Дмитрий Карпов – Олимпиадада атой салғымыз келсе, жеңіл атлетиканы қолға алуымыз қажет

24.06.2017

76
Дмитрий Карпов – Олимпиадада атой салғымыз келсе, жеңіл атлетиканы қолға алуымыз қажет Дмитрий Карпов – Олимпиадада атой салғымыз келсе, жеңіл атлетиканы қолға алуымыз қажет

Афины Олимпиадасының қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионатының жүлдегері көпсайысшымыз Дмитрий Карпов Қазақстан жеңіл атлетикасының барлық проблемалары жөнінде айтып берді.

Өткен он жылдықта жеңіл атлетиканың көпсайыс бағдарламасы бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бірі едік, - дегенді бүгінде жиі естіп жүрміз. Сөйтсек, қандай да бір спорт түрінің дүркіреп тұруы көп жағдайда спортшыға байланысты екен ғой. Дмитрий Карпов спорттан кетті, көпсайыс та құлдырай бастады. Дегенмен, жақында Афины Олимпиадасының қола жүлдегері жеңіл атлетикадан ұлттық құрамамыздың аға жаттықтырушысы болып тағайындалып, көпсайыс бағдарламасына жауап беретін болды. Сондай-ақ, Қарағанды жеңіл атлетика федерациясының да вице-президенті болып сайланды. Бәлкім, көпсайыс бағдарламасында оң өзгерістер енді болатын шығар.

Кезінде жеңіл атлетиканың көпсайыс бағдарламасы бойынша әлемді Қазақстаннан сескендірген Дмитрий Карповпен ел чемпионатында кездескен едік, «падишаһымыз» біраз шерін ақтарды.

Ел чемпионатында неге ешкім жоқ?

– Дмитрий, Қазақстан чемпионатынан алған әсеріңіз қандай? Бұрынғы біріншіліктермен салыстырғанда өзгерістер бар ма?

– Өзгерістер бар. Жылдан жылға қатарымыз азайып келеді. Адам жоқ.

– Неге бұлай болып кеткен?

– Білмеймін. Бәлкім, қазір сондай кезең шығар. Өтпелі кезең деп үміттенейікші. Бүгінде Қазақстан жеңіл атлетика федерациясына жаңа басшылар келіп жатыр. Енді алдағы уақытта жаңа басшылық, жаңа көзқарас Қазақстан жеңіл атлетикасына оң өзгерістер әкеліп, бұрынғы қателіктердің барлығын жойып, стадионымыз қайта лық толады деп үміттенемін.

 

Жеңіл атлетикаға жарнама қажет

– Дмитрий, Қазақстанда жеңіл атлетика жарыстары кезінде стадион қашан лық толып еді?

– Мен стадиондағы көрермендерді айтып отырған жоқпын. Тым болмаса, жарыс жолақтарында спортшылар көбейсе деп ойлаймын. Өйткені, көріп отырсыздар, кейбір бағдарламаларда жүлделі орындарды небәрі үш-төрт-ақ спортшы сарапқа жатыр. Бұл жылайтын жағдай. Ел чемпионатында мұндай болмауы қажет. Сондай-ақ, бұрынғы спортшы ретінде стадионда көрермендердің көп болғанын армандаймын. Бұл үшін жарнама жақсы болу керек, PR қажет. Дегенмен, жаңа басшылық келгелі маркетинг жағына көп көңіл бөлініп жатыр. Сайт тамаша жұмыс жасап тұр, әлеуметтік желілерде жеңіл атлетикаға арналған парақшалар пайда бола бастады. Көшелерде бильбордтарды көзім шалып қалды. Мұның барлығы аз ақша емес екенін түсінемін. Бірақ, танымалдылыққа ие болу үшін бірінші кезекте жарнама мықты болу қажет. Қазір осы бағытта үлкен шаруалардың басталып кеткеніне қуаныштымын.

Көпсайысқа көбі шыдай бермейді

– Әлбетте, сізбен жеңіл атлетиканың кез келген тақырыбы бойынша әңгімелесуге болады. Бірақ, көпсайысқа тоқталайықшы. Неге сізден кейін Қазақстанда көпсайыстан ешкім шықпай жатыр?

(Сұрағымызды енді аяқтағанымыз сол еді, жанымызда отырған жаттықтырушылардың бірі араласып, «Дима сияқты адам жүз жылда бір туады. Өйткені, ешкім еңбектеніп, осы Карпов секілді таң әлекеуімнен қас қарайғанша стадионда жаттыққысы келмейді. Бұл үлкен машақат. Одан да бәрі жеңіл жолды іздеп, әртіс, әнші, саясаткер болғанды қалайды. Сондықтан, Дима сияқты мықтылар күнде туа бермейді», - деді. Ары қарай Карповтың өзі жалғастырды).

– Біріншіден, көпсайыста жеңіл атлетиканың 10 түрі бар. Шынымен де, таңертеңнен кешке дейін осы он түрінде де тынбай жаттығуың керек. Басқа бағдарламалар сияқты біреуінен ғана мықты болып, басқаларына салғыртықпен қарай алмайсың. Оның үстіне, көпсайыста саған барлық жағдай жасалуы керек және әлгі 10 бағдарламамен де бір жерде жаттыға алатындай болған жөн. Бізде қазір ешбір қалада ондай жағдай жоқ. Сондықтан, жаттықтырушылар өздеріне келген кішкентай баланы қабілетіне қарайды да, ұзындыққа секіруге немесе жүгіруге жібере салады. Жеңіл атлетиканың 10 түрінің барлығын үйретіп жатқысы келмейді. Бұл үлкен қажырлықты қажет етеді. Жалпы, көпсайыстан мықты спортшыны дайындау үшін кемінде 10 жылдай уақыт керек. Алдымен соған шыдайтын баланы тауып, сосын тәрбиелеу керек. Мұның барлығы оңай шаруа емес.

– Сіздің кезіңізде де жаттығуға ешқандай жағдай жасалмаған еді. Бірақ, Олимпиада жүлдегері атағына дейін жеттіңіз ғой...

– Иә, мен далада жаттықтым. Маған ешкім  жағдай жасаған жоқ. Бірақ, менде таңдау болмаған еді. Әкем де, шешем де жеңіл атлеттер. Дәл осы бағдарлама бойынша машықтанғандар. Өз істерінің нағыз фанаттары. Сондықтан, мен сол кісілердің арқасында осындай дәрежеге жеттім. Егер мен олардың емес, басқа біреудің баласы болғанымда, төрт-бес жаттығудан кейін-ақ қашып кетер ме едім...

 

Көпсайысты дамыту бағдарламасын жасау қажет

– Жеңіл атлетиканың көпсайыс бағдарламасы бойынша биыл Қазақстан чемпионатына барлығы 10 спортшы қатысыпты. Бұл қуанатын жағдай емес пе?

– 10 көпсайысшы дейсіз бе? Бұл жігіттердің барлығы көпсайыстың бағдарламалары бойынша жарыс жолына шыққандар. Бәрі бірдей көпсайыстың барлық түрінен ас емес. Әлбетте, көпсайыстан 10 атлеттің шыққанына қуанып отырмын. Бірақ, көрсеткіштеріне қарау қажет. Әзірге мықты ешкім жоқ. Тек қыздардан бір ғана атлет спорт шебері дәрежесін орындады. Сондықтан, бұл тұрғыда әлі көп жұмыс жасау керек. Ал біздің кезімізде ерлер арасында да, қыздар арасында да бәсекелестік жоғары болатын. 

– Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы болып тағайындалыпсыз. Сіздің алдыңызға қандай тапсырма қойылып отыр?

– Көпсайысшыларды іздеу.

– Табылып жатыр ма енді?

– Жаңа ғана бастадық қой. Міне, Қазақстан чемпионатын тамашаладық, барладық. Дәл қазір кімдермен ары қарай жұмыс жасау қажеттігін бағамдадық. Кімдерді оқу-жаттығу жиындарына жіберу керектігін түртіп алдық. Менің түсінгенім бойынша, алдыма қойылып отырған тапсырма –көпсайыстан атлеттерді дайындаудың 2018 жылға дейінгі бағдарламасын жасау. Расымен де, жақсы бағдарлама болмай, жұмысты бастау қиын.   

 

Облыс әкімінің орынбасары халыққа қалай үлгі болды?

– Сондай-ақ, Қарағанды облысы жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті болып сайланыпсыз. «Спорт падишасының» осы өңірдегі жағдайы жайлы айтып берсеңіз?

– Жалпы, қазір Қазақстанда жеңіл атлетика енді ғана аяқтан тік тұрып келеді. Сондықтан, қай аймақты алсаңыз да, жеңіл атлетиканың халі мүшкіл. Дегенмен, қазір жаңа басшылар, жаңа адамдар келіп жатыр. Олардың амбициялары мықты. Жеңіл атлетиканы аяқтан тік тұрғызғысы келеді. Біз де қолымыздан келгеннің барлығын аямаймыз. Қарағанды Жеңіл атлетика федерациясында биыл сайлау өтіп, Федерация тізгіні облыс әкімінің бірінші орынбасары Дүйсебаев Асылбек Жексенбайұлының қолына тиді. Мен вице-президент болдым. Қазір Қарағандыда жеңіл атлетиканың үгіт-насихаттық жұмыстары жүріп жатыр. Соның аясында жартылай марафон өтіп, оған Асылбек Жексенбайұлының өзі қатысты да, 21 шақырым жүгірді. Мұның өзі жастарға үлкен үлгі. Осы жартылай марафонға қатысуы арқылы Федерация басшысы жеңіл атлетикаға кез келген адамның қатыса алатынын көрсетті.

– Дмитрий, жалпы, елімізде жеңіл атлетиканы дамыту үшін не істеу қажет?

– Қай аймақта екені бәрібір, маған салса, барлық облыс орталығында болса екен деймін, бізге жеңіл атлетика базалары керек. Оқу-жаттығу жиындарымызды шетелде өткізіп, солардың базаларына аузымыз аңқиып, танауымыз керіліп таңғала қарап жүрмес үшін жеңіл атлетика базаларын өзімізде салу қажет. Біз сыртқа емес, шетелдегілер бізге келулері тиіс. Жеңіл атлетика жарыстарын жиі ұйымдастырып тұру керек. Сонда ғана біз елімізде «Спорт падишасын» дамыта аламыз.

– Жеңіл атлетика – медальді ең көп әперетін спорт түрі. Неліктен біздің елде «Спорт падишасының» жағдайы мүлдем мүшкіл?

– Иә, дұрыс айтасыз. Егер дұрыстап көңіл бөлсе, жеңіл атлетикадан Олимпиадада 46 медаль алуға болады. Біздің елде, әлбетте, бірінші кезекте футбол мен бокс. Өйткені, біріншісі әлем бойынша танымал болған спорт түрі, тіпті бүгінде футболды шоумен салыстыруға да болады. Екіншісі, Қазақстанда бұрыннан төл спортқа айналған. Ал жеңіл атлетика шынымен де, ұмытылып қалды. Насихат жетіспейді. Мұның барлығы жоғарыдағы кейбір басшылардың салғырттығынан болды деп ойлаймын.  

Тізімге қайта оралу