Ғұсман Қосанов мемориалына 11 мемлекеттің спортшылары қатысады

06.06.2017

Бек Төлеуов  
183
Ғұсман Қосанов мемориалына 11 мемлекеттің спортшылары қатысады Ғұсман Қосанов

Жеңіл атлетикадан дәстүрлі халықаралық Ғұсман мемориалы биыл 24-25 маусым күні Алматыда өтеді. Биыл бұл мәртебелі жарыс осымен 27-ші рет ұйымдастырғалы отыр.

Ғұсман Қосанов мемориалына қатысуға қазіргі кезде 11 мемлекеттің спортшылары өз келісімдерін берді. Алматыда Үндістан, Иран, Бахрейн, Сирия, Малайзия, Ауғанстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және өзіміздің Қазақстанның атлеттері өнер көрсетеді. Жалпы, 200-ден астам спортшы сайысқа деп күтілуде. Олардың арасында былтырғы жылы биіктікке секіру бойынша Азиядағы үздік нәтижелердің бірін көрсеткен сириялық Маджед Газаль (2,36 м), желаяқтар Реза Хасеми (Иран) мен Якуб Салем (Бахрейн), ұзындыққа секіруші Анкит Шарма (Үндістан) т.б белгілі спортшылар бар.

Жалпы, мемориалда қатысушылар 30 жекелеген сайыс бойынша сынға түседі (15-і ерлер, 15-і әйелдер арасында). Тіпті, Алматыға осы бастан келіп, дайындықты бастап кеткен спортшыларда кездеседі. Мысалы, Малайзияның ұзындыққа секіруші үш спортшысы жаттығып жатыр.

Ғұсман Сыйтықұлы Қосанов 1935 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Изатулла ауылында дүниеге келген. Олимпиада ойындарына тұңғыш қатысқан және Олимпиада жүлдесiн тұңғыш жеңiп алған қазақ атлеті. 1960 жылы Рим олимпиадасында күміс медальға болды. Италия астанасында 4х100 эстафеталық жарыста КСРО құрама командасы сапында Л. Бартенев, Ю. Коновалов, Э. Озолиндермен бірге мәреге екінші келді. Қосанов сондай-ақ 1960 жылғы Олимпиада ойындарында 100 метрлік қашықтықта да жарыс алаңына шыққан болатын. Ол бұл сында 10,7 секунд нәтижесімен жалпы есепте 6-орынға табан тіреді.

Ғұсман Қосановтың басқа да атақтары жетерлік. Еуропа чемпионы, КСРО чемпионатының күмiс жүлдегерi, Қазақстанның бiрнеше дүркiн чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңiмпазы. Тіпті, жеңiл атлетикадан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш спорт шебері.

1990 жылы 13 маусымда дүниеден өтті. Ал 1991 жылдан бастап атақты спортшы құрметіне «Қосанов мемориалы» атты халықаралық жарыс өтіп келеді.

Тізімге қайта оралу