Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

3

Күн
Дунгань, Қытай

Григорий Егоров: Бирмингемдегі әлем чемпионатына 5-6 жолдама жеңіп алуға мүмкіндігіміз бар

04.10.2017

Бек Төлеуов  
187
Григорий Егоров: Бирмингемдегі әлем чемпионатына 5-6 жолдама жеңіп алуға мүмкіндігіміз бар

Қазақстан жеңіл атлеттері Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында өткен жабық кешендегі Азия ойындарында 10 медаль жеңіп алды. Сөйіп, жалпы командалық есепте бірінші орынға тұрақтады. Маусымды көтеріңкі көңіл күйде аяқтаған жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Григорий Егоровты әңгімеге тартқан едік.

Ашхабадта Қазақстан атлеттері құрлықтағы үздіктердің қатарында екенінін дәлелдеді

– Әңгімені Ашхабадтағы Азия ойындарынан бастасақ. Спортшылардың нәтижесіне көңіліңіз толды ма?

– Бұл біздің құрама үшін жоғары жетістік деп бағалауға болады. Алты алтын жеңіп алдық. Қыздар құрамасы 4х400 метрлік эстафетада шоу көрсеткен еді. Өкініштісі, дискваликация беріп, алтынымызды алып қойды. Барлығы да болмашы қателіктен. Ереже өте қатаң. Бір спортшы қызымыз көрші жолақты басып кеткен екен. Протест бергенімізбен, қабылдамады. Жалпы, алғанда, Азия құрлығында өзіміздің үздік екенімізді тағы бір мәрте дәлелдедік деп ойлаймын.

– Қыздарымыз осымен екінші рет халықаралық жарыста эстафетадан алтындарынан айырылып қалып отыр...

– Тайпэйдегі Универсиада ойындарында 4х100 метрлік эстафетадан осындай жағдай болған еді. Бұл жолы 4х400 метрлік эстафетадан сол ситуация қайталанып отыр. Қыздарымыз қолда тұрған жеңістен айырылып қалғандарына қатты қапаланды. Мұның бәрі жарыс алдында қобалжығаннан. Алдағы уақытта мұндай қателіктер қайтанбай үшін бапкерлер жұмыс істеуі керек. Әзірге атлеттерге ереже түсіндіру жайлы менің жоспарым жоқ. Олар кәсіби спортшылар. Ережені жақсы біледі.


– Михаил Литвин 400 метрге жүгіруден қола жүлде жеңіп алды. Солтүстік Қазақстанның спортшысы іріктеу бәсекесінде және жартылай финалда үздік болып еді. Финалда  үшінші орынан әрі аса алмауының себебі неде?

– Ол финалда Қазақстан рекордын жаңартты, өзінің үздік нәтижесін көрсетті. Жалпы, жарысты керемет деңгейде өткізіп шықты. Финалдағы қарсыластары да мықты болды. Әсіресе, бірінші және екінші орын алған атлеттер Михаилдан сәл басымдық танытты.

Овчинниковаға Ольга Рыпаковамен бірге жаттыққан пайдалы

– Қазіргі кезде спорт мамандары мен жанкүйерлер 18 жастағы үш қарғып секіруші Мария Овчинникованы болашақта жоғары жетістіктерге жетуі мүмкін екенін жиі айтып жүр. Ашхабадта Мария тек Рыпаковаға есе жіберді. Овчинникова Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатында жүлде алуы үшін алдағы уақытта шетелде жаттықтаны дұрыс деп санайсыз ба?

– Овчинникова – жас спортшы. Ол биыл өте қиын маусым өткізді. Бір жарысты ойдағыдай өткізсе, екіншісінде жолы бола қойған жоқ. Соған қарамастан 2017 жылы өзімен жасты спортшылардың арасында ең жоғары нәтижені көрсетті. Ал қайда жаттыққаны дұрыс деген сауалға келсек, әркім өз тағдырын өзі шешкен дұрыс. Осылай істе деп міндеттегеніміз жараспас.  Біз оған шамамыз келгенше бағыт беріп, жол көрсетуге тырысамыз. Алдына дұрыс мақсат қоя білген спортшы  өз жолын табуға тырысуы қажет. Жеке бапкерімен жақсы қарым-қатынаста болса, жарыспен қатар оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұруы керек. Ольга Рыпаковамен бірге жаттыққаны да пайдалы. Елімізде осындай әлемдік деңгейдегі атлет тұрғанда алыстан ешкімді іздеудің қажеті жоқ шығар. Рыпаковамен 2-3 мәрте оқу-жаттығу жиындарын бірге өткізсе, көп нәрсе үйренуіне болады деп ойлаймын.


– Жақында Алматы қаласында 2000-2001 және 2002-2003 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтті. Жастардың арасында кімдер көзге түсті?

– Бұл жарысты өзім тамашалай алған жоқпын. Уақыт жағынан мүмкіндік болмады. Әлі нәтижелерді де толық қарап шықпадым. Бірақ менің жеке көзқарасым бойынша қыркүйек айында мұндай чемпионатты өткізу дұрыс емес деп ойлаймын. Спортшылар жаз бойы демалды, жаттығу жұмыстары да мардымды өтпеді. Сондықтан Қазақстан чемпионатын маусым айының соңына қойған дұрыс еді. Сосын қазан айында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, желтоқсанда қайтадан жарыстарға қатыса бастауға болады.

– Келесі аптада ұлттық құрама мүшелерінің қатысуымен Түркияда ағзаны қайта-қалпына келтіруге арналған оқу-жаттығу жиыны басталады. Бұл жиынға жастарды да қосыпсыздар.

– Бірнеше жас талантты спортшыларды тізімге енгіздік. Олардың арасында 2017 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Лаура Ахметова бар. Өсіп келе жатқан атлеттердің деңгейін бір байқауды жөн көрдік. Аға-апаларымен жаттығып, үйренгені өздеріне де пайдалы деп ойлаймын.

Бирмингемдегі әлем чемпионатына 5-6 жолдама жеңіп алуға мүмкіндік бар

– Келесі жылдың көктемінде Бирмингемде жабық кешендегі әлем чемпионаты өтеді. Әзірге біздің елден екі атлет жолдама алып үлгерді. Қазақстан осы чемпионатқа қатысуға қаншалықты дайын?

– Қазақстан спортшылары әлем чемпионатына қатысады. Бірақ қанша атлет өнер көрсететіні белгісіз. Мысалы, спринтерлердің үздігі Виктория Зябкина маусым бойы жарақатына қарамастан жүгірді. Енді ол наурызға дейін толық қалпына келіп үлгере ме? жоқ па? Ольга Сафронованың мәселесі де дәл осындай. Екеуі алдағы уақыттан емделетін болады. Барлығы дұрыс болса, лицензия жеңіп алуға қос спортшының мүмкіндігі өте зор. Сондай-ақ 400 метрге жүгіретін Элина Михинаны айтуға болады. Үш қарғып секіруден Ирина Эктованы қосатын шығармыз. Оның жеке рекорды әлем чемпионатының нормативінен жоғары. Әзірге 2 жолдама бар. Алдағы уақытта тағы 5-6 жолдама жеңіп алуға қауқарымыз жетеді.

– Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарында қандай жоспарларыңыз бар?

– Оқу-жаттығу жиыны ағзаны қайта қалыпқа келтіру деп аталғанымен, шындығында, барлығы өздеріне жүктелгені тапсырманы орындайтын болады. Түркияға баратындардың арасында құраманың көшбасшылары Виктория Зябкина, спорттық жүріспен айналысатын Регина Рыкова, сонымен қатар аздаған жарақатымен жүрген атлеттер бар. Медициналық орталықта мамандар жарақаты бар спортшыларды емдейтін болады. Бастысы, жаңа маусымға дайын болу. Алдағы маусымға жаңа күшпен, энтузиазмен келсек деп үміттенеміз.

– Спортшылар жарақаттан аман болып, Қазақстанды жүлделеріңізбен қуанта беріңіздер!

Тізімге қайта оралу