27.05.2018

«Тайбэйдегі төрттік»

25-26 мамыр күндері Тайбэйде жеңіл атлетикадан дәстүрлі Taiwan Athletics Open турнирі өтті.

Ұйымдастырушылар жарыстың деңгейін көтеру үшін биыл әр елден танымал спортшыларды шақырған екен. Қазақстан жеңіл атлетика федерациясына 5 атлетті жіберу туралы шақырту келді. Оның төртеуі Тайбэйге барып өнер көрсетіп қайтты. Атап айтсақ, Әйгерім Шыназбекова, Анастасия Виноградова (100 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру), Мария Овчинникова  (үш қарғып секіру), Иван Иванов (ядро серпу).

Алғашында бесінші спортшы ретінде Ирина Эктова баратын болған. Бірақ ол бас тартқан соң сырықпен секіруші Анастасия Ермакованың кандидатурасы ұсынылды. Алайда дәл 25 мамырда мектеп бітірген Ермакова да Тайбэйге жолы түспеді.

Сондықтан бас бапкер Григорий Егоров төрт спортшыны бастап барды. Айтпақшы, бұл төрттік былтырғы жылы да дәл осы стадионда өнер көрсеткен. Тіпті, Иван Иванов пен Әйгерім Шыназбекова бұл аренада екі жарысқа қатысқан. Сәуірде Азия Гран-приіне және тамызда Универсиада ойындарында бақ сынаған.

Бұл жолы Тайбэйдің ашық чемпионатында Қазақстанның 4 спортшысының біреуі жеңіске жетті. Ол – Иван Иванов.

Ивановпен бірге ядро серпу сайысына Жапония, Таиланд, Филиппин және Тайбэй елінің 13 спортшысы жарыс секторына шықты.

 Иван соңғы рет ақпан айында жабық кешендегі Азия чемпионатына қатысқан. Сол кезде жарақат алып, жүлдеден тыс қалған. Одан бері жерлесіміз ешқандай сайыста бой көрсетпеген.

Алматы облысының атлеті алты мүмкіндігін де толық пайданды. Ең алысқа сермегені – 18.90 метр. Екінші орынға жергілікті спортшы Чанг Мин Хуан тұрақтады (18.17 метр). Қола медаль жапониялық Шиничи Якунага бұйырды.

Әйелдер арасындағы  100 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру сайысына АҚШ-тан 2015 жылғы Панамерика ойындарының чемпионы Квин Харрисон келіпті. Іріктеу кезеңіне қатыспаған Харрисон финалда аталған қашықтықты 12,43 секундта жүгіріп өтіп, бірінші орынды ешкімге берген жоқ. Жалпы, бұл сайыс түрінен хаттамаға 28 спортшы тіркелді. Қазақстандық Виноградова төртінші (13,52 сек), Шыназбекова (13,54 сек) алтыншы орынға тұрақтады.

Үш қарғып секіру сайысында өнер көрсеткен 16 қыздың арасында Мария Овчинникова қола жүлдеге ие болды.

Соңғы жылдары сары құрлықта үш қарғып секіруден Ольга Рыпаковадан өзге ешкім 14 метрге секірмеген еді. Таи қызы Паринья Тайбэйге жақсы дайындықпен келіпті. Ол 13.30 метрден бастап, 14,17 метрге дейін жеткізді. Ал жерлесіміз Овчинникова алты мүмкіндіктің екеуін ғана дұрыс пайдаланды. Көрсеткіші – 13.15 және 13.26 метр. Сөйтіп, оған қола медаль бұйырды. Алғашқы халықаралық жарыс үшін Мария үшін жаман нәтиже емес. Вьетнамдық атлет Тхи Мен Ву 13.57 метрмен екінші орынға тұрақтады.  

– Бұл біз үшін пайдалы жарыс болды. Өз сайыстарында көшбасшы саналатын 4 қазақстандық атлет өнер көрсетті.Тайбэйде олар бәсекелестікті сезінді. Әйтпесе, Қазақстанда оларға қарсылық танытатындар аз. Бірінші кезекте, Иван Ивановты айтса болады. Елішілік жарыста қарсыластары Иваннан 5 метрге қалып қойып жатады. Спортшы жазғы маусымдағы алғашқы жарысында 18.90 метрге жеткізгені бізді қуантты, – дейді ұлттық құраманың бас бапкері Григорий Егоров.

Тізімге қайта оралу