Анастасия Ермакова, сырықпен секіруші: Қосымша гимнастикамен айналысамын

11.02.2018

236
Анастасия Ермакова, сырықпен секіруші: Қосымша гимнастикамен айналысамын

Иран астанасы Тегеран қаласында өткен жабық кешендегі Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті алтын жеңіп алған еді. Оның біреуі сырықпен секіруші Анастасия Ермаковаға тиесілі.

Анастасия 2000 жылы дүниеге келген. Қазіргі кезде Алматыдағы мектептердің бірінде 11-сыныпта оқиды. Жас атлет – спорт менің өмірім дейді. Ересектер арасындағы халықаралық жарыста алғашқы алтынын еншілеген атлетті марапаттау рәсімінен кейін әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Анастасия, жүлдеңіз құтты болсын!, Көрсеткен өнеріңізді қалай бағалайсыз?

– Нәтижеме көңілім толған жоқ. 3.70 метр – осыған дейін бірнеше рет секіріп, бағындырып жүрген биіктігім. Көңілге жұбаныш болатыны, жабық кешендегі Азия чемпионатының жеңімпазы атанғаным. Әйтпесе, бұдан да жақсы нәтиже көрсеткім келген.

– 3.80-3.90 метрлерді бағындыруға не кедергі болды?

– Техникалық қателіктер ғой.

– Алдағы жоспарың қандай?

– Жұмысты жалғастыру қажет. Кеткен қателіктерімді түзеп, алдағы жарыстарда қайталамауға тырысу.

– Биылғы жылдың ең басты додасы – жазғы Азия ойындары. Джакартада сізден жүлде күтуге бола ма?

– Неге болмасқа? Оған дейін спорттық бабына еніп, дайындығымды күшейту керек. Бастысы, кеткен қателіктерден сабақ шығару. Азия ойындарында спорт шебері нормативін орындағым келеді.

– Ал жеке рекордыңыз қандай?

– 3.81 метр. 16 қаңтарда Қазақстан чемпионатында жастар арасындағы рекордты жаңартқан болатынмын.

– Анастасия, енді өзіңіз туралы айтып өтсеңіз?

– Мен Алматы қаласында мектептердің бірінде 11-сыныпта оқимын.

– Мектепті бірген соң, қайда оқуға түскіңіз келеді?

– Спорт және туризм академиясына барамын деп жоспарлап отырмын. Олимпиадалық резерв бойынша жаттықтырушы мамандығына тапсырамын.

– Спорттан басқа қандай хоббиіңіз бар?

– Спорт – менің өмірім. Жеңіл атлетиканы жақсы көремін. Арасында спорттық гимнастикамен айналысамын. Өздеріңіз білесіздер, Олимпиада чемпионы Елена Исинбаева жеңіл атлетикадан бұрын әуелі гимнастикамен айналысқан. Сондықтан гимнастиканың сырықпен секірушілерге пайдасы мол.

– Жалпы сырықпен секіруді таңдауыңызға не себеп болды?

– Жеке бапкерім Виктор Горбунов осыдан екі жыл бұрын мені мектептен тауып алды. Сөйтіп, сырықпен секірумен айналысуға шақырды. Алғашында қолымнан келген жоқ, оның үстіне аса қатты ұнамады. Дегенмен тынбай еңбектенгенімнің арқасында нәтиже де келе бастады. Кейіннен бұл спорт түрін жақсы көріп кеттім.

Тізімге қайта оралу