Артем Жигалов: 2020 жылы Астанада жартылай марафоннан әлем чемпионаты өтуі мүмкін

21.08.2017

Бек Төлеуов  
210
Артем Жигалов: 2020 жылы Астанада жартылай марафоннан әлем чемпионаты өтуі мүмкін Сол жақтан үшінші - Артем Жигалов

2020 жылы елордамыз Астанада жартылай марафоннан әлем чемпионаты өтуі мүмкін. Бұл туралы жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың орта, ұзақ қашықтық және марафонға жүгіру бойынша аға жаттықтырушысы Артем Жигалов айтты.

– ҚР жеңіл атлетика федерациясы 2020 жылы жартылай марафоннан әлем чемпионатын өткізу үшін IAAF-қа (Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығы) өтініш жолдауға дайын. Бірақ алдымен атқаратын шаруалар бар. Үкімет, қалалық әкімдік осы чемпионатты елімізде қабылдауға өз келісімдерін беруі тиіс. Сол кезде дайындық жұмыстарын бастауға болады.  

– Әлем чемпионатын өткізу үшін IAAF-тың қандай да бір талаптары бар ма?

– Спортшылар жүгіретін тас жол халықаралық талаптарға сай болуы тиіс. Сосын тікелей трансляция жасау жағы бар.Ең бастысы, әлем чемпионатының алдында құрлық жарысын өткізуіміз қажет. Мысалы, егер 2020 жылы әлем чемпионатын қабылдайтын болсақ, 2018 немесе 2019 жылы жартылай марафоннан Азия чемпионатын ұйымдастыруымыз керек. Бұл аса проблема емес. Біздің Азияда өкіліміз бар.

– Біздің елде қай қалада өткізген тиімді?

– Алматы теңіз деңгейінен 850 метр биіктікте орналасқан. Сондықтан халықаралық стандартқа сәйкес келе қоймайды. Ал Астана теңіз деңгейінен 350 метр биіктікте орналасқан. Барлық талаптарға келіп тұр. Оның үстіне қала жылдан жылға көркейіп келеді, телетрансляция жасаған кезде де өте қолайлы.

– Астанада жартылай марафоннан әлем чемпионатын өткізу туралы идеяны кім ұсынды?

– 10-11 маусымда Астанаға танымал испаниялық мамандар Мигель Анхел мен Рамон Хорхе келіп кеткен болатын. Олар алдағы 27 тамызда өтетін Астанадағы  ШЫҰ халықаралық марафонының тас жолын өлшеу және сертификаттау жұмыстарын жүргізді. Мигел Анхел 2020 жылы Астананың жартылай марафоннан әлем чемпионатын өткізу мүмкіндігі бар екендігін айтты. 2018 жылы әлем чемпионатын Испанияның Валенсия қаласы қабылдайды. Ал 2020 жылғы чемпионатты әлі ешкім ала қоймаған. Әзірге Федерацияның ішінде бас хатшы, спорттық директор, бас бапкер барлығымыз ақылдасып, талқылап көрдік. Енді бұл ұсынысты  үкіметтің деңгейде қарастыру қажет.

Айта кетейік, жартылай марафоннан әлем чемпионаты 1992 жылдан басталған. 2010 жылға дейін жыл сайын өткізіліп келді. Ал 2012 жылдан бері әрбір екі жылда бір рет өткізіп тұру туралы шешім қабылданды. Былтыр Англияның Кардифф қаласы қабылдайды. 2018 жылы Испанияның Валенсия қаласында өтеді.

Жартылай марафоннан әлем чемпионатының рекорды ерлер арасында Зерсенай Тадесеға (Эритерия) тиесілі. Ол 2010 жылы аталған қашықтықты 59, 35 минутта жүгіріп өтті. Әйелдер арасында рекордты 2009 жылы кениялық Мэри Кейтани орнатты

Тізімге қайта оралу