Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

8

Күн
Дунгань, Қытай

Елсияр Қанағатов: ШЫҰ марафонына қатысушылар саны жоспардағыдан асып түсті

08.09.2017

Бек Төлеуов  
156
Елсияр Қанағатов: ШЫҰ марафонына қатысушылар саны жоспардағыдан асып түсті

ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесі аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің қолдауымен 27 тамызда Астанада халықыралық марафон өткізілген болатын. Осы марафонның жоғары деңгейде өткізілуіне атсалысқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовпен әңгімелескен едік. Оқырман назарына сол сұхбатты ұсынамыз.

Марафон – ең маңыздысы

– Астанада халықаралық Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) марафоны өз мәресіне жетті. Өзіңіз осы спорттық шараның басы-қасында жүрдіңіз. Әлі талай әңгімеге өзек болатын марафонға қатысты ойыңызды айтып өтсеңіз...

– Шынында, халықаралық деңгейдегі 2017 жылғы ШЫҰ марафоны тарих қойнауына енді. Бұл марафон ЭКСПО көрмесі аясындағы халықаралық жарыстардың тізімінде болған. Жалпы, көрме аясында 20-дан астам спорттық жарыстар өткізілді. Оның ішінде әлем, Азия чемпионаттары бар. Осылардың арасында марафон – ең маңыздысы. Марафон – бір жағынан олимпиадалық спорт түрі болса, екінші жағынан кез келген адамның айналысуына ыңғайлы бұқаралық спорт. Марафонды өткізу үшін алдын-ала жеке ұйымдастыру комитеті құрылды. Шанхай ынтымақтастық ұйымымен бірге қоян-қолтық жұмыс істедік. Қытай астанасы Пекин қаласына да барып, арнайы баспасөз мәжілісі мен таныстыру рәсімін өткізіп қайттық.

Алғашында біз ШЫҰ және Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) ұйымына мүше мемлекеттердің спортшыларын ғана шақырамыз деп ойлағанбыз. Алайда Кения, Канада, Аустралия, Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, Сауд Арабиясы, Колумбия, Испания секілді елдерден де спортшылар келді. Қатысушылар саны біздің жоспардан асып түсті. Негізі 5000 адам болады деп ойлағанбыз. Жүгіретіндерге берілген киімді де сол мөлшерде есептеп едік, бірақ шын мәнінде тіркелгендер саны одан көп болды. Біз оған қуаныштымыз. Сондықтан кейбір спортшылардың нөмірсіз жүгіруіне тура келді.


– Халықаралық марафонға талай танымал спортшылар қатысты. Бұл марафонның деңгейін артырды деп ойлайсыз ба?

– Әрине. Әсіресе, 42 шақырым 195 метрге жүгіруге халықаралық деңгейде танылған спортшылар келді. Ерлер арасында бірінші орынды өзбекстандық, әйелдер арасында қырғызстандық атлет жеңіп алды. Сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, жоғары шенді басшылар, өнер, спорт жұлдыздары болды. Марафонға қатысушыларды ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековтің өзі бастап жүгірді. Әділбек Рыскелдіұлымен бірге ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов, Қазақстан даму банкінің басшысы Болат Жәмішев, Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтар 42 шақырымды енсерді. Ал ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Олимпиада чемпиондары Бақтияр Артаев пен Серік Сәпиев, әлем чемпионы Галиф Жафаровтар 10 шақырымға қатысты.

– Марафон үш қашықтық бойынша өткізілгенін білеміз. Ең көп қатысушы қай қашықтыққа тіркелді?

– Қатысушылардың көбі 2017 метрлік қашықтыққа тіркелді. Өйткені бұл барлығына ыңғайлы. Ресми статистика бойынша 3000-нан астам адам тіркелді. Олармен бірге Қанат Ислам, Дмитрий Карпов, Елена Хрусталева секілді танымал спортшылардың жүгіруі адамдарға қосымша стимул болды деп ойлаймын. Марафон қарсаңында адамдарды тартуға жақсы насихат жүргізілді. Соның да әсері болса керек.

 Астана марафонын дәстүрге айналдыруға болады

– Бұл марафон көпшіліктің көңілінен шықты. Болашақта дәстүрге айналдыру ойда бар ма?

– Шанхай ынтымақтастық марафоны жылда біздің мемлекетте өте қоймайтын шығар. Дегенмен елорда әкімдігі ұйымдастырып жүрген марафонмен біріктіріп, жақсы деңгейдегі кәсіби Астана марафонын жыл сайын дәстүрге айналдыруға болады. Неге десеңіз биылғы ШЫҰ марафоны Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) күнтізбесіне енгізілді. Марафон өткізілген тас жолға арнайы сертификат берілді. Жарыстың барлық хаттамасы IAAF-қа жіберілді. Қазіргі кезде марафонның барлық нәтижесі сонда тіркеліп тұр. Сондықтан әріқарай жалғастыру керек.


– Жалпы, марафонды Астанадан бөлек, еліміздің өзге облыстарында өткізу жоспарларыңызда бар ма?

– Қазақстан Республикасы жеңіл атлетика федерациясымен бірлесіп, еліміздің әрбір қалаларында ондай марафондар өткізу жоспарда бар. Бізге жарыстардың көбейгені жақсы. Сол кезде спортпен айналысатындардың саны артады. Жастар үлгі алады, балалар талпынады. Облыстарда ғана емес, аудандар мен ауылдарда да бұқаралық деңгейде өткізуге болады. Бұл жерде бастысы облыстық, аудандық әкімдіктер біздің бастамамызға үн қосып, әріқарай жалғастырып алып кетсе болғаны.

– Алдағы уақытта бұл марафон дәстүрге айналса, қандай өзгеріс енгізер едіңіздер?

– Әлбетте. Ауқымды жарысқа жартылай марафонды (21 шақырым) міндетті түрде қосу керек секілді. Биылғы марафонға мүмкіндігі шектеулі жандар да қатысты. Болашақта мұндай топтағы адамдардың санын көбейтуге ден қою қажет. Бұл ретте, арбамен жүгіретіндер бір бөлек, зағип жандар бір бөлек өнер көрсетуі тиіс деп есептеймін. Қысқасы, топ-топ болып жарысқа түскені дұрысырақ. Сондай-ақ биылғы марафонға атасы немерелерімен бірге қатысып жатты. Бұл да керек. Мұндай отбасыларға ерекше назар аударып, оларды өзгелерге үлгі етуіміз қажет. Жыл сайын осылай жетілдіре түсіп, жарыстың деңгейін өсіруге болады. Шетелдік тәжірибеге сүйенсек те артық емес.

 – Сырттан келген қонақтар ШЫҰ марафоны жайлы қандай пікір білдірді?

– Марафон өз деңгейде өтті деп айтуға толық құқығымыз бар. Шетелден келген қонақтар, халықаралық ұйымдардың, елшіліктердің өкілдері өз ризашылықтарын білдіріп жатты. Сондықтан бұл шара бізге қажет деген ой түйдік. Біз марафонды жеңіл атлетика федерациясымен бірігіп насихаттап, аудандық, облыстық деңгейде ұйымдастыруды қолға аламыз. Марафон өңірлерде жақсы дамуы тиіс. Мәселен, Алматыда бірнеше марафон ұйымдастырылды. Осы қарқыннан таңбауымыз керек. Жеңіл атлетка – спорт падишасы. Бұл тектен тек айтылған сөз емес. Бұл - медальдар ең көп сарапқа салынатын спорт. Біз медальдар көптеп үлесірілетін мұндай спорт түрңн дамытуға тіспіз. Себебі жекпе-жек түрлеріне қарағанда, жаһандық жарыстардан көп жүлде алуға мүмкіндік бар.

Астаналықтарды марафонға үйрету керек

– Биылғы марафонды насихаттау жұмыстарына көңіліңіз толды ма?

– Иә. Бұл ретте бұқаралық ақпарат өкілдерінің еңбегін бөле-жара атап өтуге болады. Олар бұл марафонды барынша насихаттады. Қатысушылардың көптігіне бұл фактор да оң ықпал еткені даусыз. Сондықтан шараны насихаттауға атсалысқан «төртінші биліктің» өкілдеріне алғысымызды білдіреміз. Олардың көмегімен астаналықтарды марафонға үйретуіміз керек. Бірінші кезекте, әрине, түсіндіру жұмыстары ойдағыдай жүзеге асуы тиіс. Біз бұған да жіті мән береміз. Осы орайда, Астана қаласының дене тәрбиесі және спорт басқармасы белсенділік танытуы тиіс деп ойлаймын. Жастарды, оқушыларды, студенттерді көптеп тартуымыз қажет.

– Марафонды ұйымдастыруда жеңіл атлетика федерациясының рөлі қандай болды?

– Жеңіл атлетика федерациясы жаңаша бағытта жұмыс істеуде. Халықаралық тәжірибеге сүйеніп, сараптама жасап тынғылықты дайындалған. Әлемдік тәжірибенің озық үлгілерін алып, қолдануға ешкім шектеу қойған жоқ. Сондықтан әлі де жетіле түсуіміз керек. Федерацияның марафонды өткізудегі еңбегі ерен. Жақсы әсер қалдырды. Ұйымшылдық танытты. Нәтижелердің халықаралық федерацияға тіркелуі, шетелден білікті мамандардың арнайы шақырылуы республикалық федерацияның беделін көрсетті. Әр федерациясы осы қарқында жұмыс істесе, Қазақстанның спорты ілгерілей түсетіні анық. Қазір заңға өзгеріс енгізілді. Біз федерацияларға жауапкершілік жүктеп, тиісті жұмыстарды жүргізуге жағдай жасап жатырмыз. Бұл ретте жеңіл атлетика федерациясын өзге ұйымдарға үлгі етуге әбден болады.  

– Қатысушылар арасынан Сізді көрмедік қой...

– Жарақатыма байланысты маған жүгіруге тыйым салынған. Әйтпесе, марафонға өзім бас боп қатысар едім. Кезінде 2-3 шақырымға талай мәрте жүгірдік. 5 шақырымды да бірнеше рет еңсергенбіз. Бірақ өмірімде марафонға қатысып көрмеппін. Дегенмен жүгіруді жақсы көремін. Себебі, біз ауылда өстік. Жүгіру таңсық емес. Әр күніміз шаң бұрқыратып жүгірумен өтетін

 Әңгімеңізге рахмет 

Тізімге қайта оралу