Біз сенім артар сырықпен секіруші спортшылар

24.05.2018

295
Біз сенім артар сырықпен секіруші спортшылар

Жеңіл атлетикада сырықпен секіру деген сайыс бар. Ерлер арасындағы сырықпен секіру 1896 жылғы Олимпиада ойындарынан бері төрт жылдықтың басты додасынан түскен емес. Ал әйелдер арасындағы бағдарламасы 2000 жылы Сиднейде қосылды.

Әлемдік рекорд ең алғаш 1866 жылы Англияда тіркелген екен. Ол кездегі ең жоғары көрсеткіш 3,20 метр болған. Ал қазіргі рекорд 6 метрден асып кеткен.

Сырықпен секіру сайысы кезінде КСРО-да қатты дамыған. Әлемдік рекордтың иесі – Сергей Бубка да осы алып империяда дүниеге келген. Әсіресе, 1980-90 жылдары бәсекелестік жоғары болды. Сергей Бубка, Григорий Егоров, Родион Гатауллин, Пётр Бочкарев арасындағы бәсекелестік сөзіміздің дәлелі бола алады.

Тіпті, 1988 жылғы Сеул Олимпиадасында алғашқы үш орынды Бубка, Гатауллин, Егоров өзара бөлісті.

Ал Қазақстанда бүгінгі таңда ұлттық құраманың бас бапкері қызметін атқарып жүрген  Григорий Егоров, сондай-ақ Сергей Кулибаба, Игорь Потапович секілді дүлділдердің атағы алысқа тарады.

Егоров 1993 жылы 5,90 метрге секіріп, Азияның рекордын жаңартты. Оны 1998 жылы Потапович қайталады.

Соңғы жылдары сырық ұстаған қыз-жігіттеріміз жоғары нәтиже көрсете алмай жүрген еді. Абырой болғанда 2015 жылы Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен жазғы Универсиада ойындарында Никита Филиппов чемпион атанып, жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады.

Биыл Тайпэйдегі Универсиада ойындарында Сергей Григорьев 5,50 метрге секіріп, екінші орын алды. Оның алдында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласындағы халықаралық турнирде 5,65 метрмен жеке рекордын жаңартқан болатын. Сондай-ақ қыркүйек айында Ашхбадтағы жабық кешендегі Азия ойындарында жеңіске жетті (5,40 м).

Никита Филипповті ескі жарақаты жиі мазалады. Сондықтан кейбір жарыстарда бұрынғы көрсеткішінде қайталауға қиынға соқты. Дегенмен Түркиядағы халықаралық турнирде топ жарғанын айта кету кетуге болады. Ол додада  Фиилиппов 5,50 метрге секірді.

Қазіргі таңда Никита мен Сергейден бөлек, 18 жастағы Михаил Буданы ерекше атап өтуге болады.  Буданың биылғы ең жоғары көрсеткіші – 5,10 метр. Егер осы қарқынын жоғалтпаса, бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізе алады деп сенеміз.

Азия құрлығында қазіргі кезде ең үздік сырықпен секіруші – қытайлық Чанжу Сю. Ол Лондондағы әлем чемпионатында 5,82 метрмен төртінші орынға табан тіреді

Тізімге қайта оралу