13.06.2017

Бек Төлеуов  
79
Он алты жасар чемпион Анастасия Ермакова Қазақстан чемпионатында болашағынан мол үміт күттіретін атлет екенін дәлелдеді

Бала кезімізде қазақтың классик жазушыларының бірі Бердібек Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» деген кітабын оқып едік.  Бізде тақырыпты сол атамызға ұқсастырып қойып отырмыз. Өйткені Алматыда өтіп жатқан жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатында 16 жастағы Анастасия Ермакова сырықпен секіруден жеңімпаз атанды.

Ел чемпионатының алғашқы күнінде қыздар арасында сырықпен секіруден сынға түскен Ермакова тәжірибелі қарсыластарын қапы қалдырды. Ол 3.70 метрге секірді. Әрине, мұндай көрсеткіш тек спорт шеберіне кандидат болуға ғана жеткілікті. Бірақ Анастасияның әлі бар-жоғы 16 жаста екенін ұмытпайық. Қарсыластарының ішінде екінші орын алған спортшының өзі 3.40 метрден әрі аспады.

– Ермакова – болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы. Мамыр айының басында Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында да 3.70 метрге секірген еді. Бұл көрсеткішін Бангоктағы Азия чемпионатында қайталады. Ол кезде төртінші орынға тұрақтады. Енді, міне, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп отыр. Тағы да – 3.70 метр. Алдағы уақытта бұдан да ұзаққа секіреді деп ойлаймын, – дейді Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының спорттық директоры Александр Кощеев.

Айта кетейік, Бангоктағы жастар арасындағы Азия чемпионатында 4 қатысушы бірдей 3.70 метрге секірген еді. Сондықтан жерлесіміз жүлдеге ілікпеді. Әрине, өкінішті. Бірақ Ермакова мінезді қыз. Дайындығын күшейтіп, алғаш рет ересектер арасында Қазақстан чемпионатын ұтып отыр. Шеберлігін тағы да шыңдай түссе, болашағынан үміт күтуге болатын атлеттердің бірі болғалы тұр. 

Тізімге қайта оралу