Халықаралық Ғұсман Қосанов мемориалына қатысты қызықты 10 дерек

20.06.2017

Бек Төлеуов  
140
Халықаралық Ғұсман Қосанов мемориалына қатысты қызықты 10 дерек Ғұсман Қосанов

Жеңіл атлетикадан дәстүрлі халықаралық Ғұсман Қосанов мемориалы 24-25 маусым күні Алматыда өтеді. Осы жарыстың алдында оқырмандарға оқырмандарға мемориалға қатысты қызықты 10 деректі ұсынамыз.

*Ғұсман Сыйтықұлы Қосанов 1935 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Изатулла ауылында дүниеге келген. Олимпиада ойындарына тұңғыш қатысқан және Олимпиада жүлдесiн тұңғыш жеңiп алған қазақ атлеті.

*Ол 1960 жылы Рим олимпиадасында күміс медальға болды. Италия астанасында 4х100 эстафеталық жарыста КСРО құрама командасы сапында Л. Бартенев, Ю. Коновалов, Э. Озолиндермен бірге мәреге екінші келді. Қосанов сондай-ақ 1960 жылғы Олимпиада ойындарында 100 метрлік қашықтықта да жарыс алаңына шыққан болатын. Жекелей сында 10,7 секунд нәтижесімен жалпы есепте 6-орынға табан тіреді.

*Ғұсман Қосановтың басқа да атақтары жетерлік. Еуропа чемпионы, КСРО чемпионатының күмiс жүлдегерi, Қазақстанның бiрнеше дүркiн чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңiмпазы. Тіпті, жеңiл атлетикадан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш спорт шебері.

*1965 жылы Киевте КСРО мен АҚШ арасында жеңіл атлетикаадан «Марш гигантов» жарысы өтті.  Сол сында құрамында Эдвин Озолин, Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосанов, Николай Политико бар Кеңес Одағының эстафеталық командасы 4 х 100 метрлік бәсекеде 1964 жылы Олимпиада чемпиондары атанған АҚШ желаяқтарынан озып кетті. КСРО спортшылары мәре сызығын 39,3 секунд қиып өтті.Бұл КСРО-ның жаңа рекорды еді. Бұған дейін еш құрамадан дәл бұлай ұтылмаған АҚШ жүйріктері амалсыздан жеңілгенін мойындады. Ғұсман Қосановқа осы жеңісі үшін «КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері» атағын береді.

*1990 жылы 13 маусымда дүниеден өтті.Ал 1991 жылдан бері дәстүрлі түрде жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосанов мемориалы өткізіліп келеді. Бұл жарыс осымен 27-ші рет ұйымдастырғалы отыр.

*Ғұсман Қосанов мемориалы соңғы ширек ғасырда Қазақстанда өткізіліп жүрген танымал додалардың бірі. Одан бөлек жеңіл атлетикадан Азия құрлығындағы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген ең ірі жарыстың бірі болып табылады. 1999 жылы «Қазпошта» мемориалдың 10 жылдық мерейтойына арнап, Ғұсман Қосановтың суретімен арнайы марка шығарды.

* Мемориалда Қазақстан, Ресей, Иран, Украина, Өзбекстан, Таиланд, Малайзия, Қытай, Бахрейн, Үндістан секілді 10 мемлекеттің атлеттері рекорд орнатқан. Бұл турнирдің бірнеше сайыстағы жоғары нәтижелері Қазақстанның ұлттық рекордтарынан асып түседі.

*Осыған дейін өткізілген 26 жылдың ішінде қанша елдің қатысқанын анықтау қиындау. Дегенмен 2016 жылы Қосанов мемориалына 12 мемлекеттің спортшылары келгенін айта кетуге болады.

* Халықаралық Ғұсман Қосанов мемориалына әр жылдары Қазақстанда дүниеге келген үш Олимпиада чемпионы қатысқан. Олар:1988 жылы КСРО құрамасы сапында 4х100 жүгіру бойынша командалық эстафетада топ жарған Виталий Савин, 2000 жылғы Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина және 2012 жылы үш қарғып секіруден Лондон Олимпиадасының жеңімпазы атанған Ольга Рыпакова. Осы үштіктің ішінде Қосанов мемориалында Шишигина ғана 1999 жылы 100 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден рекорд жаңартқан –12.63 секунд.

* Қосанов мемориалында 90-жылдардың басында өнер көрсеткен спортшылардың қазіргі кезде балалары да қатысып жүр. Мысалы, 2016 жылы 200 метрге жүгіруден рекорд орнатқан Виктория Зябкина (22.66 с) – танымал қазақстандық спринтер Виктор Зябкиннің қызы.

Айта кетейік, халықаралық Ғұсман Қосанов мемориалына 2017 жылы 12 мемлекеттің спортшылары қатысады. Алматыда Үндістан, Иран, Бахрейн, Сирия, Малайзия, Ауғанстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Кения және өзіміздің Қазақстанның атлеттері өнер көрсетеді. Жалпы, 200-ден астам спортшы сайысқа деп күтілуде. Олардың арасында былтырғы жылы биіктікке секіру бойынша Азиядағы үздік нәтижелердің бірін көрсеткен Маджед Газаль (Сирия), желаяқтар Реза Хасеми (Иран) мен Якуб Салем (Бахрейн), ұзындыққа секіруші Анкит Шарма (Үндістан) т.б белгілі спортшылар бар.

Жалпы, мемориалда қатысушылар 30 жекелеген сайыс бойынша сынға түседі (15-і ерлер, 15-і әйелдер арасында). Ұйымдастырушылар дәстүрлі түрде 100 метрге жүгіргендердің ішінде үздік шыққан атлетке арнайы сыйлық тағайындап отыр (Ғұсман Қосанов – дәл осы қашықта Олимпиада жүлдесін еншілеген алғашқы қазақ атлеті), ал демеушілердің жүлдесі көрермендер арасында ойнатылады.

Тізімге қайта оралу