Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

2

Күн
Дунгань, Қытай

Қазақстанда оқу-жаттығу жиынын өткізетін база жоқ – Григорий Егоров

04.08.2017

Нұрғазы САСАЕВ  
233
Қазақстанда оқу-жаттығу жиынын өткізетін база жоқ – Григорий Егоров Жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы – Григорий Егоров

Лондонда өтетін әлем чемпионаты қарсаңында жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Григорий Егоровпен тілдесіп, ел намысын қорғайтын қыз-жігіттеріміздің дайындықтары жайлы сұрап, көкейдегі басқа да сауалдарымызды көлденең тартып, емен-жарқын сөйлескен едік.

Григорий Александрұлы, әлем чемпионатына 13 спортшымыз қатысатын болды. Бұл сіздің ойыңызша, көп пе, әлде аз ба?

– Қазақстан секілді иен-байтақ жері бар алып елге бұл аз, әрине. Менің ойымша, біздің елден 30 шақты спортшы қатысып, солардың төрт-бесеуі жүлдеге қол жеткізе алатындай мүмкіндіктері бар саңлақтар болуы керек.

Осы әлем чемпионатында өнер көрсете алатындай, бірақ өзекті өртеп, ілікпей қалған спортшыларымыз бар ма?

– Негізі, іштей жоспарлаған спортшыларымыздың бәрі де дерлік әлем чемпонаты лицензиясына қол жеткізді. Дегенмен, ядро серпуші Иван Иванов та бүкіләлемдік біріншілікте бақ сынау құқығына ие болса, жаман болмас еді. Бірақ өкінетін ештеңе жоқ. Оның өзін көрсететін уақыттары – әлі алда. Олимпиада ойындарына дейін шыңдала түсуі керек. Біз оны Олимпиадада көргіміз келеді.   

Сонда біздің дәл қазіргі барымыз да, деңгейіміз де осы 13 спортшы ма?   

– Өкінішке қарай, дәл солай.

Енді осы әлем чемпионатына қалай дайындалғандарыңызға тоқталып өтсеңіз. Оқу-жаттығу жұмысы дегенде, көпшілік футболшылар мен боксшылардың әзірліктерін көз алдына елестетеді. Олардың бәрін бір жерге жинап, содан соң дайындайды. Ал сіздерде қалай?  

– Бізде бәрін жинаймыз. Жеңілатлеттер де оқу-жаттығу жиынын (ОЖЖ) өткізеді. Негізінен, маусым басында ғана бәрінің бастарын қоса аламыз. Мысалы, сіз айтып отырған футболшылар ұзақ маусым басында дайындық жұмыстарын жүргізіп, одан кейін аптасына орта есеппен бір ойыннан өткізіп отырады. Ал бізде бұлай емес. Бізде қысқы маусым және жазғы маусым деген бар.

Жеңіл атлетика жекелей сындардан құралады, футбол секілді командалық спорт түрі емес. Яғни әрбір жарыс және сайыс түріндегі қыз-жігіттеріміздің әр жерде өнер көрсететін уақыттары да аз емес. Сондықтан бәрінің басын қосып, бірге дайындаудың сәті көп түсе қоймайды.

Әйтсе де, маусым басында және осындай кешенді жарыстар қарсаңында бәрінің бастарын қосып, қолайлы жерде оқу-жаттығу жиынын өткізуге тырысамыз. Кейде тіпті жаттығу жиындарын мүлде өткізе алмай қаламыз. Оның себептері көп. Ең басты себебінің бірі, Қазақстанда жеңіл атлетикадан оқу-жаттығу жиынын өткізетін база жоқ. 

Сонда біздің елде жаттығу жұмыстарын өткізетін жағдай мүлде жоқ па?

– Жағдай жоқ. Кезінде 5-6 стадионы болған Алматының өзінде «Орталық» стадион ғана қалды. Ал онда өткізілетін іс-шаралар, спорттық жарыстар мен додалар көп. Бос уақыт табу оңай емес. Ал жеңіл атлетика снарядтарын лақтыратын, серпитін спортшыларға тозығы жетіп, бүлінген қосалқы алаңда жаттығуға тура келеді. Оларға стадионның өзінде жаттығуға рұқсат берілмейді. Содан барып, жыл сайын жеңіл атлетикамен айналысуға келетін жеткіншектер саны күрт азайып барады...

Ал мына Лондандағы әлем чемпионаты дайындығы қалай өтті?

– Дайындық толыққанды жүргізілді деп айта алмаймын. Бар әлеуетімізді жүзеге асырудың да қисыны келмеді. Жетіспеушіліктер көп. Бірақ оның бізге байланысты да байланысты емес те тұстары көп болды.

Сөзімді тараштап айтар болсам, біз әлем чемпионатына дайындалатын орын таптық. Венгрияда өзіміздің көңілімізден шығатын өте жақсы база болды. Бірақ соған жете алмадық. Себеп – уақыт тығыз. Біз Азия чемпионатына қатыстық. Ал ағылшын, шенген визасын алу оңай емес. Көп уақыт кетеді. Төлқұжатарымызды жинап алды. Ешқайда шыға алмаймыз. Осындай жағдайлар да болды.

Содан кейін, эстафетадан қыздарымыз әлем чемпионатына бара ма, жоқ па, соңғы сәтке дейін ол да белгісіз болды. Желаяқ аруларымыз әлем чемпионаты нормативін орындады, бірақ рейтингте 15-17 орындардамыз. IAAF бізді әлем чемпионатында бақ сынайтындар қатарына қосатындықтарын бірден айтқан жоқ. Ал алаңдап, қуанышты хабар тосып жүру жеңіл емес. Сарыла күттік. Спортшылар үшін тіпті қиын деп ойлаймын. Әйтсе де, қарап жатпай, дайындалдық.

Мақсат демей-ақ қояйын, меже бір жүлде ме?

– Әрине, ашығын айтуымыз керек, дәл қазір Ольга Рыпаковаға ғана үміт артамыз. Өкінішке қарай, соңғы тоғыз жылда бүкіләлемдік додадан медаль алып жүрген – осы Ольга ғана. Жастарымыз өсіп келеді. Эстафетадағы қыздарымыз әлі атой салады деп үміттенеміз. Жыл сайын олардың көрсеткіштері ептеп жоғарылап келеді. Аз-аздан болса да, бұл да – ілгерілеу, өрлеу. Қыздарымыз осы беттерінен таймаса, Олимиада ойындарына да барады деп сенеміз.

Егер эстафетадағы қыздарымыз Олимпиада ойындарының финалында шығып, үздік сегіздіктің қатарына іліксе, бұл үлкен жетістік болатын шығар?

– Әрине! Егер мен жаңылыспасам, жеңіл атлетикадан Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары эстафетада бақ сынап, төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға ілігіп көрген емес...

 

P.S. Жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Григорий Егоровтан алған сұхбатымыздың жалғасын алдағы күндері жариялаймыз.

Тізімге қайта оралу