"Гаухар лига" туралы не білеміз?

28.05.2017

Бек Төлеуов  
135
"Гаухар лига" туралы не білеміз? Ольга Рыпакова. Фото Эдуард Гавриш

Мамыр айында жеңіл атлетикада Олимпиада мен әлем чемпионатынан кейінгі маңызды дода «Гаухар лига» басталды. Осыған дейін Катар астанасы Доха мен Қытайдың Шанхай қаласындағы кезеңдер аяқталды. Ертең АҚШ-тың Юджин қаласында үшінші кезең өтеді.

Ал 8 маусымдағы Римдегі "Golden Gala" деп аталатын төртінші кезеңге Олимпиада чемпионы, қазақстандық Ольга Рыпакова да қатысады. Осы ретте оқырмандарға "Гаухар лиганы" толығырақ таныстырып өтсек.

Бұл жарыс 1998-2009 жылдар аралығында «Алтын лига» деп аталған. Ал 2010 жылы "Гаухар лига" деп атауын ауыстырды. Биыл лига Дохада басталып, Бельгия астанасы Брюселльде аяқталады.

Жалпы кесте мынандай:

1. Доха – 5 мамыр

2. Шанхай – 13 мамыр

3. Юджин – 27 мамыр

4. Рим – 8 маусым

5. Осло – 15 маусым

6. Стокгольм – 18 маусым

7. Париж – 1 шілде

8. Лозанна – 6 шілде

9. Лондон –9 шілде

10. Рабат – 16 шілде

11. Монако – 21 шілде

12. Бирмингем – 20 тамыз

13. Цюрих – 24 тамыз

14. Брюссель – 1 қыркүйек .

Жалпы "Гаухар лига" 14 кезеңнен тұрады. Барлық кезеңдерінде жеңіске жеткен атлетті 50 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы күтіп тұр. Сондай-ақ әрбір кезеңде үздік нәтиже көрсеткен спортшының қалтасы да бос қалмайды. Осы 14 кезеңнің ішінде Лондондағы дода ғана екі күнге жалғасады. Ең маңыздысы Брюссель мен Цюрихтегі соңғы кезеңдер. Жарыс ерлер мен әйелдердің қатысуымен 16 олимпиадалық бағдарлама бойынша өткізіледі.

Турнирді қалай жеңуге болады?

Гаухар және қаржылай сыйақы алу үшін барлығынан көп ұпай жинау қажет. «Гаухар лигада» топ жару үшін 14 кезеңнің түгеліне қатысу міндетті емес. Спортшы қайсысына қатысатынын өзі таңдайды. Бастысы, әрбір кезеңде жеңіске жеткен атлетке 4 ұпай беріледі. Екінші орынға 2, қола жүлдеге 1 ұпай беріледі. Финалдық кезеңде жинаған ұпайлары екі еселенеді. Барлық кезең аяқталған соң, ең көп ұпай жинаған спортшы гаухарға ие болады. Алғашқы үш кезеңде жеңіске жетіп, сосын өзгелердің сүрінгенін күтіп отыруға болмайды. Чемпиондықтан үміткер спортшы Цюрихтегі немесе Брюссельдегі финалдық кезеңге міндетті түрде қатысуы тиіс. Әйтпесе бағалы сыйлықтан құр қалады.

Тізімге қайта оралу