Ирина ЭКТОВА – Азия чемпионатында алтын алмайынша ашуым басылмайды

30.06.2017

Әзиз ЖҰМАДІЛ  
41
Ирина ЭКТОВА – Азия чемпионатында алтын алмайынша ашуым басылмайды Қатарынан үш Олимпиада ойындарына қатысқан Ирина Эктова (фото: Эдуард Гавриш)

Шілденің 6-сы мен 9-ы аралығында Үндістанда өтетін жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында басты үміт артарларымыздың бірі – Ирина Эктова. Ұзындыққа секіру мен үш қарғып секіруге машықтанған атлетіміз құрлықтық додада топ жаруды көздейді. Әйтсе де, таяуда Алматыда ұйымдастырылған Ғұсман Қосанов мемориалында екі бағдарлама бойынша да екінші орынды қанағат қылып, турнирден көңілсіз қайтқан болатын.

– Ирина, екінші орын да жақсы нәтиже ғой. Неге көңіліңіз түседі?

– Өзімнің негізгі бағдарламам үш қарғып секіруде үздік боламын дей ойлаған едім. Мария Овчинниковадан мұндай қарқын күтпедім. Алдымды орап кетті. Бірақ ол үшін қуаныштымын. Ал өзім Азия чемпионатына дайындалып, бар өнерімді Үндістанда көрсетуім керек.

– Спринт әлсіз болды ма, әлде нашар секірдіңіз бе?

– Меніңше жүгірісімде бір кемшін бар секілді. Енді жаттығу кезінде қателіктермен жұмыс жасап, бапкеріммен бірге сол олқылықтардың орнын жоюға тырысамыз ғой.

– Қосанов мемориалында қандай көрсеткішке ұмтылған едіңіз?

– Үш қарғып секіруде 14 метрден асуды көздегенмін. Алайда, шамам жетпеді.

– Неліктен?

– Ұзақ уақыт жарыс жолына шықпай, дұрыс жаттықпағанға ма, өзіме сенімсіз болдым.

– Бұған дейін жарыс жолына соңғы рет қашан шығып едіңіз?

– Ақпан айында Өскеменде өткен Ольга Рыпакова турниріне қатысып, жарақат алып қалғаннан кейін жарысқа қатысып отырғаным осы. Қайта Қазақстан кубогы мен Қазақстан чемпионатына қатыспай, қалпыма келуге мүмкіндік берген жаттықтырушыларыма рахмет.

– Қандай жарақат алып едіңіз?

– Оны айтпай-ақ қояйыншы. Сылтауды жарақаттан іздегенді қалап отырған жоқпын. Жарыс барысында аяғымның аздап ауырғанын сезініп жүрдім.

– Енді Азия чемпионатына қандай мақсатпен бара жатырсыз?

– Көздегенім – чемпион атану. Еншімде құрлықтық біріншіліктің екі қоласы бар. Енді алтын қажет. Үндістанда кем дегенде әлем чемпионатының нормативін орындауға тырысамын. Қосанов мемориалынан кейін өзіме өте қатты ызалымын. Ашуым үнді елінде алтын алмайынша тарқамайды.

Тізімге қайта оралу