Александр Винокуров: Келесі жылы Ironman-ға қатысқым келеді

28.08.2017

Бек Төлеуов  
77
Александр Винокуров: Келесі жылы Ironman-ға қатысқым келеді сол жақта - Марат Жыланбаев, оң жағында - Александр Винокуров

Кеше Астанада өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымының халықаралық марафонына қатысқандардың арасында танымал өнер, спорт жұлдыздары көп болды. Солардың бірі 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы Алелксандр Винокуров 42 шақырым 195 метрге жүгіріп, өте жақсы нәтиже көрсетті. Мәреге жеткен соң, атақты велошабандоз ҚР жеңіл атлетика федерациясы порталының тілшісіне жарыс туралы өз әсерімен бөлісті.

– Бұл менің өмірімдегі екінші марафон. Бұған дейін Алматыда жүгіргенмін. Тәжірибе үшін барлығы жақсы өтті деп ойлаймын. Мәреге 3 сағат 6 минутта келдім. Сөйтіп, Алматыда жүгірген нәтижемді қайталадым. Келесі жылы триатлоннан Ironman-ға қатысқым келеді. Бүкіләлемдік триатлон корпорациясы ұйымдастыратын (WTC) ұзақ қашықтықтағы жарыста үзіліссіз 3,8 шақырымға жүзу, велосипедпен 180 шақырымға жарысу және 42 шақырым 195 метрлік марафон бар. Бүгін өзімді тағы бір мәрте марафоннан сынап көрдім.

– 42 шақырымға жүгіргендердің арасында кәсіби марафоншылар көп болды. Олармен жарысу қиынға соқпады ма?

– Өзімді аса қатты қинаған жоқпын. Еркін, бірқалыпты жүгіріп шықтым. Әрине, кәсіби марафоншылармен жарысу оңай емес. Көңіл күй керемет. Оның үстіне ауа-райы да керемет болды.

Александр Винокуров Астанадағы ШЫҰ марафонында 42 шақырым 195 метрге жүгірген 500-ге жуық қатысушыны арасынан 31-ші келді. Бұл қашықтықта өзбекстандық Андрей Петров жеңіске жетті. Екінші орын Беларусь елінен келген Владислав Прямовқа бұйырды. Үздік үштікті Илья Тяпкин (Қырғызстан) қорытындылады. Сондай-ақ осы қашықтықта ҚР Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов, жүгірді.


Тізімге қайта оралу