Анастасия Виноградова : Қысқы маусымдағы жарыстарға қатыспаймын

12.12.2017

Бек Төлеуов  
179
 Анастасия Виноградова : Қысқы маусымдағы жарыстарға қатыспаймын

Жақында ҚР жеңіл атлетикасының президенті Әділбек Жақсыбеков Астанада Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қаржылай сыйақымен марапаттады. Олардың арасында 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгірген Анастасия Виноградова да бар. Салтанатты марапаттаудан соң, Түркіменстаннан қола жүлде еншілеген атлетпен аз-кем сұхбаттасқан болатызбыз.

– Анастасия, сізді қысқы маусымдағы жарыстарға қатыспайды деп естідік. Бұл қаншалықты рас?

– Біз бапкеріміз екеуіміз маусымдағы жарыстардың күнтізбесін қарап шықтық. Соған сәйкес қысқы маусымдағы додаларға қатыспаймыз деп шештік. Оның үстіне бапкерімнің келісімшарты аяқталған. Сондықтан оқу-жаттығу жиындарына баруға қаржы мәселесі қиындық тудырады. Жазғы маусымның жарыстары сәуірде басталады. Уақыт аз қалды. Жаздағы жарыстарға барымды саламын деп ойлаймын.

– Келесі жылдың басты жарысы – Индонезияда өтетін жазғы Азия ойындары. Қандай мақсат қойып отырсыз?

– Әрине жоспарымыз бар. Бұл 2018 жылдың басты додасы. Бірақ жазғы маусым одан ерте басталады. Мүмкіндігінше, барлық жарыстарға қатысуға тырысамын. Азия ойындарында жүлдеге ілігіп жатса қуаныштымын.


– Бүгін салтанатты марапаттау рәсіміне Олимпиада чемпионы, ҚР Мәжілісінің депутаты Ольга Шишигина келіп қатысты. Кезінде дәл сіз секілді 100 метрге тосқауылдар арқылы жүгірген атлетпен сөйлесуге мүмкіндіңіз болды ма?

– Ольга Шишигинаны бұрыннан жақсы танимын. Мен мектепте оқып жүргенде ол кісі Олимпиада ойындарын жеңіп алған еді. Көрген кезде ақыл-кеңесін айып, тәжірибесімен бөлісіп тұрады.

– Сіз үш Олимпиада ойындарына қатысқан құрамадағы тәжірибелі атлеттердің бірісіз. Енді Токиоға бару жоспарыңызда бар ма?

– Иә, дұрыс айтасыз, Пекин, Лондон, Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына қатысқан тәжірбем бар. 2020 жылы Токиода өтетін 4 жылдықтың басты додасына мүмкіндік болса қатысқым келеді. Әрине, бәрін уақыт көрсетеді.


– Қазақстанда сіздің басты бәсекелесіңіз Әйгерім Шыназбекова екені белгілі. Екеуіңіз де Алматыда жаттығасыздар. Әйгеріммен қарым-қатынасыңыз қандай?

– Біз жүгіру жолағында бәсекелеспіз. Ал одан кейін өмірде барлығымыз бір үйдің баласындай жақсы араласамыз.

– Азия құрлығындағы басты бәсекелестеріңіз негізінен қай елдің спортшылары?

– Бірінші кезекте Қытай атлеттері деп айтуға болады. Сосын Жапония қыздарының деңгейі мықты.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айта кетейік, 2016 жылы Виноградова Азиядағы ең үздік нәтижені көрсеткен болатын –12.87 секунд. Ал биыл ол үздік жетіліктің қатарына ене алмады. Бұл маусымда 13,41 секундтан әрі аспады.

Тізімге қайта оралу