Жеңіл атлетикадағы талантты жастар

31.05.2017

Бек Төлеуов  
181
Жеңіл атлетикадағы талантты жастар Лаура Ахметова.

Қай спорт түрінде болмасын жас спортшылар ерекше назар аударылады. Өйткені олар ертең ұлттық құраманың болашағы. «Спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетикада да біраз талантты жастар өсіп келеді. Токио Олимпиадасына дейін әл үш жыл бар. Осы уақыт аралығында Ольга Шишигина, Дмитрий Карпов, Ольга Шишигинаның ізбасарларының өздерінің көрсеткіштерін жақсартып, шеберліктерін арттырады деп үмітеміз. Бүгін оқырман назарына соңғы кездері жақсы нәтиже көрсетіп жүрген 20 жасқа дейінгі атлеттерді таныстырмақшымыз.

Владислав Григорьев (10.01.1997)

Алматыда өткен Қазақстан кубогының ерлер арасындағы 100 және 200 метрге жүгіру сайысында күтпеген жерден қарағандылық Владислав Григорьев жеңіске жеткен болатын. Ол сондай-ақ командаластарымен бірге Қарағанды облысына 4 х100 эстафетада да алтын сыйлады. 20 жастағы атлет жарыстың алғашқы күнінде, тіпті, 100 метрді 10, 26 секундта жүгіріп өтті.

Сөйтіп, Владислав өзінің жеке рекордын жаңартып ғана қоймай, Үндістанда өтетін Азия чемпионатының нормативін орындады.

Ол 200 метрді 20.58 секундты бағындырып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Бұл көрсеткішімен спортшы 2016 жылы Азияның үздік 10 атлетінің қатарына кірер еді.

Владислав биыл қаңтар айында 20 жасқа ғана толды. Сондықтан оның болашағы әлі алда деп ойлаймыз.

Варвара Лисичкина (26.03.1997)

Алматыда өткен Қазақстан кубогында жеңіске жеткендердің қатарында 800 метрге жүгірген Варвара Лисичкина да бар. Ол бұл қашықтықты 2:08.30 минутта жүгіріп өтті.

Варвара Қарағанды облыстық жеңіл атлетикаға мамандандырылған балалар - жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің түлегі. Бұл мектепте Варварадан бөлек, Дмитрий Карпов, Юрий Дергачев секілді еліміздің беделді атлеттері шыққан.

Варвара бұған дейін жасөспірімдер және жастар арасында Қазақстан чемпионатында бірнеше рет жеңіске жеткен. «Азия балалары» халықаралық жарысының күміс жүлдегері. Жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарына қатысқан.

Вячеслав Земс (1998)

Ағайынды Земстердің кішісі Вячеслав биылғы жылы алғашқы жарысында-ақ жеңіске жетті. 2 мамыр күні Алматыда өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында спортшы 110 метрді кедергілер арқылы жүгіруден чемпион атанды. Вячеславтың уақыт көрсеткіші –13.76 секунд. Соның арақасында ол 2008 жылы маңғыстаулық Денис Семеновтің 2008 жылғы рекордын жаңартты.

Роман Лошкарев (28.10.1996)

Алматылық Роман Лошкарев биіктікке секіру бойынша сынға түсіп жүр. Бұған дейін оның ең жоғарғы көрсеткіші 219 см болатын. 13 мамырда Алматыдағы Қазақстан кубогында 220 см-ге секірді. Сөйтіп спорт шебері нормативін орындады. Романға мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Осы қарқынын жалғастыра берсе, алдағы халықаралық додаларда жүлдеге ілігуге мүмкіндігі бар.

Артур Гафнер (13.07.1998)

Шығыс Қазақстан облысының тумасы Артур Гафнер найза лақтырудан Алматыдағы Қазақстан кубогында қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Ол 14 мамырда 71.88 метрге лақтырды. Бірақ былтырғы өзінің жеке рекорды 72.77 метрге жеткен жоқ. Дегенмен осы бетінен қайтпаса, Артурдан үлкен үміт күтуге болады. Оның жасында Қазақстанда найзаны мұндай қашықтыққа ешкім лақтырмаған.

Лаура Ахметова (2000)

Үш қарғып секіруші Лаура Ахметова жақында Таиланд астанасы Бангокта өткен жеңіл атлетика түрлерінен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Лаура бұған дейін 2 мамырда Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында 12.72 метрге секірген еді. Бұл жолы Бангокта ол көрсеткішінен төмен секірді. Дегенмен қазақстандық спортшы 12.41 метрмен күміс жүлдеге қол жеткізді.

Надежда Дубовицкая (1998)

Орталық Азия елдерінің спортшыларының қатысуымен өткен Алматыдағы халықаралық жасөпірімдер арасындағы турнирде биіктікке секіру бойынша қазақстандық Надежда Дубовицкая жеңіске жеткен еді. Ол осы сайыста өзінің жеке рекордын жаңартты (185 см). Өткен жылы Сары құрлықта бұл көрсеткіштен 8 спортшы ғана асқан. Оның үстіне Дубовицкая осылардың арасындағы ең кішісі. Надежда наурызда 19 жасқа ғана толды.

Мария Овчинникова (19.10.1998)

Қарағандылық Мария Овчинникова 2015 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионатында үш қарғып секіруден сайысқа түсіп, жеңіске жеткен еді. Былтырғы жылы күміс медаль алды. Ал жақында Алматыда аяқталған Қазақстан кубогында жеңіл атлетиканың үш бағдарламасы бойынша қатысты. 4х100 бойынша командалық эстафетада Қарағанды құрамасының алтын алуына себепші болды. Ұзындыққа секіруде екінші, үш қарғып секіруде қола жүлдеге қол жеткізді. Ол Қазақстан кубогында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковамен сайысқа түсті. Мұның өзі жас спортшыға мол тәжірибе болары анық. Сондықтан Марияның болашағы әлі алда деп ойлаймыз.

Варвара Назарова (02.07.1997)

Шығысқазақстандық Варвара Назарова найза лақтырудан Қазақстан кубогында топ жарған спортшылардың бірі. Оның көрсеткіші – 51.33 метр болды. Варвара осы жарыста өзінен әлдеқайда тәжірибелі атлеттерді қапы қалдырды.

Сондай-ақ Ян Тойбаева (сырықпен секіру), Полина Иванова (сырықпен секіру), Екатерина Нестерова (ядро серпу), Никита Корнышевты (үш қарғып секіру) осы қатарға қосуға болады.

Тізімге қайта оралу