Георгий Шейко: Әлем чемпионатында неғұрлым жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын

31.07.2017

138
Георгий Шейко: Әлем чемпионатында неғұрлым жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын

Лондонда өтетін әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық 13 атлеттің бірі – Георгий Шейко. Ол 20 шақырымға спорттық жүрістен өнер көрсетеді. Жақында спортшы Астанада өткен Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысып, федерация тарапынан қаржылай сыйақыға ие болды.

– Алдымен Азия чемпионатындағы жетістігіңіз туралы айтып өтсеңіз?

– Азия чемпионаты дәстүрлі түрде Жапонияның Номи қаласында өтіп жүр. Былтыр 3-орынды еншілеген едім, биыл 2-орын. Жаман емес. Спорттық жүрісте басқалар сияқты бір-біріңмен жарысу деген жоқ қой. Біз көбіне өзімізбен жарысамыз. 20 шақырым – аз жер емес. Сондықтан, алдымен өзімізше тактика қоямыз. Қай қашықтықта қалай жүру қажеттігін, қай кезде жылдамдықты қосып, қай уақытта бәсеңдету керектігі жайлы алдын ала ойластырамыз. Бұл жолы да әдеттегідей бәрін жақсылап зерттеп алдым. Сйөттім де, жарысты асықпай бастадым. Ең бастысы, көшбасшыларды тым ұзатып алмау қажет болды. Соңғы кезеңге келгенде ақырындап жылдамдықты қосып, алдымен үндіні, сосын қытайды, басқаларды артта қалдырдым. Дегенмен, кәріс спортшысын қуып жете алмадым.

– Енді, алда әлем чемпионаты бар. Лондондағы жарысқа дайындық қайда өтеді?

– Оқу-жаттығу жиындары Алматы қаласында өтеді. Негізі шетелде ұйымдастырамыз деген жоспар болған еді. Бірақ кейіннен  Еуропаға бармайтынымызды хабарлады. Енді үйде дайындаламыз. Алматыда қазір күн ыстық. Тіпті таңғы жетіде тұрып, жаттығу жасағанның өзінде ауа-райы 30 градусты көрсетіп тұрады. Кәсіби спортшы болғандықтан кез келген ауа райында жаттыға береміз.

– Дүние жүзінің мықтылары бас қосатын додада алдыңызға қандай меже қойып отырсыз?

– Әлем чемпионатының басталуына аз уақыт қалды. Біздің сайыс – жарыстың соңғы күнінде өтеді. Негізгі базалық дайындық жұмыстары аяқталған. Қазіргі кезде негізінен техникалық тұрғыда өзімізді жетілдіруге тырысып жатырмыз. Ал алдын-ала болжам жасағым келеді. Жалпы, болжам жасағанды ұната қоймаймын. Тіпті, дұрыс емес деп ойлаймын. Шамамыз жеткенінше жақсы нәтиже көрсету тырысамыз. Өзімнің қаншалықты дайын екенімді сол кезде көремін.

– Әлем чемпионатына дейін Тайпейде жазғы Универсиада ойындары өтеді. Оған да қатысатын шығарсың?

– Иә, Тайпейде өтетін жазғы Универсиада ойындары биыл тамыз айына жоспарланған. Бұл менің соңғы Универсиадам. Сондықтан, қалайда жүлделі орындардан көрінуім керек. Тайпейде бұрындары да әртүрлі турнирлерге қатысқанбыз. Жолдары бізге жақсы таныс. Сондықтан, бұл жарыс бізге аса қиындық тудырмауы тиіс.

Георгий Шейко 2013 жылғы әлем чемпионатында 35-орын алған болатын. Одан кейін 2015 жылы 31-ші сатыдан көрінді. Ал Риодағы Олимпиада ойындарын 34-ші болып аяқтады.

Айта кетейік, Лондондағы әлем чемпионатына спорттық жүрістен төрт спортшы қатысады. Шейкодан бөлек, Регина Рыкова, Полина Репина, Диана Айдосова бар. 

Тізімге қайта оралу