Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

7

Күн
Дунгань, Қытай

Георгий Шейко: Спорттық жүрістен қартайсам да кетпеймін

17.05.2017

Әзиз ЖҰМАДІЛ  
144
Георгий Шейко: Спорттық жүрістен қартайсам да кетпеймін Георгий Шейко

Спорттық жүрістен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, ел ішінде талай рекордтың қаймағын бұзған Георгий Шейко үшін биылғы жыл сәтті басталған. Былтыр Азия чемпионатында үздік үштікті қорытындылаған оралдық өрен биыл дәл осыт додада екінші орынды еншілеген. Оның ендігі мақсаты – әлем чемпионаты.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметіне сұхбат берген Шейко өзінің осы жылғы жоспарларымен бөлісіп, спорттық жүрістің біз бен сіз біле бермейтін құпияларын айтып берді.

– Георгий, алдымен биылғы Азия чемпионатында екінші орынды еншілегенің жайлы айтып берсең...

– Азия чемпионаты дәстүрлі түрде Жапонияның Номи қаласында өтіп жүр. Былтыр 3-орынды еншілеген едім, биыл 2-орын. Жаман емес. Спорттық жүрісте басқалар сияқты бір-біріңмен жарысу деген жоқ қой. Біз көбіне өзімізбен жарысамыз. 20 шақырым – аз жер емес. Сондықтан, алдымен өзімізше тактика қоямыз. Қай қашықтықта қалай жүру қажеттігін, қай кезде жылдамдықты қосып, қай уақытта бәсеңдету керектігі жайлы алдын ала ойластырамыз. Бұл жолы да әдеттегідей бәрін жақсылап зерттеп алдым. Сйөттім де, жарысты асықпай бастадым. Ең бастысы, көшбасшыларды тым ұзатып алмау қажет болды. Соңғы кезеңге келгенде ақырындап жылдамдықты қосып, алдымен үндіні, сосын қытайды, басқаларды артта қалдырдым. Дегенмен, кәріс спортшысын қуып жете алмадым.

– Әлемде, жақсы білеміз, африкалықтар мен америкалықтар шаң көптіріп жатады. Ал Азияда басты бәсекелестерің кімдер?

– Әлемде ғана емес, Азияда да бәсекелестік жоғары. Мұнда қытайлықтар да, жапондар мен кәрістер де жылдам. Былтыр Үндістан спортшысы Азия үздігі атанған. Жалпы, соңғы кездері азиялықтар да әлемнің басқа құрлықтарындағы желаяқтарға бәсекелес бола бастады. Мен де биыл әлем чемпионатына құр статист ретінде барғым келмейді. Жолдаманы былтыр жеңіп алғанмын. Енді Лондондағы дүниежүзілік додаға дайынмын. Кемі үздік ондықтан көрінгім келеді. Бұған менің шамам да, әлеуетім де жетеді. 2013 жылы 35-ші орынды еншілегенмін. Былтыр 31-ші орыннан көріндім. Биыл бар күшімді саламын.

– Әлем чемпионатына дейін Тайпейде жазғы Универсиада ойындары өтеді. Оған да қатысатын шығарсың?

– Иә, Тайпейде өтетін жазғы Универсиада ойындары биыл тамыз айына жоспарланған. Бұл менің соңғы Универсиадам. Сондықтан, қалайда жүлделі орындардан көрінуім керек. Тайпейде бұрындары да әртүрлі турнирлерге қатысқанбыз. Жолдары бізге жақсы таныс. Сондықтан, бұл жарыс бізге аса қиындық тудырмауы тиіс.

– Георгий, жалпы спорттық жүрістің жаттығулары қалай өтеді? Қазақстанда қалай дайындаласыңдар?

– Спорттық жүріс тек жазғы спорт түріне жататындықтан біздің жаттығуымыздың барлығы ашық жерде өтуі тиіс. Ал Қазақстанда 12 айдың жартысы жаз, жартысы қыс болғандықтан тыңғылықты жаттығуға жағдай аз. Оралда ғана емес, Алматыда да солай. Қардың үстінде жүгіре алмайсың ғой. Сондықтан, қысқы мезгілде оқу-жаттығу жиындарымызды көбіне Ыстық көлде өткіземіз. Ол жақта да қар жауады, бірақ аз. Дегенмен, қазір Қазақстан жеңіл атлетика федерациясына жаңа басшылық келдіАл жазда көбінесе өз қалам Оралда жаттығамын. Кейде Шаған өзенінің бойымен жүгірсем, кейде стадионды айналып жүгіремін. Жарыста 20 шақырымға жүретін болсақ, жаттығуда 30 шақырымды жүгіруіміз керек. Сондықтан, стадионда қиынырақ. Өйткені, 60 рет айналамын деп басың айналады.

Қазақстан чемпионатын бірнеше рет жеңіп алғансың. Жалпы, біздің елде спорттық жүрістен өзіңе бәсекелес бола алатын спортшы бар ма?

– Негізі Қазақстанда спорттық жүрісте жігіттерден гөрі қыздар арасында бәсекелестік жоғары. Өзімнің келіншегім де спорттық жүріспен айналысады. Міне, солардың арасында қазір бәс қызып тұр. Ал жігіттерден қазір алматылық бір спортшы пайда болды. Жақында спорт шебері дәрежесін орындады. Жас жігіт. Бәлкім, болашақта менің ізімді басатын шығар. 

– Жалпы, қанша жасқа дейін спортпен айналыспақ жоспарың бар?

– Біздің спортта қартайғанша жүре беруге болады. Қауқарың жетсе болғаны. Мәселен, Испанияда Хесус Анхель Гарсия деген спортшы бар. Елуге жақындап қалды. Алты Олимпиада, жиырма шақты әлем чемпионатына қатысқан. Испанияда өте атақты. Рио Олимпиадасында байқадық, асханаға кірген еді, бүкіл испандықтар тік тұрып қошемет көрсетті. Сондықтан, көреміз мен де балдақпен болса да жарыса беремін. Қалжың ғой. Бірақ, шынымен де әлі спортпен қоштасатын ойым жоқ.

Тізімге қайта оралу