Қазақстан чемпионатына еліміздің үздік атлеттері қатысады

08.06.2017

Бек Төлеуов  
161
Қазақстан чемпионатына еліміздің үздік атлеттері қатысады Тахиржан Қадырқұлов. Фото Эдуард Гавриш

12-14 маусым күндері Алматыда жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтеді. Оған еліміздің үздік атлеттерінің барлығы қатысады.

Мамыр айының басында ұлттық құрамаға бас бапкер болып тағайындалған, 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері Григорий Егоров Қазақстан чемпионатына еліміздегі үздік атлеттердің барлығы қатысатынын айтты. Сондықтан 12-14 маусымда Орталық стадионда Бүкіләлемдік Универсиада, Азия ойындары, құрлық біріншіліктері мен Азия Гран-приінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері өнер көрсетеді.

Қазақстан чемпионатында жүгіру бағдарламаларының барлығы бар. 100, 200 метрге жүгіретін спринтерлерден бастап, 5000, 10000 метрге жүгіретін стайерлерге дейін сайысқа түседі. Сондай-ақ кедергілер арқылы жүгіру, спорттық жүріс, көпсайыс (жетісайыс, онсайыс), секірудің барлық түрі (ұзындыққа секіру, биіктікке секіру, үш қарғып секіру, сырықпен секіру) және диск, найза, балға лақтыру мен ядро серпу жарыс бағдарламасына енгізілген. Медальдардың көпшілігі 12-13 маусым күні сарапқа салынады. Чемпионат Астана уақыты бойынша 16:00-де басталады.

Әйелдерден Қазақстан чемиионатына 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы Ольга Сафронова (Павлодар облысы), Бүкіләлемдік Универсиада ойындарының үш дүркін чемпионы Виктория Зябкина (Алматы), Азия-2017 Гран-приінің жеңімпаздары Әйгерім Шыназбекова (Алматы), Элина Михина (Шығыс Қазақстан облысы) және т.б атлеттер қатысады.

Ал ерлерден әр жылдары үш қарғып секіруден Азия чемпионы болған Роман Валиев (Павлодар облысы) мен Евгений Эктов (СҚО), спорттық жүрістен 2017 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Геогрий Шейко (БҚО), Қазақстан кубогының жеңімпазы Тахиржан Қадырқұлов (Ақмола облысы) бастаған танымал спортшылар бар.

Қазақстан біріншілігінде спортшылар Бхубанешварда (Үндістан) өтетін Азия чемпионаты (6-9 шілде) мен Лондондағы әлем чемпионатының (4-13 тамыз) нормативін орындайды.

Өйткені жаңа маусымда әлі жарысқа қатыспаған спортшылар бар. Мысалы, 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруші Дмитрий Коблов (Шымкент) пен Александра Романова (Шымкент), үш қарғып секіруден отбасылық жұп Евгений мен Ирина Эктоваларды айтса болады.

Қазіргі кезде қазақстандық атлеттер Лондондағы әлем чемпионатына 8 лицензия жеңіп алған. Оның ішінде төртеуі спорттық жүрістен болса, екеуі марафоннан қатысады. Сондай-ақ жақында Алматыда өткен Қазақстан кубогында үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бүкіләлемдік Универсиада ойындарының үш дүркін жеңімпазы Виктория Зябкина 200 метрге жүгіру бойынша нормативті орындады.

Қазақстан чемпионатынан кейін атлеттер 24-25 маусым күні дәстүрлі халықаралық Ғұсман Қосанов мемориалына қатысады. Бұл жарысқа әлемнің 11 елінен 200-ден астам келеді деп күтілуде.

Тізімге қайта оралу