Бақтияр Артаев – Марафонға қатысу мен үшін өте қызық

23.08.2017

73
Бақтияр Артаев – Марафонға қатысу мен үшін өте қызық

Афины Олимпиадасында елімізге жалғыз алтынды алып берген, Вел Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев 27 тамыз күні елордада өтетін ШЫҰ марафонына қатыспақ. Қай шақырымға тіркелетінін боксшымыздың өзі айтты.

– Бұрын соңды ешқашан марафон жүгірмегендіктен 42 шақырымға қатысып, тәуекелге бел бумай-ақ қояйын деп отырмын. Өйткені, марафон ойыншық емес. Үлкен дайындықты талап етеді. Ал біз қазір қоғамдық жұмыстарға көп бөліп жүргендіктен, шыны керек, ұзақ жүгіріске шыдай алмаймыз. Сондықтан, 10 шақырымға тіркеліп жатырмын, - деп бастады Олимпиада чемпионы.

– Жарайды, 10 шақырымдық жарыста алдыңызға қандай мақсат қойып отырсыз?

– Енді соңында қалмасымыз анық. Мәреге алдыңғы қатардағылармен бірге жетсем деймін.

– Ал бұрын-соңды ең ұзаққа жүгіргеніңіз қай қашықтық еді?

– Бокспен шұғылданып жүргенімде 20 шақырымнан алысқа жүгірген емеспіз. Боксшыларға соның өзі де жетеді.

– Бұрын ұлттық құрамада жүргеніңізде Бақтияр Артаев ұзақтыққа жүгіруден әрдайым бірінші келеді деп естуші едік. Сол рас па?

– Бізде боксшыларда шаршы алаңнан бөлек, футбол алаңында да, жүгіруде өзіндік кішігірім бәсекелестіктер болады. Талай жыл ұлттық құраманың капитаны болғандығымнан маған үнемі алдыңғы қатарда келуім қажет болатын. Статусым соны талап етті. Сондықтан, кросс кезінде бірінші болмасақ та, үнемі үздік бестіктің қатарында болуға тырысатын едік.

– Бұл сіздің бірінші марафоныңыз ба?

– Жамбыл жерінде жартылай марафон өткен. Сол жерде 21 шақырымға жүгірдім. Одан кейін биыл Астанада өткен тағы бір жартылай марафонға қатыстым. Бірақ, бұл менің тұңғыш кәсіпқой марафоным.

Естеріңізге сала кетейік, 27 тамыз күні өтетін ШЫҰ марафонына қатысу үшін www.scomarathon2017.com сайты арқылы тіркелу қажет. 42 шақырымдық жарысқа қатысудың жарнасы – 5 000 теңге, ал 10 шақырымға қатысудың жарнасы – 3 000 теңге. Сондай-ақ, 2017 метрге жүгіруге болады. Бірақ бұл қашықтықтағы орындар шектеулі.

Тізімге қайта оралу