19.06.2018

Құстай ұшқан желаяқ

Алдағы 29-30 маусым күні Алматыда жеңіл атлетикадан дәстүрлі халықаралық Ғұсман Қосанов мемориалы өтеді. Осымен 28-рет ұйымдастырылып отырған жарыстың алдында оқырмандарға алдымен Ғұсман Қосанов кім екенін қысқаша таныстырып өтсек.

Қазақ спортының жылнамасына қызыққан адам Ғұсман Қосановтан аттап кете алмасы анық. Оған өзіндік бірнеше себеп бар. Өйткені, ұлты қазақтан шыққан арасында Олимпиада ойындарына қатысқан және жүлдеге іліккен тұңғыш спортшы. Ғұсманға дейін де қазаақт спортшылар болды. Бірақ ешқайсысы 4 жылда бір өтетін Олимпиада ойындарының тұғырына көтерілген емес. Сондықтан біздің спорттың жылнамасына қызықсаңыз, міндетті түрде Ғұсман Қосановтың есімін білуіңіз қажет.

Аға буын жанкүйерлер Қосановтың қандай деңгейде спортшы болғанын, оның спорттағы жетістіктерін жатқа білуі мүмкін. Ал кейінгі ұрпақтың бәрі бірдей хабардай дей алмаспыз.

Сонымен Ғұсман Қосанов кім? Ол  1935 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Изатулла ауылында дүниеге келген. Олимпиада ойындарына тұңғыш қатысқан және Олимпиада жүлдесiн тұңғыш жеңiп алған қазақ атлеті.

Спортшының ауылдасы Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ «Алаш айнасы» газетіне жазған мақаласында Қосановтың алғашқы жаттықтырушысы әкесі Ситық болған деген дерек келтіреді:

«Атақты желаяқтың туған қарындасы Нағима апайдың қолжазба деректеріне сүйенсек, олардың әкесі Ситтық Ықыласұлы соғыс басталысымен 1941 жылы өз еркімен майданға кеткенде, аналары Бибінұр қатты науқастанып, 1942 жылы қайтыс болады да, бар ауыртпалық Ғұсманның нағашы әжесі Кәкімнің мойнына түседі. 1943 жылы Ситтық Ықыласұлы ауыр жарақаттанып елге оралады. Артынша колхозда бригадир болып еңбекке араласады. Ғұсманның өзі туралы жазған «Жеңіске жол» автобиографиялық кітабында мынадай жолдар бар: «Атың өшкір соғыс менің және құрдас- тұстастарымның ең қымбат қазынасы – балалық бал дәуренімізді тартып алды. Біз таңды таңға ұрып, егістіктен масақ теретін едік. Бұл ауыр тұрмыс бізді шынықтырды...». Ғұсманды көзі көргендердің айтуынша, ол кісінің бірінші жаттықтырушысы әкесі Ситтық болыпты. Әкесі Ғұсманға арқанды ұстатып, өзі атпен желіп, ал ұлы қасында жүгіріп отырады екен»,– делінген.

Қандай жетістігі бар?

*Ол 1960 жылы Рим олимпиадасында күміс медальға болды. Италия астанасында 4х100 эстафеталық жарыста КСРО құрама командасы сапында Л. Бартенев, Ю. Коновалов, Э. Озолиндермен бірге мәреге екінші келді. Қосанов сондай-ақ 1960 жылғы Олимпиада ойындарында 100 метрлік қашықтықта да жарыс алаңына шыққан болатын. Жекелей сында 10,7 секунд нәтижесімен жалпы есепте 6-орынға табан тіреді.

*Ғұсман Қосановтың басқа да атақтары жетерлік. Еуропа чемпионы, КСРО чемпионатының күмiс жүлдегерi, Қазақстанның бiрнеше дүркiн чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңiмпазы. Тіпті, жеңiл атлетикадан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш спорт шебері.

*1965 жылы Киевте КСРО мен АҚШ арасында жеңіл атлетикаадан «Марш гигантов» жарысы өтті.  Сол сында құрамында Эдвин Озолин, Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосанов, Николай Политико бар Кеңес Одағының эстафеталық командасы 4 х 100 метрлік бәсекеде 1964 жылы Олимпиада чемпиондары атанған АҚШ желаяқтарынан озып кетті. КСРО спортшылары мәре сызығын 39,3 секунд қиып өтті.Бұл КСРО-ның жаңа рекорды еді. Бұған дейін еш құрамадан дәл бұлай ұтылмаған АҚШ жүйріктері амалсыздан жеңілгенін мойындады. Ғұсман Қосановқа осы жеңісі үшін «КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері» атағын береді.

*1990 жылы 13 маусымда дүниеден өтті.Ал 1991 жылдан бері дәстүрлі түрде жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосанов мемориалы өткізіліп келеді. Бұл жарыс биыл 28-ші рет ұйымдастырғалы отыр.

Тізімге қайта оралу