Диана Нүсіпбекова: Әжем менің жетістіктерімді көргенің қалап едім...

18.04.2017

Бек Төлеуов  
112
Диана Нүсіпбекова: Әжем менің жетістіктерімді көргенің қалап едім... Диана Нүсіпбекова

Соңғы жылдары жеңіл атлетикамен айналысып жүрген қаракөз қазақ қыздарының саны артып келеді. Олардың арасында балға лақтырушы Диана Нүсіпбекова да бар. Диана былтырғы жылы 62,50  метрге лақытырып, Қазақстан рекордын жаңартты. Енді биыл бұл нәтижесін одан әрі жақсартып, жаңа жетістікке жетуді көздейді. Түркияның Анталья қаласында жаттығып жатқан спортшымен Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы порталының тілішісі әңгімелескен еді.

– Диана, алдымен өзіңізді оқырмандарға таныстырып өтсеңіз? Жеңіл атлетикамен қанша жасыңыздан бері айналысып жүрсіз?

– Мен 1995 жылы Алматы облысына қарасты Ілияс Жансүгіров ауылында дүниеге келгенмін. Кейіннен мен бес жасқа толғанда отбасымызбен бірге Панфилов ауданына көшіп кеттік. Сол жақта жеңіл атлетикамен айналысуды бастадым. Ең алғаш бұл спорт түріне 7-сыныпта жүргенде ықыласым ауды. Алғашында мектепаралық турнирлерге қатысып жүрдім.  Ядро серпігенімді көрген мектептегі жаттықтырушы спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп – интернатқа түсуге жол сілтеді.

– Алғашқы бапкеріңіз кім?

– Ең әуелі 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Татьяна Лесовая есімді бапкерден тәлім алдым. Ол кездері ядро серпумен айналысатынмын.Арада біраз уақыт өткенде маған балға лақтыруға ауысу туралы ұсыныс түсті. Рет-ретімен оны да үйрене бастадым.

– Ата-анаңыз спортпен айналысқаңызға қарсы болмады ма?

– Менің ата-анам жоқ. Әкем өмірден ерте өткен. Бес жасымда әкемнен айырылдым (2000 жылы). Ал анам 4 баланы тастап кетіп қалды. Екі әпкем, бір інім бар. Бізді әжеміз жеткізіп, өсірді. Әжем менің әрбір жетістігіме қуанып, үнемі қолдап отыратын. Бірақ 2012 жылы әжемізде дүние салды. Әжем өмірден озған соң, жаттығу жасау қиынға соқты. Әжем менің жетістіктерімді көргенің қалап едім...

– Осы уақытқа дейін қандай белестерді бағындырдыңыз?

– Осы уақытқа дейін бірнеше рет Қазақстан чемпионатын ұтып алдым. Орталық Азия біріншілігінде топ жардым. Сондай-ақ Азия чемпионатының қола жүлдегерімін. Былтырғы жылы Қазақстан рекордын жаңарттым. Бұл менің спорттағы жетістіктерімнің бастауы деп білемін.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Бос уақытымды негізінен отбасыма арнаймын. Өйткені біз-бірімізді сирек көреміз. Үнемі жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарында жүремін. Сондықтан бос уақыт аз болады. Табиғатқа серуендегенді жақсы көремін. Достарыммен арасында барып тұрамыз.

– Биылғы маусымға жоспарыңыз қандай?

– Үндістандағы Азия чемпионатының іріктеуіне қатысамын. Сосын тамыз айының  соңында өтетін Дүниежүзілік Универсиада ойындарында жүлделі орынға ілігуді мақсат етіп отырмын. Елімізде өтетін республикалық жарыстар бар. Олардың арасында Ғұсман Қосановты еске алуға мемориалда өнер көрсетемін. Ең бастысы, биылғы жылы өзімнің жеке нәтижемді жақсарту. 69 метрге жеткізетін болсам, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындаймын.

–  Соңғы сұрақ. Балға лақтыру несімен ұнайды?

– Көп күш жұмсайтындықтан әрі жылдамдықты қажет ететіндіктен балға лақтыру спорты ұнайды. Мен өз ісімнің фанатымын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тізімге қайта оралу