Анастасия Виноградова – Қосанов мемориалын Гран-при ретінде ұйымдастырсақ, Қазақстанға барлық мықты атлеттер келеді

29.06.2017

Әзиз ЖҰМАДІЛ  
39
Анастасия Виноградова – Қосанов мемориалын Гран-при ретінде ұйымдастырсақ, Қазақстанға барлық мықты атлеттер келеді Анастасия Виноградова – Қосанов мемориалын Гран-при ретінде ұйымдастырсақ, Қазақстанға барлық мықты атлеттер келеді

Жеңіл атлетикада жылдан жылға көрсеткішін жақсартып келе жатқан желаяқтарымыздың бірі Анастасия Виноградова. Тосқауылдар арқылы 100 метрге жүгіретін аруымыз Ғұсман Қосанов мемориалында өзінің жеке рекордын (12.69 секунд) жаңарта алмаса да, биылғы жарыстарының ішінде жоғары нәтижесіне қол жеткізіп, бас жүлдені жеңіп алды.

– Настя, алдымен Қосанов мемориалының биылғы жарысынан алған әсеріңізбен бөліссеңіз.

– Шынымды айтсам, Қазақстандағы емес, шетелдегі жарысқа қатысып жатқандай әсерде болдым. Өйткені, бәрі тамаша деңгейде ұйымдастырылып, стадионға келгендердің барлығына да мереке сыйлап жатты.

– Шетелде барлық жарыстар осылай өте ме?

– Иә, Еуропадағы мен деген турнирлер осындай жоғары дәрежеде өтіп жатады. Дегенмен, ол жақтан әлі де үйренеріміз бар. Төрешілер мәселесін қолға алуымыз керек деп ойлаймын. Ол жақта тәртіп, қанша дегенмен қаталдау. Төрешілер санын да көбейтуіміз керек. Бірақ, Қосанов мемориалының ұйымдастырылуына қарап, Қазақстанда жеңіл атлетиканың қайта аяққа тұра бастағанын байқадым.

– Енді өзіңіздің көрсеткішіңіз жайлы. 100 метрді тосқауылдар арқылы 13.40 секундта жүгіріп өттіңіз. Нәтижеге көңіліңіз толды ма?

– Бір қуантарлығы, соңғы маусымдарда көрсеткішім әр жарыс сайын жақсарып келеді. Енді алда Азия чемпионаты күтіп тұр. Ол жақта ауа-райы жақсы болады деп үміттенемін. Өйткені, Үндістанда да әрдайым жауын жауып, жел болып тұратынын жақсы білеміз. Егер ауа-райы сәтін салса, көрсеткішімді бұдан да жақсарта түсемін деген ойдамын.

– Настя, жарыс жолындағы басты бәсекелесіңіз жөнінде айтып өтсеңіз. Кім? Әйгерім Шыназбекова ма?

– Білесіз бе, жарыс жолына шыққанда мен өзіммен ғана бәсекеге түсемін. Менің басты бәсекелесім – уақыт. Уақыт өтіп барады, ал маған әлемдік ірі жарыстарда топ жару қажет. Әйгерім екеуміз жарыс жолында жарысқанымызбен стадионнан шыққанда жақсы құрбымыз. Негізі, екеумізді бәсекелес деуге болмайды. Бір-бірімізге жақсылық тілейтін жандардың қатарынанбыз. Мықтылығымызды бір-бірімізге емес, шетелдіктерге көрсетуіміз керек. Әйгерімді жақсы құрметтеймін. Оның болашағы зор.

– Олимпиада чемпионы Ольга Шишигинаның айтуынша, сіздердің көрсеткіштеріңізбен әлемде үздіктердің қатарынан орын алу өте қиын...

– Иә, толықтай келісемін. Бірақ, өз басым үш рет Олимпиада ойындарына қатысқанмын. Әр Олимпиаданың алдында нормативтерді орындауға тура келеді. Мұның барлығы оңай емес. Дегенмен, әлемде үздіктер қатарынан орын алуымыз үшін әлі талай тер төгуіміз керек. Қазір Қазақстан жеңіл атлетикасына жаңа адамдар келіп жатыр. Мұның барлығы біздің спортқа оң өзгерістер әкеледі деген ойдамын. Жағдайымызды барынша жасап-ақ жатыр. Әр жарыс сайын көрсеткіштерімізді жақсарта түсуге барымызды саламыз.

– Сіздің жеке рекордыңыз – 12.69 секунд. Неге сол көрсеткішке жете алмай жүрсіз?

– Адам ағзасы әрдайым бір орында тұрмайды ғой. Спорт болған соң өрлеу де бар, құлдилау да жоқ емес. Олимпиада ойындарының алдында бар күшіңді саласың, барынша дайындаласың. Ал Олимпиададан кейін аздап босаңсу болады. Бұл заңдылық.

– Азия чемпионатында алдыңызға қандай мақсаттар қойып отырсыз?

– Алдын ала кесіп-пішпей-ақ қояйын. Мақсатымыз – жүлделі орындардан көріну. Неғұрлым жоғары орындар алуды көздейміз. Әлбетте, Азия чемпионатына кіл мықтылар қатысады. Басты бәсекелестеріміз – қытайлықтар мен корей атлеттері және жапон желаяқтары болмақ.

– Айтпақшы, осы Жапония, Корея, Қытай атлеттерін Қосанов мемориалына қалай шақыруға болады?

– Бұл үшін қаржылық қолдау жақсы болуы қажет шығар. Мәселен, олар жай ғана келе салмай, табыс тауып кететіндей жағдай жасасақ, Қосанов мемориалына бәрі де ұмтылатын болады. Гран-при ретінде ұйымдастырсақ, мүлдем қатып кетер еді.

Тізімге қайта оралу