Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

6

Күн
Дунгань, Қытай

Жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатының көрігін қыздыратын бәсекелер

11.06.2017

Бек Төлеуов  
229
Жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатының көрігін қыздыратын бәсекелер Әйгерім Шыназбекова мен Анастасия Виноградова

Еліміздегі үздік жеңіл атлеттердің барлығы 12-14 маусым аралығында Алматыда өтетін Қазақстан чемпионатына қатысады. Жеңіл атлетика федерациясының порталы ел біріншілігіндегі бәсекелестік жоғары 10 жұпты тізіп көрген еді.

Әйелдер арасындағы 200 метрге жүгіру – Ольга Сафронова мен Виктория Зябкина

Былтырғы жылы алматылық Виктория Зябкина 200 метрге жүгіру бойынша Азияның ең үздік нәтижесін көрсеткен еді. Зябкина бұл қашықтықты 22.66 секундта бағындырды. Ал биыл мамырда өткен Қазақстан кубогында мәреге 22.81 секундта жетті. Сөйтіп, Лондондағы әлем чемпионатының нормативін орындады.

Соңғы жылдары Павлодар облысының намысын қорғап жүрген Ольга Сафронова сәуір айында Қытайда өткен Азия Гран-приінде жарақат алған болатын. Қазір спортшы жарақатынан айыққан. Енді Қазақстан чемпионатында өнер көрсетуге дайын. Сафронова 2014 жылы Инчондағы Азия ойындарында 200 метрде топ жарған спортшы. Сондықтан екі атлет арасындағы бәсекелестік қызық болғалы тұр.

Ерлер арасындағы сырықпен секіру – Никита Филиппов пен Сергей Григорьев

Сергей Григорьев мамырда Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен беделді халықаралық жарыстардың бірінде жеңіске жетті. Алматылық атлет сол жолы алғаш рет халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін рындады және өзінің жеке рекордын орнатты – 5.65 метр.

Сол секілді Никита Филипповтың да жеке рекорды – 5.65 метр. Бірақ ол бұл нәтижені 2015 жылы көрсеткен. Никита өте тәжірибелі спортшы. 2012 және 2016 жылғы Олимпиада ойындарына қатысқан. Осыдан екі жыл бұрын Универсиада ойындарында жеңіске жеткен. Бастысы, ескі жарақаты сыр бермесе, толық күшінде өнер көрсете алады.

Екі спортшының алдында Лондондағы әлем чемпионатының нормативін орындау міндеті тұр. Әлем чемпионатында өнер көрсету үшін 5.70 метрге секіру қажет.

100 метрге кедергілер арқылы жүгіру – Әйгерім Шыназбекова мен Анастасия Виноградова

Алматы қаласының намысын қорғап жүрген Анастасия Виноградова (Пилипенко) мен Әйегерім Шыназбекова 2016 жылы 100 метрге кедергілер арқылы жүгіру бойынша Азияның екі үздік нәтижесін көрсетті. Биылғы жылы Анастасия мен Әйгерім арасындағы бәсекелестік Азия Гран-приінде жалғасты. Виноградова екі кезеңде қарсыласынан озық болса, Әйгерім тіпті бір кезеңде топ жарды. Сондай-ақ сол Гран-придегі ең үздік нәтижені көрсетті.

Қазақстан чемпионатында екі спортшы арасындағы тартыс әріқарай жалғасатыны анық.

Әйелдер арасындағы 100 метрге жүгіру – Виктория Зябкина мен Римма Кашафутдинова

Сәуірде Виктория Зябкина Азия Гран-приінің үш кезеңінде ұтты. Оның ең жоғары көрсеткіші – 11.34 секунд. Қазақстан кубогында Виктория бұл қашықтықта өзінің бағын сынаған жоқ. Есесіне, Сәтбаев қаласының тумасы, Қарағанды облысының намысын қорғап жүрген Римма Кашафутдинова чемпион болды. Римма мәреге 11.38 секундта жетті.

Бұл екеуінен бөлек, 2016 жылғы Азияның үздік желаяғы Ольга Сафронова бар. Дегенмен Ольга әлі бұл дистанцияға қатысуға өтініш бермеді.

Ерлер арасындағы үш қарғып секіру – Роман Валиев пен Евгений Эктов

Жеңіл атлетиканың мамандары ерлер арасындағы үш қарғып секіруде Роман Валиев (Павлодар облысы) пен Евгений Эктов (СҚО) арасындағы тартысты күтіп отыр.

Екеуі де тәжірибелі спортшылар. Әр жылдары Азия чемпионатын ұтып алған. Жалпы, құрлықтық додаларда жинаған жүлделері жетерлік. Эктов бұл маусымда әлі жарысқа қатысқан жоқ. Есесіне, Валиев төрт халықаралық сайысқа барып келді. Азия Гран-приінде жүлдеге ілікті. Бірақ әлем чемпионатының нормативін орындамады. Лондонға бару үшін спортшылар 16.80 метрге секіру керек. Дегенмен екеуі бірдей қатысқан кезде қашан да чемпионат тартысқа толы болған. Бұл жолы да солай болады деп күтеміз.

Әйелдер арасындағы 400 метрге кедергілер арқылы жүгіру – Александра Романова мен Мерджен Ишангулиева

Алматыдағы Қазақстан чемпионаты қарағандылық танымал атлет Александра Романованың қатысуымен басталады. Ол былтырғы жылы 400 метрге кедергілер арқылы жүгіру бойынша Азия құрлығында екінші орында болған.

Мамыр айында Қазақстан кубогын ұтып алған Мерджен Ишангулиева да – тәжірибелі спортшы. Ол өзінің басты қарсыласына оңайшылықпен жеңіле қоймайды. Сондықтан 400 метрге кедергілер арқылы жүгіру бойынша Қазақстан чемпионатында бізді қызықты финал күтіп тұрғаны анық.

Әйелдер арасындағы үш қарғып секіру – Ирина Эктова мен Екатерина Эктова

Бірден айта кетейік, Ирина – танымал қазақстандық атлет Евгений Эктовтың жұбайы. Ал Екатерина – Евгенийдің кіші қарындасы. Екеуі де Қазақстан жеңіл атлетикасының көшбасшылары. Туыстық байланыстарына қарамастан бәсекелестік жоғары болатыны анық. Солтүстік Қазақстаннан келген спортшылар мүмкіндіктері жеткенінше әлем чемпионатының нормативін орындауға тырысады. Ольга Рыпаковамен бірге Лондонға бару үшін екеуі де 14 метрден кем секірмеу керек.

110 метрге кедергілер арқылы жүгіру – Денис Семенов пен Вячеслав Земс

Қазақстан кубогында110 метрге кедергілер арқылы жүгіру бойынша маңғыстаулық Денис Семенов жеңіске жеткен еді. Ол финалда 19 жастағы қарағандылық Вячеслав Земстен озды. Негізі іріктеу кезеңінде керсінше болған. Екі спортшы арасындағы бәсекелестік Қазақстан чемпионатында да жалғасуы тиіс.

Денис Семеновті ардагер деуге келмес. Маңғыстау спортшы – 26 жаста. 2007 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде алған. Ал Вячеслав енді өсіп келе жатқан жас атлет.

Әйелдер арасындағы биіктікке секіру – Надежда Дубовицкая мен Регина Кайсарова

Әйелдер арасындағы биіктікке секіруде Марина Аитова құрамадан кеткен соң әзірге құрлықтық, әлемдік додаларда көзге түсіп жүрген жоқ. Маринаның орнын басқан Регина мен Надежда нәтижелері әзірге көңілден шыға қоймайды. Дегемен Қазақстан чемпионатында бәсекелестік осы екі спортшы арасында өрбиді. Екеуі де Шығыс Қазақстан облысының тумалары. Регина – 24 жаста, Надежда – 19 жаста.

Ерлер арасындағы ұзындыққа секіру – Тахиржан Қадырқұлов пен Константин Сафронов

Алматыдағы Қазақстан кубогында ұзындыққа секіруде бас жүлдені Тахиржан Қадырқұлов (Ақмола облысы) пен Константин Сафронов (Павлодар) өзара сарапқа салған болатын. Екеуі де жоғары нәтиже көрсете алмады. Бірақ бәсекелестік соңына дейін жалғасты. Ол кезде 23 жастағы Қадырқұлов жеңіске жеткен еді. Көкшетаулық спортшы тәжірибелі қарсыласынан 14 сантиметрге артық секірді. Енді Қазақстан чемпионатында ол бұл жеңісі кездейсоқ емес екенін дәлелдеу керек. Өз кезегінде Константин де қалыса қоймас. 

Тізімге қайта оралу