Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

6

Күн
Дунгань, Қытай

Григорий Егоров: Белектен жаттығу жиындарынан жақсы әсермен оралдық

01.11.2017

Бек Төлеуов  
92
Григорий Егоров: Белектен жаттығу жиындарынан жақсы әсермен оралдық

Жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасы 9-26 қазан аралығында Түркияның Белек қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізген болатын. Елге оралғаннан кейін құраманың бас бапкері Григорий Егоровты әңгімеге тартқан едік.

– Григорий Александрович, Белектегі оқу-жаттығу жиыны қалай өтті?  

– Белектегі біз тоқтаған спорттық база 2015 жылы ашылған екен. Бұл жерде жеңіл атлетикадан бөлек, футбол, волейбол секілді ойын түрлеріне арналған жаттығу залдары да бар.Жалпы, жаттығу-жиыны жоғары деңгейде өтті. Ауа-райы да қолайлы болды. Екі аптаның ішінде тек бір ғана жауын жауды. Былайша айтқанда ашық аспанда стадионда дайындалуға ешқандай кедергі болған жоқ. 

  – Еш алаңсыз жаттығу үшін барлық мүмкіндік жасалған деп айтуға болатын шығар? 

– Әрине. Өзіміз тұрған қонақ үйдің қасындағы стадионда жаттық. Жасыл алаңы, жүгіру жолағы және секіру мен лақтыру сайыстарына арналған секторы бар екен. Жаттығу залында барлық қажетті спорттық жабдық орналасқан. Сондай-ақ тамақтану жағынан да проблема болмады. Үш мезгіл спортшылар тамақтанып отырды. Сондықтан Белектен жақсы әсермен оралдық деп айта аламын.


– Қазақстанда лақтыру сайыстарының спортшыларының жақсы дайындық жүргізуіне мүмкіндіктің төмен екенін жақсы білеміз. Түркияда бұл жағынан  қалай екен?

– Белектегі базаның бір жақсысы найза, диск, балға, ядро лақтыру секілді сайыс түрлеріне жақсы мүмкіндік қарастырылған. Бұл сайыс түрлері бойынша ұлттық құраманың аға бапкері, әлі күнге дейін Қазақстанның найза лақтырудан рекордының иегері, КСРО құрамасында өнер көрсеткен өте тәжірибелі маман Виктор Александрович Евсюков жастарға білген түйгенін үйретуден аянып қалған жоқ. Онымен бірге балға лақтырушы Диана Нүсіпбекованың жеке бапкері Татьяна Лесовая барды. Екеуі жастарға тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл кеңестерін берді.

– Белектегі оқу-жаттығу жиындарына 27 спортшы қатысты, дегенмен әр түрлі себептермен бара алмағандары да бар. Енді келесі оқу-жаттығу жиынына ұлттық құрама мүшелері толық келе ме? 

 – Қазақстанда спорттық кешендер мен оқу-жаттығу жиынын өткізетін база жағынан проблема бар. Сондықтан шетелге баруға мәжбүрміз. Ол жақта өтетін жиынға негізінен қысқы маусымда жабық кешенде өтетін Азия және әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндігі бар спортшыларды апарамыз. Ұлттық құрама мүшелері жақсы нәтиже көрсету үшін толыққанды жаттығу жиынын өткізу керек.

– Келесі оқу-жаттығу жиыны қашан және қайда өтеді?

– Желтоқсан айына жоспарланған. Бірақ қаржы жағынан проблема бар. Дегенмен ол мәселені ертерек шешуіміз керек. Жаттығу жиындарын жабық кешендегі манежде өткізуді ойластырып отырмыз. Өйткені қаңтарда жарыстар басталады. Соған дейін спортшылар дайын болуы тиіс. 

–Түркияға бірнеше жас спортшыларды алып барғаңызды білемін. Енді желтоқсандағы жаттығу жиындарына жастарды қосасыз ба?

– Жастар міндетті түрде болады, бірақ тек біздің танымал бапкерлердің қарамағында жаттығып жүргендері. Бәлкім командаға қосу ертерек шығар. Дегенмен біз болашақ үшін жұмыс істеп жатқандықтан олардың үздіктермен бірге дайындалғаны пайдалы деп ойлаймын.

– Қысқы маусымға қандай жоспарларыңыз бар?

– Қаңтар айында Өскеменде Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтеді. Одан кейін Тегеран Азия чемпионатына қатысамыз. Әр жағында Бирмингемде әлем чемпионаты жақын тұр. Осы жарыстарға дайындықты Түркиядан бастап кеттік. Барлығы да жаңа маусымнан үлкен үміт күтеді, мотивациялары жоғары. Бізді қуантқаны осы.

Тізімге қайта оралу