунд нәтижесімен жалпы есепте 6-орынға табан тіреді.

Тізімге қайта оралу