Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

8

Күн
Дунгань, Қытай

Гүлжанат Жанатбек – Олимпиада чемпионы болғанымша тыншымаймын

20.06.2017

151
Гүлжанат Жанатбек – Олимпиада чемпионы болғанымша тыншымаймын Гүлжанат Жанатбек – Олимпиада чемпионы болғанымша тыншымаймын

Марафондағы аруымыз Гүлжанат Жанатбекті ұстау қиын. Көбінесе Ресей астанасында жатттығып, Қазақстанға анда-санда ұшып келетін атлетімізді Алматыда өткен ел чемпионатында кездестіріп, 10 шақырымға созылған марафондық жарыстан кейін сұхбаттасқан едік.

– Гүлжанат, қарсыластарыңыздың барлығын шаң қаптырып, мәреге еш қиындықсыз бірінші болып жеттіңіз. Бұл жарыста басты бәсекелесіңіз кім болды?

– Негізі, Қазақстанда Ирина Смольникова ғана маған бәсекелес бола алады. Екеуміз бірге Рио де-Жанейро Олимпиадасына барғанбыз. Дегенмен, бұл жолы мен оны әжептеуір артта қалдырдым. Шынын айтсам, қазір менің басты бәсекелесім – уақыт. Уақытпен ғана жарысып, әр жолы өз көрсеткішімді жақсарта түсуім қажет.

– Алматыдағы Қазақстан чемпионатына жеке бапкерсіз келдіңіз. Жаттықтырушысыз жарыс жолында қиын болған жоқ па?

– Иә, биыл мен жаттықтырушы алмастырғанмын. Жеке бапкерім – Шобухова Лилия Булатовна. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстан чемпионатына келе алмады. Жарыс кезінде жаттықтырушысыз қиындықтар болды. Бірақ, өзімізде де біраз тәжірибе бар ғой. Білегіме «шпаргалка» жасап алғанмын. Әр айналымды қанша уақытта жүгіріп өтуім қажеттігін көрсетіп қойғанмын. Сол кестеден қалып қоймауға тырыстым. Сондай-ақ, ел чемпионатында маған ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы көмектесіп, бәсекелестерімнен қанша уақытқа озып келе жатқанымды айтып отырды.

– Сөйтіп, өзіңіздің көрсеткішіңізге көңіліңіз толды ғой?..

– Жүз пайызға көңілім толды деп айта алмаймын. Жеке рекордыма сәл ғана жетпей қалдым. Дегенмен, бұл менің биылдыққа бірінші жарысым болғандықтан әлі жылдамдығым арта түседі деп ойлаймын.

– Енді алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Алда мені Астана марафоны күтіп тұр. Одан кейін қараша айында Қытайда Азия чемпионаты өтеді. Сол жарысқа қатысамын.

– Ал жаттығуларыңызды қайда өткізесіз?

– Мәскеуде. Өйткені, жеке жаттықтырушым сол жақта. Лилия Булатовнаның қарамағында жеке бағдарлама бойынша дайындалып жүрмін. Әр екі ай сайын елге келіп тұрамын. Қиын, дегенмен мен спортқа қайта шындап кірістім. Енді шегінуге болмайды.

– Сіз туралы былтыр «жүгіруді қойып, жаттықтырушы болайын деп жатыр» дегенді естіп едік...

– Расында да, Рио де-Жанейро Олимпиадасынан кейін сондай ойдың үстінде жүргенмін. Жасөспірімдерді дайындап, шәкірт баулымақ болғанмын. Бірақ, бәрібір жарыс жолына тартып тұрғаннан кейін бірден жаттықтырушы болып кете алмайды екенсің. Енді бапкер болуға асықпаймын.

– Әлі қанша жыл жүгіруді жоспарлап отырсыз?

– Олимпиада ойындарын жеңіп алмайынша тыншымайтын шығармын.

– Олимпиада чемпионы боларыңызға сенесіз бе?

– Әлбетте, сенемін. Өйткені, жаттықтырушым Лилия Булатовна – өте тәжірибелі маман. Оның қарамағында жаттығып, біраз шыңдалдым. Қазір бабыма келе бастадым. Үлкен жарыстарға жүз пайыз дайынмын деп айта алмаймын. Адайда, Шобуховамен бірге талай халықаралық додаларда топ жарамын деп ойлаймын.  

Тізімге қайта оралу