Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

8

Күн
Дунгань, Қытай

Жарты жыл қазақ тілін оқығанмын – Григорий Егоров

10.08.2017

Нұрғазы САСАЕВ  
401
Жарты жыл қазақ тілін оқығанмын – Григорий Егоров ҚР жеңіл атлетика федерациясының Спорттық директоры Александр Кощеев пен Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Григорий Егоров (оң жақта)

Жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Григорий Егоровтан алған сұхбатымызды одан әрі жалғастырамыз. Бұл жолы бапкердің жеке басы, жеңіл атлетикамыздың қазіргі жағдайы мен негізгі мақсаты жайлы біле аласыздар.

Григорий Александрұлы, енді өзіңіздің жеке басыңызға тоқталып өтсек. Сіз бірер жыл Испанияда тұрдыңыз. Қашан және неге кеттіңіз? Қысқаша айтып өтсеңіз.

– Мені Испания клубы өздерінің атынан сынға түсуге шақырған. Онда жаттығу жұмыстарын өткізуге жан-жақты жағдай жасалды. Әрі Қазақстанның намысын қорғауыма ешқандай қарсылық білдірген жоқ. Сөйтіп, мен Испанияда жаттығып, жалықаралық сайыстарда Қазақстанның намысын қорғап жүрдім. Соңғы рет біздің елдің атынан 2004 жылы Афины Олимпиадасында бақ сынадым. Бірақ Олимпиада алдында жарақаттанып қалып, емделумен болдым. Толық айығып кетемін, жоғары нәтиже көрсетемін деп үміттендім. Алайда төрт жылдық дүбірлі доданың іріктеу сынында жарақатымды ушықтырып алдым да, соның кесірінен көңілге қонымды нәтиже көрсете алмадым.     

Содан кейін сол жақта, яғни Пиреней түбегінде тұрып қалдыңыз ғой?

– Иә, сол жақта тұрдым. Клубтың атынан біраз халықаралық сайыстарға қатыстым. Тіпті ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында бақ сынап, екі рет жеңімпаз атандым.

Шет елде тұрмыс-салтына тез көндігіп кеттіңіз бе?

– Мен жас кезімнен бастап халықаралық жарыстарға қатысып, шет елге көп шыға бастадым. Былайша айтқанда, бәрін де өз көзіммен көріп, таныс болдым. Сондықтан айтарлықтай қиындықтарға тап болған жоқпын. 

Ал Қазақстанға қалай қайтып келдіңіз? Жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы болу ұсынысы қашан түсті, басшыларымен қай жерде кездестіңіздер?

– Биыл қыста Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің 25 жылдық мерейтойы аталып өтті. Астанада ұйымдастырылды. Соған шақыртылып, елордаға келдім. Сонда кездестік. Жеңіл атлетикадан ұлттық құрама тізгінін ұстау ұсынылды. Жалпы, мақсат-бағыттары тілге тиек етілді. Мен бұған бейжай қарай алмадым. Тіпті қызығушылық пайда болды. Өйткені өзім Қазақстанда туып-өскенмін. Егер мен туған еліме қандай да бір пайда келтіре алсам, неге одан бас тартуым керек.    

Қазақ тілін түсінетін шығарсыз? Аз да болса, қазақша сөйлей аласыз ба?

– Жоқ, қазақша сөйлей алмаймын. Бірақ кейбір сөздерді түсінемін. Тіпті мектепте жарты жыл қазақ тілін оқығанмын. Қысқа-қысқа айтылған сөздерді түсінемін.

Енді, Қазақстан жеңіл атлетикасының сіз кеткендегі және сіз қайтып келгендегі жағдайы қалай екендігін салыстырып өтсеңіз?

– Менің ойымша, Қазақстан жеңіл атлетикасының жағдайы ақырын-ақырын төмен құлдырай берген. Былайша айтқанда, жыл сайын нашарлап отырған. Қазір бізде жас жаттықтырушы деген мүлде жоқ. Бұрынғы білікті бапкерлердің біразы шет елдерге кетіп қалған. Мәселен, Германияға, Израильге кеткен. Ал олар өте тәжірибелі, әбден ысылған жаттықтырушылар болатын. Қазір олардың орындарын басар ешкім жоқ. Бос тұр.

Ендігі біздің мақсатымыз, шегелеп тұрып айтайын, бірінші кезектегі мақсатымыз – инфрақұрылымды жетілдіре түсу. Жаттығу жұмыстарын өткізетін орындар пайда болған соң, шетелдерден білікті бапкерлерді тарта бастауымыз әбден мүмкін. Солардың көмегімен өзіміздің жаттықтырушыларымыздың деңгейін көтеруіміз керек.

Қазіргі біздің ойымыз, егер шет елден білікті маман шақыртсақ, оның жанына өзіміздің үш-төрт жаттықтырушымызды қосып беруіміз керек. Сөйтіп өзіміздің бапкерлер онымен бірге жүріп, ысыла түссе дейміз. Жаттықытрушыларымыздың біліктіліктері мен деңгейлерін көтерсек, спортшылар шығады. Көбейе түседі. Таланттарды ел ішінен іздеп жүріп табуға болады.

Сіздің мына ойларыңыз көңілге қонымды екен. Әйтпесе кейбір бапкерлер келе сала, өзінің командасын жинай бастайды, сырттан көмекшілер шақырады...

– Брінші кезекте инфрақұрылымдық жүйемізді дұрыс жолға қоймай, шет елден бапкер шақырту тиімді емес. Бұл тек ақшаны желге шашу болап шығады. Қазір келген бапкер кімді жаттықтырады? Қай жерде дайындайды? Тым болмаса, әлеуеті зор спортшыларымыз көп болса, бір сәрі екен.

Кейбір бапкерлер шет елден дайын, әлеуеті зор спортшы әкеліп, жетістікке төте жолмен жетуді көздейді...

– Менің ойымша, иә, бұл менің жеке пікірім, шет елдік спортшымен Қазақстан жеңіл атлетикасының барлық мәселесін бірден шешіп тастай алмаймыз. Ондай спортшы біздің елге келеді де, дәл қазіргі жағдайда кәсібіи тұрғыда өспейді. Тоқырау кезеңіне тап болады. Ол үшін оны жаттықтырушысымен қоса шақыру керек. Мұндай жағдайда, олардың жанына біздің спортшымыз бен жаттықтырушымызды қосу керек. Екеуі де үйренсін, жетіле түссін. Жалпы, қандай да бір спортшы біздің елде тұрып, Қазақстаның намысын қорғауға ниет білдірсе, оған қарсылығым жоқ. Ал дайын спортшыны «ерекше жағдай жасаймыз» деп шақыртуды өз басым дұрыс деп санамаймын.

Сонда, сіз арзан атақ үшін келмеген сияқтысыз...

– Рахмет. Біз бірінші кезекте жеңіл атлетикамыздың жалпы дейгейін көтеруіміз керек.

Тізімге қайта оралу