Элина Михина: Үш кезеңде де жүлдеге іліккеніме қуаныштымын

05.05.2017

Бек Төлеуов  
141
Элина Михина: Үш кезеңде де жүлдеге іліккеніме қуаныштымын Элина Михина

Шығыс Қазақстан облысының тумасы, 22 жастағы Элина Михина Азия Гран-приінде табысты өнер көрсеткен спортшылардың бірі. Ол үш кезеңде де жүлдеге ілікті. 400 метрге жүгірген жерлесіміз екі алтын, бір күміс жүлдемен елге оралды. Әуежайда спортшымен тілдесіп, Азия Гран-приінен алған әсері, алдағы жоспарлары туралы сұрап білдік.

Элина бірінші кезеңде 400 метрді 53, 35 секундта кесіп өтті. Ал Цзясинде көрсеткішін жақсартып, мәреге 52,79 секундта келді. Ал соңғы кезеңде аталған қашықтықты 52,55 секунд жүгірді.

– Элина, жеңіс құтты болсын! Алдымен, Азия Гран-приінен алған әсерімен бөліссең?

– Әрине, алған әсерім керемет. Старт өте сәтті болды. Бапкерім Любовь Никитенко екеуіміз Гран-приде алдымызға қойған мақсатты ойдағыдай орындадық. Үш кезеңде де жүлдеге іліккеніме қуаныштымын.

– Қай кезең өзіңізге қиынға соқты?

– Әрине, Цзиньхуадағы бірінші кезең қиындау соқты. Өйткені біз ұзақ уақыт ұшып келдік. Стартқа шығар алдында шаршаңқы болдық. Өз-өзімізге келе алмай қойдық. Кейіннен сол жақтың климатына бейімделіп, барлығы ойдағыдай өтті. Тайбэйдегі соңғы кезеңде тіптен керемет болды.

– Бір аптадан астам Аспанасты елінде болдыңыздар. Ол жақта тұрмыстық жағынан қиналып қалған жоқсыздар ма?

– Көңіл күйіміз түсетіндей ешқандай мәселе көрмедім. Қонақ үйде өзімізге қолайлы болды. Тек тамақ мәселесі оңай емес. Біз олардың тағамдарына үйренбегенбіз. Негізінен күріш пен шаян жедік. Еті бар тағамдарды тек бірінші кезеңде ғана көрдік. Одан кейін өзге елдің спортшылары біздің ас мәзірімізді тексеруді сұрады. Сондықтан үйренген күнделікті тағамдарымызды жеу мүмкін болмады.

– Сіз қатысқан жарыс бағдарламасында қатысушылар саны аз болды. Стартта 3-4 спортшы тұрғанын байқадық. Мұның себебі неде?

– Тіпті, не үшін олай болғанын да білмеймін. Әдетте Гран-при жарыстарына 8 спортшыны шақырады. Кейде одан көп. Азия жеңіл атлетика қауымдастығының рейтингіндегі көрсеткіштер ескеріледі. 2015 жылы алғаш қатысқанымда 400 метрге жүгіргендердің саны көп болды. Сондықтан екі топқа бөлініп жарыстық. Бәлкім, Қытай, Үндістан елдерінің атлеттерінің жазғы маусымдағы басқа жоспарлары болған шығар. Сол себепті қатыспады деп ойлаймын.

– Алдағы жоспар қандай?

– Алдымен 13-14 мамырда Алматыда Қазақстан кубогы өтеді. Соған қатысамыз. Бұдан кейін басқа да жауапты жарыстар бар. Шілде айында Үндістанға Азия чемпионатына барамыз. Сол кезде әлем чемпионатының нормативін орындауды жоспарлап отырмын. Одан бөлек, тамыз айының соңында Тайбэйде Бүкіләлемдік жазғы Универсиада ойындары өтеді.

P.S. Айта кетейік, Азия Гран-приіне Қазақстаннан 16 спортшы қатысты. Олар 18 медаль жеңіп алды. Оның ішінде тоғызы алтын, бесеуі күміс, төртеуі қола жүлде.

Тізімге қайта оралу