Никита Филиппов соңғы Универсиадасында жүлдеге іліге ме?

15.08.2017

Бек Төлеуов  
275
Никита Филиппов соңғы Универсиадасында жүлдеге іліге ме?

Кезінде Қазақстанның сырықпен секірушілер мектебі өте мықты болатын. Талай дарынды спортшылар түлеп шықты.

Бүгінгі таңда ұлттық құраманың бас бапкері қызметін атқарып жүрген  Григорий Егоров, сондай-ақ Сергей Кулибаба, Игорь Потапович секілді дүлділдер кезінде жоғары деңгейде өнер көрсетті. Олимпиада, әлем чемпионаттарына қатысып, жүлделі орындардан көрінді.

Соңғы жылдары сырық ұстаған қыз-жігіттеріміз жоғары нәтиже көрсете алмай жүрген еді. Абырой болғанда 2015 жылы Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен жазғы Универсиада ойындарында Никита Филиппов чемпион атанып, жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады.

Никита Филиппов 1991 жылы 7 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Еліміздегі атақты жаттықтырушылардың бірегейі Сергей Кулибабадан тәлім алады.

2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатысып, 5,35 метрге секіріп, жалпы есеп 18-орынға тұрақатады. Одан кейін 2013 жылы Қазанда өткен жазғы Универсиада ойындарында қола жүлдеге ие болды. Татарстан астанасында спортшы 5,50 метрге секірді. Араға екі жыл салып, алматылық атлет қоланы алтынға алмастырды, Кванджуда  да Никитаның  нәтижесі негізі 5,50 метр болатын.  


Универсиадан кейін Алматыдағы жарыстардың бірінде өзінің жеке рекордын жаңартты – 5,65 метр. Ал биыл Филиппов «Түркия ашық лигасында» жеңіске жетті (5,50 метр). Сондай-ақ ол осы маусымда ел чемпионатында (5,40 метр) және Ғұсман Қосановты (5,20 метр) еске түсіруге арналған халықаралық мемориалда топ жарған болатын.

Үндістандағы Азия чемпионатына сырықпен секіруден қарағандылық Данил Полянски қатысып қайтты. Енді Қытай Тайбэйінде өтетін жазғы Универсиада ойындарында Сергей Кулибабаның қос шәкірті Сергей Григорьев пен Никита Филиппов өнер көрсетеді.

Осыған дейін екі бірдей Универсиада ойындарынан құралақан қайтпаған Никита бұл жолы да барын салады деп үміттенеміз. Өйкені алматылық спортшы үшін бұл соңғы Универсиада болмақ. Дүниежүзілік студентері ойнына 28 жастан асқандар қатыса алмайды. Биыл Филиппов 26 жасқа толады. Ал келесі Универсиада кезінде ол 28 жаста болады.

 

Тізімге қайта оралу