Қазақстан жабық кешендегі Азия чемпионатынан қанша медаль жеңіп алған?

22.01.2018

Бек Төлеуов  
269
Қазақстан жабық кешендегі Азия чемпионатынан қанша медаль жеңіп алған?

Алдағы 1-3 ақпан күндері Иран астанасы Тегеран қаласында жабық кешендегі Азия чемпионаты өтеді. Оған Қазақстан құрамасы да қатысады.

Тегеран жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия чемпионатын осымен үшінші рет өткізгелі отыр. Жалпы, бұл чемпионат 2004 жылдан бастау алады. Ең алғаш ұйымдастырған қала осы Тегеран болатын.

Биыл еліміздің намысын 25 спортшы қорғайды. Олардың арасында бұған дейін жабық кешендегі Азия чемпионатында жүлдеге іліккендері де бар.  Мысалы, Виктория Зябкина 2 жыл бұрын Дохада 60 метрге жүгіруден чемпион атанған. Сондай-ақ Ирина Эктова (үш қарғып секіру), Михаил Литвин (400 метрге жүгіру), Сергей Зайков (400 метрге жүгіру), Элина Михина (400 метрге жүгіру), Татьяна Нерознак (1500 метрге жүгіру), Никита Филиппов (сырықпен секіру) әр жылдары жүлделі орыннан көрінген.

2004 жылы (Тегеран)

Ең алғаш Тегеранда ұйымдастырылған Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 7 (4 алтын, 2 күміс, 1 қола) медаль жеңіп алды. Жалпы командалық есепте Қытай мен Ираннан кейін үшінші орынға ие болды.

Ерлерден Юрий Пахляев (биіктікке секіру) пен Павел Дубицкий (жетісайыс), әйелдерден Татьяна Росланова (400 метрге жүгіру), Светлана Лукашева (3000 метрге жүгіру) чемпион атанды. Сондай-ақ Денис Саурамбаев (үш қарғып секіру), Светлана Лукашева (1500 метрге жүгіру), Иоланта Ульева (ядро серпу) жүлдеге ілікті.

2006 жылы (Паттайя)

Ал 2006 жылы Таиландтың Паттайя қаласында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте топ жарды. Қытай мен Жапония құрамасын артқа тастадық.  Қоржынға 18 (7 алтын, 2 күміс, 9 қола) медаль түсті.

Таиландтан Роман Валиев (үш қарғып секіру), Павел Дубицкий (жетісайыс), Анна Гаврющенко (400 метрге жүгіру), 4х400 метрлік әйелдер эстафета құрамасы, Марина Аитова (биіктікке секіру), Елена Парфёнова (үш қарғып секіру), Ольга Рыпакова (бессайыс) алтын медаль жеңіп алды.

 2008 жылы (Доха)

Дохадан 14 (4 алтын, 6 күміс, 4 қола) медаль бұйырды. Жалпы командалық есепте үшінші орын. Сергей Засимович (биіктікке секіру), Роман Валиев (үш қарғып секіру), Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Ирина Науменко (бессайыс) жеңіске жетті.

2010 жылы (Тегеран)

Алғаш рет Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте үздік үштікке ілінбеді. Бұл жолы 4-орынды қанағат тұтуға тура келді. Иран астанасында 13 (3 алтын, 5 күміс, 5 қола) медаль еншіледік. Марина Масленко (400 метрге жүгіру), Марина Аитова (биіктікке секіру), Людимила Гранковская (ұзындыққа секіру) бас жүлдеге ие болды.

2012 жылы (Ханчжоу)

Қытайдың Ханчжоу қаласындағы жабық кешендегі Азия чемпионатында тағы да төртінші орынды қанағат тұттық. Бұл жолы медаль саны да, алтын да кеми түсті. Бар-жоғы 7 (2 алтын, 3 күміс, 2 қола) медальмен шектелдік. Екі алтынға көпсайыстан отбасылық жұп Дмитрий мен Ирина Карповтар қол жеткізді.

2014 жылы (Ханчжоу)

2014 жылы тағы да жабық кешендегі Азия чемпионатын Ханчжоу өткізді. Жерлестеріміз мұның алдында қатарынан екі рет жалпы командалық  есепте төртінші алса, осы жолы үштікке ілінді. Медаль саны – 12. Оның төртеуі алтын болды. Ерлер мен әйелдердің 4х400 метрлік құрамасы да жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Сондай-ақ жетісайыстан Дмитрий Карпов, 800 метрге жүігруден Татьяна Юрченко топ жарды.

2016 жылы (Доха)

Катар астанасы 2016 жылы жабық кешендегі Азия чемпионатын екінші рет өткізді. Жалпы командалық есепте үшінші орын. Дохадан 10 медаль (4 алтын, 2 күміс, 4 қола) бұйырды. Дохада Роман Валиев үшінші рет жабық кешендегі Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Одан бөлек Виктория Зябкина (60 метрге жүгіру), Анастасия Сопрунова (60 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру), Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру) үздіктер қатарынан көрінді.

Азия чемпионатынан 59 медаль 

Жалпы, жабық кешендегі Азия чемпионатынан 2004 жылдан бері Қазақстан құрамасы 59 (20 алтын, 18 күміс, 21 қола) медаль жеңіп алды. Медаль саны жөнінен Қытайдан кейін екінші орында тұрмыз.

Тізімге қайта оралу