Ольга Шишигина: Қосанов мемориалы биыл шынымен де, жылдағыдан да тамаша өтті

29.06.2017

40
 Ольга Шишигина: Қосанов мемориалы биыл шынымен де, жылдағыдан да тамаша өтті

Жеңіл атлетикадан дәстүрлі Ғұсман Қосановты еске түсіруге арналған мемориал биылғы жылы дүркіреп өтті. Оны сырттан келген спортшылар мен қонақтардың өзі растап отыр. Турнирдің осындай жоғары деңгейде өтуі бірінші кезекте ұйымдастырушылар мен демеушілердің арқасы.

Биылғы мемориал осымен XXVII рет ұйымдастырылды. Алматыға Азия, Еуропа, Африка құрлығының 12 мемлекеті келіп қатысты. Алатау бөктерінде жарыс қожайыны Қазақстаннан бөлек, Үндістан, Иран, Малайзия, Сирия, Бахрейн, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Кения спортшылары бақ сынады. Соңғысы Қосанов мемориалына алғаш рет келіп отыр.

Жарысты тамашалаушы құрметті қонақтардың қатарында 100 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден Сидней Олимпиадасының чемпионы, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ольга Шишигина да болды. Ардагер спортшы біздің порталдың тілшісіне берген сұхбатында турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Биыл Қосанов мемориалы, шынымен де, жылдағыдан да тамаша өтті. Мерекенің атмосферасын сезіндік. Басталғаннан-ақ биылғы жарыс бәріне де керемет көңіл-күй сыйлады. Демеушілердің де пайда болғаны қуантады. «Цеснабанк» қолдау көрсетіп жатыр. Лотереялық ойындар ұйымдастырылды. Міне, осының барлығы елімізде жеңіл атлетика спортының болашағы бар екенін көрсетіп берді. Өзім шетелдің турнирлерін тамашалағандай ләззат алдым, – деді Олимпиада чемпионы.

 Ольга Васильевнаның айтқан сөзінің жаны бар. ҚР Жеңіл атлетика федерациясының бас демеушісі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры болса, серіктес демеушілерінің қатарында «Цеснабанк» та бар.

Алматыдағы Орталық стадионға «Цеснабанктің» бірнеше өкілі келіп, спортшыларға қызу қолдап көрсетіп отырды.

Маусым айында Алматы секілді оңтүстікте орналасқан қалада күннің аптап ыстық болатыны белгілі. Ғұсман Қосанов мемориалы екі күн қатарынан таңғы сағат 09:00-де басталды. Осындай уақытта спортшылар мен көрермендер шөлдемес үшін  RGBrands компаниясы өз өзінімін яғни ASU брендін жеткізді. Үнемі салауатты өмір салтын қолдап жүретін компания бұл жолы да демеушілер қатарынан табылып, екі күн қатарынан ауыз сумен қамтамсыз етті. Сондай-ақ жарыс алдында спортшылардың жаттығу жиынына да су жеткізіп берген болатын.

Биыл мемориалда көрермендер арасында лотериялық ойындар ойнатылды. Стадионға келген әрбір көрермен мен  жанкүйер (Мемориалға кіру тегін болды) лотериялық арнайы билет алды. Сол билеттер бойынша кейін ұтыс ойындары ойнатылды. Басты сыйлыққа  Iphone 7 телефоны қойылды. Сондай-ақ теледидар, планшеттер болды. Бағалы сыйлықтарды» «Wesing» ЖШС мен  «Global» құрылыс компаниясы ұсынды.

Виктория Зябкина, Ғ.Қосанов мемориалының жеңімпазы:

– Осы жолы мемориал керемет өтті. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Барлығы өте керемет болды.  Осылай-осылай әлемдік деңгейдегі жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге машықтанып кетеміз деп ойлаймын.

 Анастасия Асланиду, Ғ.Қосанов мемориалының күміс жүлдегері (Өзбекстан):

– Ұйымдастырушылар биыл керемет дайындалыпты. Өзіміз олай күтпеген едік. Шынымен таңқаларлықтай болды. Мен осы жарысқа 5 жыл бойы тұрақты түрде қатысып жүрмін. Сол турнирлердің ішінде ең жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны биылғысы болды деп ауыз толтырып айта аламын.

Айта кетейік, халықаралық додада жеңіл атлетиканың 34 түрінен медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Оның ішінде 30-ы жекелеген сайыс болса, 4-уі командалық эстафета.  Мемориалда тіркелген көптеген нәтиже Азияның 2017 жылғы үздік көрсеткіштерінің қатарында. Биылғы жылы XXVII рет ұйымдастырылған Ғ.Қосанов мемориалының алтыны 7 мемлекеттің спортшысына бұйырды. Олар – Қазақстан, Үндістан, Иран, Өзбекстан, Кения, Қырғызстан, Бахрейн құрамалары. Сонымен қатар, Тәжікстан, Түркіменстан, Малайзия, Украина атлеттері жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Жалпы Қазақстан спортшылары 34 сайыстың 16-сында бас жүлдені ешкімге берген жоқ. Оның ішінде 9 алтынды қыздар еншілесе, жігіттерге жетеуі бұйырды. Екінші орында Үндістан спортшылары. Олардың қоржынында – 8 алтын бар (4+4). Үштікке Иран құрамасы жайғасты. Парсы елінен келген алтеттер 4 алтын жеңіп алды. Сондай-ақ Кения (1+1) мен Өзбекстан (1+1) 2 алтынға ие болды. Көрші Қырғызстан мен Бахрейнге бір алтыннан бұйырды.

Тізімге қайта оралу