Жазғы Азия ойындары 2018

Есептегіш

15

Күн
Джакарта, Индонезия

Ольга Рыпакова әлем чемпионатына осымен бесінші рет қатыспақ

31.07.2017

Бек Төлеуов  
327
Ольга Рыпакова әлем чемпионатына осымен бесінші рет  қатыспақ

Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өтетін XVI әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы негізінен үш қарғып секіруден 2012 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Рыпаковаға сенім артады.

Жеңіл атлетикадан бүгінгі таңдағы ұлттық құрама көшбасшысы дүниежүзілік додаға алғаш рет 2007 жылы жолы түскен. Жапонияның Осака қаласында 23 жастағы атлет 14,32 метрмен 11-орыннан көрінді.

Одан кейін 2009 жылы Германия астанасы Берлин қаласы өткізген XII әлем біріншілігіне жарақатына қарамастан барады. Негізі дәрігерлер қатыспауға кеңес берген болатын. Шығыс Қазақстан облысының тумасы бұл жарыста 13,91 метрге секіріп, 10-орын алды. Денсаулығына байланысты өзінің толық мүмкіндігін көрсете алған жоқ.

Ал 2011 жылы Ольга нағыз бабына енгенін байқатты. Дэгуде үш қарғып секіру сайысына 34 спортшы келген екен. Алғашқы іріктеу сынында Рыпакова барлық картасын ашпай, финалға алтыншы болып өтеді. Шешуші сында украиналық Ольга Саладуха бірінші мүмкіндігінде-ақ 14,94 метрге секіріп үлгереді. Бұл көрсеткіштен ешқайысы аса алмайды. Сөйтіп, ол чемпион атанды. Қазақстандық спортшы 14, 89 метрмен Ибаргуэнді қапы қалдырып, екінші орынға тұрақтады. Осылайша, әлемдік додадағы алғашқы жүлдесіне қол жеткізді.

Бұдан соң, 2012 жылы Олимпида чемпионы атанған Рыпакова 2013 жылы екінші сәбиін дүниеге әкеліп, Мәскеудегі әлем чемпионатына қатыспады. Есесіне, 2015 жылы Пекинде қола жүлдеге ие болды. Көрсеткіші – 14, 77 метр.

Енді, міне, жерлесіміз биыл бесінші рет әлем біріншілігіне қатысқалы отыр. Басты фаворит ретінде Олимпиада чемпионы Катрин Ибаргуэн мен күміс жүлдегер Юлимар Рохас аталып жүр. Колумбиялық осыған дейін екі әлем чемпионатын ұтып алған. Егер осы жолы тағы да топ жарса, онда үш қарғып секіруден үш дүркін жеңімпаз атанған алғашқы спортшы болмақ.

Биылғы маусымның ең үздік көрсеткіші – Юлимар Рохасқа тиесілі. Ол Римдегі «Гаухар лиганың» төртінші кезеңінде 14,96 метрге секірген еді. Екінші орында Катрин Ибаргуэн (14.86), үштікті  Ольга Рыпакова (14.64) қорытындылап тұр.

Әлем чемпионаты 4-13 тамыз аралығында «Тұманды Албионда» өтеді.  Үш қарғып секіру сайысы 5 тамыз күні басталады. Бұл сында Ольга Рыпаковадан бөлек, Қазақстаннан 2017 жылғы Азия чемпионы Мария Овчинникова да қатысады. 

Тізімге қайта оралу