Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

7

Күн
Дунгань, Қытай

Әйгерім Шыназбекова: Шишигинаның таңғажайып нәтижелеріне қарап қызығамын

25.05.2017

Бек Төлеуов  
141
Әйгерім Шыназбекова: Шишигинаның таңғажайып нәтижелеріне қарап қызығамын Әйгерім Шыназбекова

Жақында отандық жеңіл атлеттер үш кезеңнен тұратын Азия Гран-приінде сәтті өнер көрсетті. Жерлестеріміз жалпы саны 18 медаль жеңіп алды. Олардың арасында 100 метрге кедергілер арқылы (барьер) жүгірген Әйгерім Шыназбекова да бар. Кентау қаласының тумасы бір алтын, бір қолаға ие болды. Қытайдан елге оралған спортшымен тілдесіп, әңгімеге тартқан едік.

– Әйгерім, Азия Гран-приіне аттанар алдында қандай мақсат болған еді?

– Үш алтын аламын деп ойладым. Бірақ бірінші кезеңде үздік үштікке де ілінген жоқпын. Негізінен өте қобалжулы болдым.Өзімнің мүмкіндігімді толық көрсете алмадым. Екінші кезеңде өз-өзімді қолға алып, жинақталдым. Осы кезеңде жақсы жүгірдім деп ойлаймын. Ал Тайбэйдегі соңғы кезеңде шамалы босаңсып кеткенім жасырын емес. Сондықтан бұйырғаны қола болды.

– Қытайдың асханасына үйренісе алдыңыз ба?

– Жоқ. Тіпті, аса көп тамақ ішкен де жоқпыз. Бір аптаның ішінде 4 келіге арықтадым. Қытай асханасы – менікі емес екен. Құрамада қытай тағамдарын жақсы көретін қыздар бар. Ол жақта негізінен шаян жейді. Ал мен өзіміздің тағамдарға үйреніп алғанмын.

– Енді өзіңізге оралсақ. Жеңіл атлетикаға деген қызығушылық қашан оянды?

– Барлығы мектептегі денешынықтыру сабағынан басталды. Ағайымыз мені үнемі ұлдармен жарыстыратын. Өзіме де жүгірген ұнайтын. Содан кейін спортқа бар деп, бір жылдай ата-анама қайта-қайта хабарласып, үйдегілерді көндірді. Сөйтіп, әке-шешем мені Алматыдағы Кәркен Ахметов атындағы спорт мектебіне алып барды. Олар тек 7 сыныптан бастап қабылдайды екен. Ол кезде мен 4 сыныпта оқитынмын. Үш жылдай өзім дайындалып, кейіннен өз күшіммен емтихан тапсырып, сол мектепке түстім.

– Сіздің атлет болып қалыптасуыңызға үлес қосқан бапкерлерді атап өтсеңіз?

– Алғашында Рем Павлович есімді балалар бапкерінен тәлім алдым. Ол кісінің қол астында бір жылдай болдым. Кейіннен Юрий Юхименкоға ауыстым. Негізі Владимир Никитенконың жаттықтырғаны ұнайтын. 10-сынып бітірген жылы ол кісіден ұсыныс түсті. Мен еш ойланбастан өз келісімімді бердім.

– Сіз негізінен 100 метрге кедергілер арқылы жүгіресіз. Жеңіл атлетиканың дәл осы түрін таңдауға не себеп болды?

– Негізі бұл таңдау өздігінен болды. Жеңіл атлетиканың ішінде кедергілер арқылы жүгіру қатты ұнайды. Құлап қаламын деп қорықпаймын. Өзімнің оң жамбасыма келетін дисциплина деп айтуға толық негіз бар.

– Әйгерім, 2000 жылы Сидней Олимпиадасында сіз өнер көрсетіп жүрген 100 метрге кедергілер арқылы жүгіру бойынша сайыста Ольга Шишигина чемпион атанған еді. Ол кісімен кездесіп көрдіңіз бе?

– Ольга Шишигинаны тек сырттай көргенмін. Ол кісіні қатты құрметтеймін. Оның таңғажайып нәтижелеріне қарап қызығамын. Менде сол кісідей Олимпиада чемпионы болғым келеді. Ольга әпкемізді кезінде Владимир Никитенко мен жұбайы Любовь Никитенко жаттықтырған. Қазіргі кезде Любовь Никитенко бар білгенін үйретіп жүр.

– Владимир Никитенко қандай бапкер еді?

– Өте жақсы кісі болатын. Виктория Зябкина екеуіміз болашақта Ғұсман Қосанов мемориалы секілді сол кісінің атындағы халықаралық турнир өткізгіміз келеді. Никитенко бапкерден көп нәрсе үйрендік. Осы уақытқа дейін бірдеңеге қол жеткізіп жатсақ, ең әуелі сол бапкеріміздің еңбегі деп білемін.

– Шишигинаның Олимп шыңын бағындырғанына да 17 жылдан асты. Осы жылдардың ішінде елімізде Ольга Васильевнаның рекордын жаңартқандар бар ма?

– Жасөспірімдер және жастар арасындағы рекордтарын мен жаңартқанмын. Ал ересекетер арасындағы нәтижесі әзірге өзгере қойған жоқ. Сол қалпы тұр.

– Бұл сайыста қазіргі кезде қай елдің спортшыларының мерейі үстем болып жүр?

– Қазір АҚШ қыздары мықты болып тұр. Соңғы Рио Олимпиадасында Құрама Штаттардың үш бірдей спортшы қыз жүлдені ешкімге берген жоқ. Брианна Роллинс чемпион атанды. Ниа Али мен Кристи Кастлин жүлдегер болды. Сондай-ақ Канада, Аустралия атлеттері де үздіктер қатарында.

– Олардың біздің спортшылардан ерекшелігі неде?

– Спринттен Кения, Ямайка спортшыларын озу өте қиын. Ал кедергілер арқылы жүгіруден медаль алуға болады. Оны кезінде Ольга Шишигина дәлелдеді деп ойлаймын. Жалпы, АҚШ және басқа елдерде медицина бізден бірнеше жылға озып кеткен. Бұл жағдай қазіргі спортта орасан зор рөл ойнайды. Бізде жарыстан кейін маз жағып беріп немесе сәрсенбі-бейсенбіде моншаға бар деп баяғы СССР-дің заманымен жүрген бапкерлер әлі бар. Сондықтан жоғары жетістіктерге жеткіміз келсе, методика мен медицинаны қолға алу керек деп ойлаймын.

– Өзге спорт түрлерінің арасында қайсысы ұнайды?

– Маған өзіме синхронды жүзу ұнайды. Бір құрбым осы спорт түрімен айналысады. Кейде неге осы спорт түрін таңдамадым екен деп ойлаймын. Өйткені олардың киетін спорттық формалары, қыздардың шаштары барлығы көңілімнен шығады.

– Спортшылардың көп елге сапар шегетінін жақсы білеміз. Дегенмен бармаған мемлекеттердің ішінде қайсысында болғыңыз келеді?

– Швейцария. Әзірге ол елде болмадым. Өзіме Швейцария қатты ұнайды.

Тізімге қайта оралу