Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

2

Күн
Дунгань, Қытай

Олимпиада ойындарына алғаш қатысқан қазақстандық спортшы

20.04.2017

Олимпиада ойындарына алғаш қатысқан қазақстандық спортшы Евгений Кадяйкин

Төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындарына қазақстандықтар алғаш рет жеңіл атлетикадан қатысқан екен. Аустралияның Мельбурн қаласындағы XVI жазғы Олимпиада ойындарында Евгений Кадяйкин Қазақ КСР атынан өнер көрсетті. Әрине, ол кезде еліміз КСРО құрамында болды.

Евгений екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Орск қаласында жұмыс істеді. Бұл қалаға сол кезде Тульдағы қару-жарақ зауытын көшіріп әкелген еді. Жұбайының жасы сол кезде 12-де екен. Әкесі майдан даласына аттанып кеткен. Жена – отбасындағы алты баланың үлкені. Іні-қарындастарын асырау үшін күніне 12-15 сағат жұмыс істеді. Кадяйкин зауытта шебер Виктор Софроновтың қарамағында токарь болды. 9 айдың ішінде бесінші разрядқа дейін көтеріліп, оған «Берлен-любке» станогын сеніп тапсырады.

Софроновтың қол астындағылардың барлығы бозбалалар еді. Ішінде 16 жастан асқан бірде-бір адам болмады. Дисциплина өте қатал. Жұмысқа кешіксең, еңбегіне берілетін нанның көлемін 800-ден 500 граммға дейін қысқартып тастайды.

Сталинградты немістерден азат еткен соң, зауыт жұмысшыларының демалатын уақыты көбейеді. Ал Кеңес әскерлері тағы бір ірі жеңіске қол жеткізгенде, зауыттың маңайында жүгіруден кросс ұйымдастырылады. Бір шақырымды 3мин.49 секундта басып өткен Евгений мәреге бірінші келеді. Сол кезде зауыт дирекциясы өз жұмысшыларына ФЗО бағдарламасы бойынша оқуға мүмкіндік жасайтын. Кадяйкин 1944 жылы емтихан тасырып, Чкалов облысындағы денешынықтыру техникумына қабылданады. Оқуда жүріп, көптеген жарыстарға қатысады. Спорттың барлық түрімен айналысып көреді. Ал соғыс аяқталған соң, 1947 жылы оқуын бітіріп шықты. Техникумды тәмәмдаған студенттердің 5 пайызына жоғары оқу орындарына жолдама үлестіреді. Ол Алматыдағы Қазақ мемлекеттік денешынықтыру институтын таңдайды. Институт директоры Шәміл Бекбаев талапкердің құжатын көріп, емтихансыз қабылдауға шешім шығарыпты. Сондай-ақ жатаханадан орын береді. Студенттік жылдарында институттың чемпионатын, Қазақ КСР біріншілігін талай рет ұтып алды.

1952 жылы кедергілер арқылы 3000 метрге жүгіруден спорт шебері нормативін орындап шықты. Ал 1953 жылы Мәскеуден өткен КСРО біріншілігінде осы қашықтықта төртінші орын алады. Сондай-ақ сол жылы Сочидегі бүкілодақтық кросста алдына жан салмайды. Сөйтіп, одақтың бас құрамасына енеді. Ол кезде КСРО құрамасы 1954 жылы Швейцарияның Берн қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатқан еді. Бірақ әлем біріншілігінде жерлесіміз жарақатының салдарынан тек сегізінші орынды місе тұтты. Дегенмен сол жылдары одақта 3 мың метр қашықтықты кедергілер арқылып кесіп өтуден Кадяйкиннен мықты ешкім болған жоқ.

Арада екі жыл өткенде жасыл құрлықтағы Олимпиада ойындарына жолы түсті. Олимпиада жылы ол үшін жақсы басталады. Киевтегі іріктеу турнирін, Франция мен Финляндиядағы халықаралық жарыста жеңіске жетеді. Тамызда КСРО халықтарының Спартакиадасында 3000 метрді кедергілер арқылы жүгіруден мәреге екінші келді (8 мин. 47,8 сек).

Олимпиада ойындарында Аустралияның Мельбурн қаласындағы «Крикет де Граунд» деп аталатын 100 мың адамға арналып салынған жаңа стадионда жүгірді. 3 мың метр қашықтықта 23 спортшы өнер көрсетті. Евгений мәре сызығын 9 мин. 09,6 секундта қиып өтті. Көрсеткіші – 9-орын. Өкінішке қарай, төрт жылдықтың басты додасында финалға шыға алмады. Дегенмен тарихта есімі Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақстандық спортшы ретінде қалды.

Олимпиадағы сәтсіздігін мамандар бапкер Денисовтің қателігі деп санайды. Бас бапкер КСРО құрамасы атынан барған Василий екеуін бірдей финалға шығарамын деп ойлаған. Алайда екеуі де финалға өте алмай қалады. Евгений Мельбурнда Олимпиада алдындағы іріктеудегі көрсеткішінен 22 секундқа қалып қойған.

Жалпы, Евгений Кадяйкин Қазақ КСР чемпионатын 17 мәрте ұтыпты. 29 рет рекорд жаңартқан. Сондай-ақ 8 рет Спартакиада ойындарында жеңіске жеткен. Карьерасын аяқтаған соң, Қазақ КСР құрамасын жаттықтырды. Еңбек сіңірген жаттықтырушы атанды. Бірнеше рет жылдың үздік бапкері атанды. Оның шәкірттері арасында 5 КСРО чемпионы, 150 Қазақ КСР чемпионы, 26 КСРО спорт шебері шықты. Танымал шәкірттерінің қатарына Совет Исамбаев, Владимир Рябов, Анатолий Бадранковтарды жатқызуға болады.

Тізімге қайта оралу