Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

8

Күн
Дунгань, Қытай

Диана Нүсіпбекова: Шетелден білікті жаттықтырушы іздеп жатырмын

28.06.2017

Бек Төлеуов  
228
Диана Нүсіпбекова: Шетелден білікті жаттықтырушы іздеп жатырмын

Жеңіл атлетикамен айналысып жүрген қазақ жастарын көрсек қуанамыз. «Спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетикада қарагөздердің саны аса көп емес. Дегенмен соңғы жылдары біртіңдеп саны артып келеді. Тіпті, Қазақстан чемпионаты, Азия құрлығындағы жарыстарда олжа салып жүргендер де бар. Солардың бірі – балға лақтырушы Диана Нүсіпбекова. Ол жақында Ғұсман Қосановты еске түсіруге арналған халықаралық мемориалда 12 жылға жалғасқан рекордты жаңартты.  2005 жылы өзбекстандық Ольга Жоголева 57,02 метрге лақтырып, турнирдің жаңа рекордын орнатқан еді. Араға 12 жыл салып, Диана бұл көрсеткішті жақсартып,  58,08 метрге жеткізді. Турнирден кейін Дианамен аз-кем сұхбат құрдық.

– Қосанов мемориалының рекордын жаңартқанымды алғашында білген жоқпын. Естігенде, әрине, қуандым. Бірақ өзімнің нәтижеме аса қатты көңілім толмады.

– Сіздің жеке рекордыңыз қанша?

– 62.50 метр. Өткен жылы тіркелген. Осы турнирде сол рекордымды жаңартқым келіп еді. Бірақ әзірге мүмкін болмай жатыр.

– Алда қандай жарыстарға қатысасыз?

– Өзіңіз білесіз, 6-9 шілде күні Үндістанда өтетін Азия чемпионатына қатысамыз. Одан кейін бүкіләлемдік Универсиада ойындары бар.

– Осы мемориалда екінші орын алған өзбек қызы  Анастасия Асланидумен сөйлескенімізде сіз туралы жақсы пікір айтты.

– Екеуіміз бір-бірімізді жақсы танимыз. Бала кезімізден бірге жарысып келеміз.  Анастасия Ғ.Қосанов мемориалына соңғы жылдары тұрақты түрде қатысып жүр. Сондай-ақ 6 жыл бұрын чемпион атанған түркіменстандық спортшы да осы жарыста бақ сынады. Ол кезде мен өте кішкентай болатынмын. Сондықтан жеңіске жеткеніме қуаныштымын.

– Жарыстарға қай қалада дайындалып жүрсіз?

– Негізінен Алматыда жаттығамын. Бірақ шетелге барып шыныққым келеді. Маған балға лақтырумен айналысатын білікті маман керек. Физикалық дайындығым 60 метрден асыруға жетеді. Алайда техникалық шеберлігім төмендеу. Әйтпесе, күшім мен жылдамдығым жоғары деңгейде. Оны түзеу үшін шетелдік мамандармен жұмыс істеу керек. Қазіргі кезде жеке бапкеріміз екеуіміз сондай адам іздеп жатырмыз.

– Елдегі бәсекелестіктің төмен болуы да ықпал ететін шығар?

Қазақстанда маған бәсекелес болатын ешкім жоқ. Қайта Қосанов мемориалына көрші елдерден спортшылар келіп, солармен сайысқа түсіп жақсы болып қалдық. Жарыс кезінде азарт пайда болды. Дегенмен бұл спортшылардың да деңгейі аса жоғары емес. Енді Азия чемпионаты тартысты өтеді деп ойлаймын.

– Азия чемпионатында басты бәсекелестеріңіз кім болады деп ойлайсыз?

– Негізінен Қытай мен Жапония. Әсіресе, қытай қыздары жақсы лақтырады. Үндістанда жүлделі орыннан көріну үшін барымды саламын. Бұған дейін жастар арасындағы құрлық біріншілігінде үздіктер қатарында болғанмын. Ал ересектер арасындағы Азия чемпионатына осымен екінші рет қатысамын. Жалпы, шетелде өтетін жарыстарға аз қатысқан соң қиындау. Жиі шығып тұрсақ, шеберлігіміз де арта түсер еді.

– Кез келген спортшының арманы Олимпиада ойындары ғой. Төрт жылдықтың басты додасында өнер көрсетуді қалайтын боларсыз?

– Олимпиада, әлем чемпионаттарына қатысқым келеді. Біраз әзірге деңгейіміз ондай жарыстарда атой салуға жетпейді. Білікті маман болмай, алысқа лақтыруымыз екіталай. Сондықтан негізгі мақсат жақсы маман табу болып тұр.

– Ал әлемдік державалардан қай елдің спортшылары мықты?

– Бірінші кезекте АҚШ пен Германияның балға лақтырушылары. Сосын Азия құрлығынан Қытай бар. Көрші елде барлық жағдай жасалған. Олардың жаттығу жұмыстары жаңа технология бойынша өткізіледі. Мамандары өте тәжірибелі әрі білікті.

 – Соңғы сұрақ. Балға лақтыру несімен ұнайды?

– Көп күш жұмсайтындықтан әрі жылдамдықты қажет ететіндіктен балға лақтыру спорты ұнайды. Мен өз ісімнің фанатымын.


Тізімге қайта оралу