Жабық кешендегі Азия чемпионатынан 12 медаль бұйырды

04.02.2018

Жабық кешендегі Азия чемпионатынан 12 медаль бұйырды

Иран астанасы Тегеран қаласында жеңіл атлетикадан VIII жабық кешендегі Азия чемпионаты өтті. Оған Қазақстан құрамасы да қатысып, сәтті өнер көрсетті.

Азия чемпионатының соңғы күнінде 4х400 метрлік эстафетадан қыздар алтын алса, жігіттер Катарды алға жіберіп, күміс жүлдеге ие болды.

Ұлттық құраманың аға бапкері Любовь Никитенко эстафета кезінде қыздардан Виктория Зябкина, Элина Михина, Светлана Голендова, Аделина Ахметоваға сенім артты

Ашхабадтағы Азия ойындарында қолда тұрған жеңістен техникалық қателіктерге байланысты айырылып қалған еді. Осы жолы ондай қателіктер орын алған жоқ. Біздің қыздар 3:41.67 минутта мәреге жетті. Екінші орындағы Иран қыздары 10 секундқа қалып қойды. Үздік үштікті Түркіменстан қорытындылады.

Жігіттерден жалпы саны 6 команда қатысты. Қазақстан намысын Андрей Соколов, Сергей Зайков, Дмитрий Коблов, Михаил қорғады. Чемпион атанған Катар құрамасы мәреге 3:10.08 минутта жетсе, Қазақстан құрамасының нәтижесі – 3:11.68 минут. Үшінші орынға жергілікті Иран құрамасы тұрақтады – 3:11. 74.

Сондай-ақ 1500 метрге жүгіруден Татьяна Нерознак күміс жүлде еншіледі. Татьяна 1 ақпан күні 3000 метрге жүгіруден бас жүлде алған болатын. Бүгін 1500 метрге жүгіруден Шри-Ланка спортшысына есе жіберді. Қостанайлық атлет 1500 метрді 4.28.20 минутта жүгіріп өтті. Үшінші орын Тхи Оан Нгуенге (Вьетнам) бұйырды.

Осылайша, Нерознак спорттық карьерасында жабық кешендегі Азия чемпионатының барлық жүлдесіне ие болып үлгерді. Ол бұған дейін 2014 және 2016 жылдары өткен Азия чемпионатында 800 метрге жүгіруден қола жүлде алған еді. 1 ақпанда 3000 метрде чемпион болды. Бүгін күміс жүлде бұйырды.

Азия чемпионатынан Қазақстан құрамасы жалпы 12 медаль жеңіп алды. Оның жетеуі алтын, төртеуі күміс, біреуі қола.

Айта кетейік, бұған дейін әйелдер арасында 60 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Әйгерім Шыназбекова, 3000 метрге жүгіруден Татьяна Нерознак, сырықпен секіруден Анастасия Ермакова, 400 метрге жүгіруден Светлана Голендова, үш қарғып секіруден Ирина Эктова және ерлерден сырықпен секіруші Никита Филипов алтын алған болатын. Күміс жүлдегерлер қатарында – Виктория Зябкина (60 метрге жүгіру), Элина Михина (400 метрге жүгіру) бар. Жалғыз қоланың иесі – Надежда Дубовицкая (биіктікке секіру).

Тізімге қайта оралу