Надежда Кирнос: 2018 жылы жеке рекордымды жаңартқым келеді

09.01.2018

Надежда Кирнос: 2018 жылы жеке рекордымды жаңартқым келеді

Елімізде жеңіл атлетикада көпсайысты серік еткен атлеттер көп емес. Бұл дисциплинада бағынды сынау үшін бір емес бірнеше сайыс түрінен үздік болу тиіссің. Сондықтан көбісі көпсайысқа жақындай қоймайды. Дегенмен соған қарамастан елішілік ғана емес, халықаралық жарыстарға қатысып жүрген санаулы спортшылар бар. Солардың бірі – Ақтау қаласының тумасы Надежда Кирнос.

23 жастағы спортшы 2017 жылы Қазақстан кубогында жеке рекордын жаңартты (5376 ұпай). Одан кейін ел чемпионатында жеңіске жетті (5190 ұпай). Ұлттық құрама бапкерлері шілде айында Үндістанда өткен Азия чемпионатына алып барды. Маңғыстаулық спортшы құрлық біріншілігінде 5305 ұпаймен алтыншы орынға тұрақтады. Өскеменде өтетін Қазақстан кубогына дайындалып жатқан спортшымен kazathletics.kz аз-кем тілдескен еді.

– Надежда, 2017 жыл тарих қойнауына кетті. Тауық жылындағы көрсеткен өнеріңізге көңіліңіз тола ма?

– Жалпы алғанда, өткен маусымға көңілім толады. Жеке рекордымды жаңарттым, алғаш рет ересектер арасындағы Азия чемпионатына қатыстым. Бастысы, маусымды жарақатсыз аяқтадым. Спортшы үшін ол жағы өте маңызды. Енді осы маусымда нәтижелерімді жақсарту қажет. Биылғы жыл мен үшін сәтті болады деп үміттенемін.

– Қай жарыс ерекше есіңізде қалды?

– Әрбір бәсекенің өз қызығы бар ғой. Ел ішіндегі додалардан Қазақстан кубогын айтар едім. Ал халықаралық додалардан Бхубанешвардағы Азия чемпионаты мен үшін үлкен тәжірибе болды. Халықаралық ірі доданың атмосферасын сезіндім. Трибунаға көрмендер де көп жиналды. Ұйымдастыру жағына көңілім толды. Спортшылар үшін барлық жағдай жасалған чемпионат болды деп айта аламын.

– Енді биылғы маусымға қандай мақсат қойып отырсыз?

– Алдымен жеке рекордымды жаңарту. Алдағы маусымда 5600-5700 ұпай көлемінде жинағым келеді. Ертең Өскемен қаласында Қазақстан кубогы өтеді. Қысқы жарыста бессайыстан жақсы нәтиже көрсетуді жоспарлап отырмын. Қазақстан кубогы мен ел чемпионатындағы көрсеткіштерімізге байланысты Тегеранда өтетін жабық кешендегі Азия чемпионатына баратын құрам жасақталады.

– Неліктен, жеңіл атлетикадағы күрделі дициплина жетісайысты таңдадыңыз?

– Мен өзі жеңіл атлетикамен белсенді түрде тек 14 жасымда айналыса басталдым. Алғашында әр түрлі қашықтарға жүгіріп көрдім, секіру түрлерінен де бағымды сынадым. Ал көпсайытан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында өте жақсы нәтиже көрсеттім. Осыдан кейін жеке бапкеріміз екеуіміз түпкілікті шешім қабылдадық. Қазіргі кезде басқа дисцмплинада өзімді елестете алмаймын. Әрине, екі күн бойы таңнан кешке дейін жарысу оңай емес. Бірақ маған мұндай азарт ұнайды.

Тізімге қайта оралу