Ирина Эктова – Мен үшін Азия чемпионатының қоласы жеңіліспен пара-пар

13.07.2017

Әзиз ЖҰМАДІЛ  
12
Ирина Эктова – Мен үшін Азия чемпионатының қоласы жеңіліспен пара-пар Ирина Эктова – Мен үшін Азия чемпионатының қоласы жеңіліспен пара-пар

Осымен бесінші Азия чемпионатына қатысып, осы аралықта үш қолаға қол жеткізген үш қарғып секірушіміз Ирина Эктова таяуда Үндістанның Бхубанешвар қаласында өткен «Сары құрлық» додасында күміспен күптелді. Бірақ, Эктованың өзі бұған разы емес.

– Біреулер үшін Азия чемпионатының күмісі үлкен жетістік шығар. Алайда, мен үшін жеңіліспен пара-пар. Көрсеткішіме өзімнің көңілім толып тұрған жоқ. Көңіл күйім болмай тұр. Сізге де сұхбатты журналистердің еңбегін сыйлағаннан беріп тұрмын, - деп бастады Ираның өзі. – Негізі, Азия чемпионатына үлкен мақсаттармен барғанмын. Әлем чемпионатының нормативін орындап, Азияның үздігі боламын деп ойлап едім. Бесінші мүмкіндіктен кейін көш бастап, чемпиондыққа бір қадам жақын болғанмын. Бірақ Овчинникова менен озып кетті.

– Жарыс барысына қандай баға бересіз?

– Менің бір таңғалғаным, Азия чемпионатына Қытай, Жапония және Кореяның мықты атлеттері қатыспады. Тіпті, біздің бағдарламада Үндістанның үздік атлеті қатысқан жоқ. Оларда бір қыз бар. Былтыр жабық кешендегі Азия чемпионатында Ольга Рыпаковаға әжептеуір қарсылас болған. Шамасы Лондонға дайындалып жүр-ау деймін. Осы жолы оны көрген жоқпын.

– Командаласы ретінде Мария Овчинникованың нәтижесіне қандай баға бересіз?

– Маша жарады. Әлі жас қыз ғой. Оның көрсеткіштері әр турнир сайын жақсарып келеді. Ол үшін қуаныштымын.

– Енді алда қандай жарысқа қатысасыз?

– Жоспарыммен бөліскім келіп отырған жоқ. Биыл бір-екі жарысқа қатысып көруді ойлап отырмын. Болмаса келесі жылғы Азия ойындарына тыңғылықты дайындаламын.

– Ал Бхубанешвардағы Азия чемпионатын үнділер қалай ұйымдастырған екен? Көңіліңізден шықты ма?

– Үндістан дегенде көз алдымызға шыбын-шіркей, кедей-кепшік, лас бірнәрселер келеді ғой. Осы елде өткен мұның алдындағы жарыстарда шынымен де солай болатын. Сондықтан, өзімізбен бірге нешетүрлі тамақтарды, қолымызға, бетімізге жағатын майларды алып алғанбыз. Бірақ, ұйымдастыру комитеті Азия чемпионатын өте жоғары дәрежеде ұйымдастырды. Өзіміз таңғалдық. Біздің барлық күдіктерімізді жоққа шығарды.

– Ира, ал Азия чемпионатын өткізуге Қазақстанның шамасы жете ме?

– Жетеді. Бұған Өскеменде өткен Ольга Рыпакованың дәстүрлі турнирінде және Алматыдағы Ғұсман Қосанов мемориалында толық көз жеткіздік. Азия чемпионатын ұйымдастырсақ жақсы болар еді. Алматыда «Сары құрлықтың» кіл мықтыларымен тайталасып, жанкүйерлерімізге шаттық сыйлауды армандаймын.

Тізімге қайта оралу