Әйгерім Шыназбекова: Ең үлкен жетістігім алда деп білемін

14.04.2017

Бек Төлеуов  
106
Әйгерім Шыназбекова: Ең үлкен жетістігім алда деп білемін Әйгерім Шыназбекова

Қазақстанның үздік жеңіл атлеттері Түркияның Анталья қаласында жаттығып жүр. Олардың арасында 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Қазақстанның чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Әйгерім Шыназбекова да бар. Біз спортшымен телефон арқылы тілдесіп, жаңа маусымға дайындығын, алдағы жоспарларын сұрап білдік.

– Әйгерім әуелі өзіңіді таныстырып өтсеңіз?

– Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласында дүниеге келгенмін. Жеңіл атлетикамен 12 жасымда айналысып бастағанмын. Алғашында Рем Павлович есімді балалар бапкерінен тәлім алдым.  Ол кісінің қол астында бір жылдай болдым. Кейіннен Юрий Юхименкоға ауыстым. Негізі Владимир Никитенконың жаттықтырғаны ұнайтын. 10 сынып бітірген жылы ол кісіден ұсыныс түсті. Мен еш ойланбастан өз келісімімді бердім.

– Ата-анаңыз спортпен кәсіби түрде айналысқаңызға қалай қарады?

– Жеңіл атлетикаға ата-анам өздері ертіп әкелген. Менің спортпен айналысқанымды қалады. Қазіргі кезде жетістікке жетіп жатсам қуанады. Ең бірінші қолдаушым да – ата-анам. Сондықтан оларға ризашылығымды білдіремін.

– Сіз негізінен 100 метрге кедергілер арқылы жүгіресіз. Жеңіл атлетиканың дәл осы түрін таңдауға не себеп болды?

– Негізі бұл таңдау өздігінен болды. Жеңіл атлетиканың ішінде кедергілер арқылы жүгіру қатты ұнайды. Құлап қаламын деп қорықпаймын. Өзімнің оң жамбасыма келетін дисциплина деп айтуға толық негіз бар.

– Ең басты жетістігіңізді атап өтсеңіз?

– Ең үлкен жетістігім алда деп білемін. Осы уақытқа дейін Қазақстан чемпионатында бірнеше рет жүлдеге іліктім. Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жеңіске жеткенмін.

– Әйгерім, 2000 жылы Сидней Олимпиадасында сіз өнер көрсетіп жүрген 100 метрге кедергілер арқылы жүгіру бойынша сайыста Ольга Шишигина чемпион атанған еді. Ол кісімен кездесіп көрдіңіз бе?

– Ольга Шишигинаны тек сырттай көргенмін. Ол кісіні қатты құрметтеймін. Оның таңғажайып нәтижелеріне қарап қызығамын. Менде сол кісідей Олимпиада чемпионы болғым келеді. Ольга әпкемізді кезінде Владимир Никитенко мен жұбайы Любовь Никитенко жаттықтырған. Қазіргі кезде Любовь Никитенко бар білгенін үйретіп жүр.

– Биылғы маусымға жоспарыңыз қандай?

– Жоспар да, мақсатта көп. Ең әуелі әлем чемпионатына қатысу үшін нормативті орындау. Әлем біріншілігі тамыз айында Лондонда өтеді.

– Кімдерді өзіңізге кумир тұтасыз?

– Мен ешкімге еліктемеймін. Кумир тұтатын тұлғам да жоқ. Тек әлемдік аренада озық шығып жүрген спортшылардың интернетте видеоларын қарап, өзіме керегін түртіп аламын.

– Әңгімеңізге рахмет!


Тізімге қайта оралу